«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫҢ АҚЫЛШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Білім беру саласында тәжірибелі де білімді, кәсіби білікті ұстаздар аз емес. Солардың бірі – Талғат Рамазанов. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Талғат Сәкенұлы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстаздың өмірі – жас мамандарға өнеге.

Ол – Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының тумасы. Әкесі – Сәкен Рамазанұлы өмір бойы ұстаздық қызмет атқарса, анасы – Байни Шаймерденова 6 баланың тәрбиесін қадағалап, өсіріп, жеткіз­ді. Аяулы анасы мен асқар таудай әкесі балаларының білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Сәбилерінің ортан­шы­сы – Талғат Сәкенұлының бола­шағына зор үмітпен қарады. Жас­тайынан білімге құштар Талғат Сә­кенұлы ата-анасының сеніміне сел­кеу тү­сірген емес. Ұстаздық еңбек жолын 1995 жылы кіндік қаны там­ған ауылындағы мектепте тарих пә­нінің мұғалімі қызметінен бастайды. “Жас келсе – іске” дегендей, аз ғана уақытта жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдіктің қыр-сырын үйреніп, білімі мен талабының арқасында әріптестерінің құрметіне бөленді. Осылайша мектеп табалдырығын имене аттаған жас маман аталған білім ордасында 31 жылға жуық ұстаздық қызмет атқарды. Оның байсалды мінезі, талапшылдығы, сабырлы қалпы, жүректі баурар адамгершілік қасиеттері оқушы­лардың көкірегіндегі шамшырақ отын жақты. Шәкірттерінің талайы өзі секілді қа­сиеттерге ие болды. Жас ұрпақты өмірден адас­пай өз жолын табуға ынталандырған ұстаздың еңбегі зор.

Осы жылдар ішінде “Дайын­дық” ЖШС-ның директоры Біржан Шай­мерденовпен тығыз жұмыс істей оты­ра, мектепке көп инвестиция тарт­ты. Әлеуметтік серіктестікті нығайтудың арқасында мектеп тарихында болмаған спорт зал, шағын орталық, бастауыш сы­ныптарға арналған бөлек ғимарат салынды. Барлық оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Осы жетістіктер екі басшының түсінісе жұмыс істеуінің арқасы деп білеміз.

Бір ұжымда 31 жыл еңбек еткен ол оқушылары мен мұғалімдерінің жетістіктерге жетуіне, мектепішілік, аудандық, облыстық, республи­ка­лық сайыстарда мектептің абыройы асқақтауы үшін барлық жағдайды жасап жүр. Мектеп оқушылары ұлт­тық спортпен шұғылданады. Рес­публикалық сайыстардың жеңім­паз­дары аз емес. Өнерге де көп көңіл бөле­ді. Мектепте “Болашақ” домбы­ра­шы­лар тобы құрылып, олар көрермендерді қуан­тып ке­леді.

Білім беру саласында көп жыл­дар бойғы үздіксіз қызметі үшін “Қа­зақстан Республикасы білім және ғылым саласының үздік қызметкері” төсбелгісімен, Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасының, Аққайың ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Талғат Рамазанов қоғамдық жұмысқа да белсенді ара­ласады. Екі рет аудандық мәсли­хаттың депутаты болып, жерлес­терін тол­ғандырған мәселені шешу­ге зор үлес қосты.

Содан бері біраз уақыт өтті. Зы­мырап бара жатқан уақытты қуып жету мүмкін емес. Әріптесіміз бойын­дағы сол бір жастық жігердің оты сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетіп келеді. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылы­ғы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелен­діреді. Оның қайсар мінезі, ақжар­қындығы мен қызме­тіне деген адал­дығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Талғат Рама­зановтың қазақтың қара домбы­расымен ән шырқайтын өнері де бар. Мектепішілік іс-шара­лардың белді мүшесі. Жас мамандардың оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза бі­летін қамқор ұстаз.

Жүрегі шәкірт деп соққан ұстаз – отбасында да қадірлі жар, асқар тау әке, ардақты ата. Зайыбы екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп, өсірген. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өне­гелі отбасы бүгінде немере сү­йіп, ұрпақ қызығына бөленіп отыр.

Самал НҰРМАХАНБЕТОВА,

Дайындық негізгі мектебінің мұғалімі.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp