Қазіргі таңда азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын сотта қорғауда мүмкіндіктері мол. Соның бірі – мейлінше ашықтықты және қолжетімділікті жан-жақты қарастыратын жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялардың енгізілуі. Мұндай тың өзгерістер сот төрелігін қамтамасыз етудің барлық кезеңін, яғни сотқа құжат тапсырудан бастап шешім мен атқару парағын қолға алған уақытқа дейінгі аралықты қамтиды.
Оның бір мысалына қолданыстағы негізгі құрал ретінде “Сот кабинеті” ақпараттық сервисін атауға болады. Ол электрондық жүйе негізінде сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жеделдігін арттыруға бағытталған. Енді кез келген адам уақытын үнемдей отырып, интернет желісі арқылы онлайн режімде сотқа электронды түрде талап арыздарды, сондай-ақ, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдап, істің қаралу барысын бақылаумен қатар барлық арыз түрлерін электронды түрде тапсыра алады. Сандық электронды қолтаңбасы бар азаматтардың да талап арыздарын, шағым мен наразылықтарын тапсыруына болады. Бұдан бөлек, сот құжатын қарап, істің тарихымен, деректермен танысып, сот актісін басып шығаруға да құқылы.
Бүгінде сот процестері бейне жазба арқылы өтетіндіктен, дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталған. Бейнетаспаны монтаждау мен өзге әрекеттер жасауға жол берілмейді. Өйткені сот процесі басталған уақытта бейнежазу құрылғысы іске қосылып, басталған және аяқталған уақыты толық көрініп тұрады. Бұл – сот процестерінің белгіленген уақыттан кешіктірілмей басталуына үлкен сеп.
Сотқа қатысқан тараптар “Сот кабинеті” арқылы сот отырысының қағаз бетіне түсірілетін хаттамаларын алмастыратын жазбасын тыңдап, қарап, электронды нұсқасын көшіріп ала алады. Сот отырысының таспаға жазылуы ең бірінші кезекте сотқа қатысушы тараптардың тәртіптілігін арттырады және жемқорлыққа қарсы өміршең тәсіл болып саналады.
Сервистердің тағы бір түрі – сот отырыстарын бейнеконференц-байланыс арқылы қашықтан өткізу тәжірибесі енді. Мұның қаржылық шығынды азайтып, сот отырыстарын кейінге қалдырмай, шұғыл түрде қарауға әсері мол.
Сотқа талап-арыз өткізген тарап “Сот құжаттарымен танысу” сервисі бойынша қолма-қол құжаттың тіркелгендігін растайтын түбіртекті заматта рәсімдейді. Сот істерін қарау кестесі, электронды шақыру қағазы секілді сервистер кез келген адамның мобильді түрде ақпараттармен танысуына ықпалы зор.
Сот процестерінің ашықтығы мен айқындығы, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігі, қолжетімділігі электронды инновациялық жүйені одан әрі дамытуға түрткі болары анық. Ал ақпараттық сервистерді қолдану сот кеңсесі қызметкерлерін ғана емес, сотқа жүгінетін адамдарды да қағазбастылықтан арылтып, соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға үлкен серпін берері сөзсіз.
Айбек ДҮЙСЕНБЕТОВ,
Петропавл қалалық №2 соты әкімшісінің басшысы.