Елімізде заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру жолында маңызды қадамдар жасалып жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылады.
Алайда атқарылып жатқан кешенді шараларға қарамастан жемқорлықтың әлі де қоғамның дамуына тежеу болып тұрғаны рас. Оның індет деп аталуының да сыры осы. Лауазымды қызметтің тұтқасын ұстап отырған кей шенеуніктердің қазынаның қаржысын жымқырғандарын естігенде бұл індеттен қашан айығамыз деген ой маза бермейді.
Барша адамзатты алаңдатып отырған жемқорлықтың тамырына балта шабуда бірде-бір қазақстандық шет қалмауы тиіс. Мемлекет басшысы бұл дертті бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп еңсеруге шақырды. Бұл орайда қоғамдық бақылауды күшейтумен қатар өскелең ұрпақ оның құрбаны болмауы үшін үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізудің маңызы зор. Келер буынды бұл кеселден қорғауымыз керек.
Мен өзімнің кітапханашылық қызметімде осы тақырыпқа жіті назар аударып отырамын. “Біз жемқорлыққа қарсымыз!”, “Болашақты жемқорлықсыз құрамыз!”, “Адал өмір сүреміз!” сияқты жүйелі түрде ұйымдастырылатын іс-шаралар мен “дөңгелек үстелдер” әңгіме-диалог түрінде өткізіледі. Осылайша оқырманға жемқорлықпен күрестің маңыздылығын түсіндіремін. Талқылау сағаттарына оқырмандарымыз бен аға буын белсене қатысады.
Әлия ҚОСПАНОВА,
Ақтас ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Есіл ауданы.