«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Электрондық саудада сақ болған жөн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қыз­ме­тінде сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде баспасөз кон­фе­ренциясы өтті. Оған облыстық сау­да және тұтынушылардың құқықта­рын қорғау департаменті басшы­сының орынбасары Ләзім Мияшева мен облыс бойынша кәсіпкерлер және тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің төрайымы Надежда Ду­бовая қатысты.

Алғаш болып сөз алған Ләзім Мия­шева бүгінде Мәжіліс депутат­тары тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі заңды қарап жатқанын жеткізді. Өйткені соңғы жылдары ел бойынша тұтынушылар тарапынан түсетін шағымдар көбейген. Мәсе­лен, 2022 жылы департаментке 491 шағым түссе, биылғы 11 айдағы ша­ғымдар саны былтырғыға қарағанда 8,4 (бөлшек саудаға көңілі толмаған­дар саны – 41, электрондық саудаға қатысты 46, тұрмыстық қызметке қатысты 3 пайыз) пайызға артқан. Бұл – бір жағынан тұтынушылық мә­дениеттің артқанын көрсетсе, екінші жағынан кәсіпкерлердің жауапсыз жұмысының айғағы.

– Заң жобасы тұтынушыға өз құ­қықтарын қорғау үшін таңдау беруді қарастырады. Яғни тұтынушы өз шағымын бірден сотқа немесе жа­уапты органға жолдай алады. Соны­мен қатар аталған салада тұтыну­шылар құқығын қорғау жөніндегі об­дусмен тағайындау да қоғам бел­сенділерінің жұмысын ширатады. Туризм, тұрғын-үй коммуналдық ша­руашылығы, көлік қызметі, байланыс, мәдениет салаларында да тұтыну­шылардың құқығына мән беріледі. Заң жобасында зардап шеккен тұты­нушы пайдасына кәсіпкер есебінен айыппұл төлету ұсынылған, – деді Ләзім Мияшева.

Соңғы кезде онлайн-сауданың етек алуына байланысты сату платформаларына қатысты түсетін ша­ғымдар көбейген. Жыл басынан бері департаментке осы салаға қатысты 246 өтініш түскен. Депар­тамент мамандары “Wildberries” мар­кетплейсінің 72 сатып алушысына жалпы көлемі 2,7 млн. теңге ақша­сын қайтарып алуға кө­мектескен. Онлайн сауда бары­сында басқа­лардың қалтасын қаға­тын алаяқтық жағдайлар да кезде­сіп жатады екен. Мұндайға ұрынбау үшін де­партамент басшысының орынба­сары тауар сатып аларда сатушы­ның парақшасын мұқият қа­рауға, сенімсіз адамдарға ақша ау­дар­мауға, жеке деректерді бермеуге кеңес береді.

Соңғы жылдары тұтынушылар­дың шағымдарының көбейіп келе жатқанын Надежда Дубовая да растап отыр. Ол жетекшілік ететін ұйымға жыл басынан бері жалпы құны 14,6 млн. теңге болатын 231 өті­ніш түскен. Оның 80 пайызы сотта, сотқа дейін, медиаторлардың қаты­суымен шешілсе, 28-і соттың қара­уында жатыр.

– Түсетін шағымдардың 40 па­йызы тұрмыстық техника, 35 пайызы жиһаз, 10 пайызы азық-түлік, 3 па­йызы коммуналдық қызметтер, 2 па­йызы косметика мен парфюмерияға қатысты. Электронды саудаға көңілі толмайтындар да көп. Кей жағдай­ларда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Онлайн сауда жасайтын кей сатушылардың әрекетінен қылмыстық құқық бұзу­шы­лықтың белгілері байқалып қала­ды. Интернет арқылы тапсырыс бер­ген тауарды курьер немесе пошта арқылы алған кезде бірден тексеріп, қабылдау актін толтыру керек, – дей­ді Надежда Дубовая.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp