“Amanat” партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы қызметін күнтізбелік жұмыс жоспарына сәйкес үйлестіруде. 13 аудандық филиалға бағынысты құрылымдар да осы үрдісте қызмет ете отырып, жыл басынан бері 87 отырыс өткізді. Оның қорытындысы бойынша 372 ұсыным әзірленіп, бүгінге дейін 79 пайызы орындалды. Талдау көрсеткендей, сапалы ауызсумен қамту, жолдарды қалпына келтіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмысқа орналастыру салалары бойынша өтініш-тілектер жиі айтылады. Осы себепті түйінді мәселелерді қысқа мерзімде шешу жолында қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, азаматтарға консультативтік, құқықтық, өзге де көмектер беру тәжірибелері жиі қолданылады. Анықталған проблемалық жайттар тиісті орындарға жолданып, тұрақты бақылауға алынады. Былтыр республикалық ұйымның бақылау комитетінің отырысында өңірдегі елді мекендерге тіршілік көзін жеткізудің түйінді мәселелері талқыланды. Есіл топтық су құбыры желілерінің басым бөлігінің тозығы жеткені, Қаржы министрлігі тарапынан қаражаттың уақытылы бөлінбеуінен жобалау-сметалық құжаттамаларға сараптама жасау мерзімі тым ұзаққа созылып кететіні айтылды. Алқалы басқосуда әбден ескірген құбырлар толық жаңаланатын болып шешілді. Партиялық бақылау комиссиясының араласуымен Преснов топтық су құбыры іске қосылып, 23 мыңнан астам тұрғыны бар 12 ауылда сумен жабдықтау жақсарды.
Бүгінде партиялық бақылау жүйесінің аясы кеңейген. 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша “Жол картасына” мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобының, салынып және жөнделіп жатқан әлеуметтік объектілердегі партиялық бақылау бекеттерінің, азық-түлік, дәрі-дәрмек бағаларын бақылауды қадағалайтын мониторингтік топтардың есептері жүйелі түрде тыңдалады. Комиссиялардың құрамы тың күштермен толығып, әлеуметтік желілердегі жұмысы жандандырылды. Резонанстық сипаттағы мәселелер басты назарда ұсталады. Желтоқсан айында күннің күрт суытуына қарамастан комиссия мүшелері мен мониторингтік топ өкілдері өз істерін жалғастырып, 31 нысанды аралады. Сонымен бірге “Жол картасы” шеңберінде тұрғызылып жатқан объектілерде жұмыс істейтін партиялық бақылау бекеттерінің қызметімен танысты.
Жұмысымыз көп қырлы. Оның уақыт ағымына қарай жетілдіріліп отыратыны түсінікті. Партиялық бақылау жүйесі 2008 жылы құрылып, содан бері саяси ұйымның белсенді қолдаушысына, сенімді көмекшісіне айналды. Басты міндеттердің бірі – әлеуметтік маңызы бар бағдарламалардың орындалуына белсене атсалысу. Басқа да атқарылатын шаралар іс-қимыл жоспарында нақты көрсетілген. Көктемгі су тасқыны кезінде гидроэлектростанциялардың, бөгеттердің, адамдарды қауіпсіз жерлерге қоныстандырудың дайындығы, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз орта құру, партиялық бақылауды ұйымдастыру және партияішілік тәртіпті нығайту, тағы басқа мәселелер бойынша 16 отырыс өткізіліп, қаулылар мен ұсынымдардың 53-і шешімін тапты.
Десек те комиссияның басым бағыттарының бірі партияның сайлауалды уәделерінің уақытылы және сапалы орындалуын бақылау болып қала береді. Бес жыл ішінде солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 120 іс-шара жоспарланған. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде пайдалануға берілетін объектілерде 99 пост жұмыс істеп, бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. Олардың қорытындылары апта сайын шығарылып, мүдделі орындардың есептері тыңдалады. Кезекті рейд барысында Жамбыл ауданына қарасты Пресновка кентінде “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының ұзаққа созылып кеткені анықталды. Жобаның құны – 330 млн. теңге, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына 272,5 млн. теңге бөлінген. Мердігер ұйымның кінәсінен жұмыс іс жүзінде тоқтап, айыппұл санкциялары салынған. 2022 жылдың тамызында осында партиялық бақылау бекеті ашылып, бастапқы жұмыстар қайта жалғасқанымен, сот шешімі бойынша нысанды тапсыру мерзімін кешіктіргені үшін мердігермен келісімшарт бұзылды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарымен “Петробуильдинг” ЖШС айналысады. Аумақты абаттандыру аяқталды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан жыл аяғына дейін тапсырылады. Аманаттықтар осындағы жұмыс барысына күнделікті мониторинг жүргізеді.
Партиялық бақылау комиссиясы жұмысының бір буыны азық-түлік, дәрі-дәрмек және жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуін еңсеру болып табылады. Үстемеақының 15 пайыздан асып кетуіне жол бермеу – басты мақсатымыз. Осыған орай сауда, дәріхана желілері мен жанармай құю станцияларына бірнеше рет рейд ұйымдастырылды. 1062 нысан тексеріліп, оның қорытындылары әлеуметтік желілерде жарияланды. Науқасқа бірінше кезекте қажетті кей дәрілік препараттардың болмауы, коммерциялық бағамен сату фактілері кездесті. Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиямен де өзара тығыз байланыстамыз.
Партиялық бақылау комиссиясы өзекті мәселелерге жедел ден қойып, шешім қабылдап отырады. Азаматтарды қабылдау, қоғамдық тыңдау барысында көтерілген проблемалар ескерусіз қалмайды.
“Amanat” партиясы жарғысының 3.8-тармағын бұзғаны үшін Ақжар ауданы Талшық ауылдық округі әкіміне сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдану, 2 адамға ескерту, 1 адамға сөгіс, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін 4 адамды партия қатарынан шығару ұсынылды.
“Amanat” партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді тиімді орындау үшін жүйелі жұмыс істеп жатыр.
Ерлан АЛПЫСОВ,
“Amanat” партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.