2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудан бизнес иелері мен олардың жұбайлары өтуге тиіс. Бұл ретте кәсіпкерлік қызметтің ауқымы, кіріс мөлшеріне қарамастан декларацияны барлығы толтыруға міндетті.
Салық салу – бұл мемлекеттік басқарудағы басты функциялардың бірі. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кіретін бірінші жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылады (нысан 250.00). Екінші жылдан бастап кірістер мен мүліктер жөнінде декларация ұсыну қажет (нысан 270.00). Бұл ретте, жалпыға бірдей декларациялау бір жолғы емес, жыл сайын ұсынылатынын атап өткеніміз жөн.
Сондай-ақ декларацияны қызметін уақытша тоқтатқан және мүлдем тоқтатқандар да ұсынуға тиіс екендігін естен шығармау қажет. Бизнес иелері жеке кәсіпкерлікті алдын ала жабу немесе декларация ұсынуы қажет. Бұл талап филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына қолданылмайды.
Декларацияның үлгі нысаны Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтында “Жалпыға бірдей декларациялау” бөлімінде және Салық төлеушінің кабинетінде “Салық есептілігінің нысандары” бөлімінде орналастырылған.
Декларацияны екі форматта – қағаз және электрондық түрде беруге болады. Бірінші жағдайда декларациямен Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға немесе тапсырыс хатпен мемлекеттік кірістер департаментіне жіберуге рұқсат етіледі. Электрондық түрдегі декларациялар Салық төлеушінің кабинеті, “eGov” порталы, сондай-ақ, “eSalyq Аzamat” және “eGov mobile” қосымшалары арқылы қабылданады.
Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсыну қажет. Декларацияда мүлікті сатып алу және сату, оны сыйлыққа немесе мұраға алу, сондай-ақ, ел аумағынан тысқары мүлікті қоса алғанда, мемлекеттік немесе басқа тіркелуге тиіс мүлік туралы ақпаратты көрсету керек. Мұндай мүліктер тізбесіне, мыналар кіреді:
– жылжымайтын мүлік және жер телімдері, Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі жер үлестерін қоспағанда;
– көлік құралдары: Қазақстан аумағынан тыс жерлерде ұшақ, кеме, автомобиль, мамандандырылған техника;
– шетел компаниясындағы үлес ;
– тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үйлердегі үлестер;
– зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
– инвестициялық алтын;
– бағалау құны болған кезде құны 1 000 еселенген АЕК-тен асатын өзге де мүлік;
– егер олар жиынтығында 1 000 еселенген АЕК-тен асатын болса, Қазақстан аумағынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша;
– 1 000 еселенген АЕК шегінен аспайтын сомадағы қолма-қол ақша;
– нотариат куәландырған қарыз шарттары. Мұнда қарызды берген тұлға мен қарыз алушы есеп беруге тиіс.
Жалпыға бірдей декларациялауға қалай дайындалу қажет:
– егер сізде 10 000 АЕК-тен асатын мөлшерде ақша қаражаты бар болса, онда банкке салыңыз, осылайша ол бастапқы декларацияда көрінетін болады;
– егер сізде жұмыс істемейтін ЖШС немесе ЖК бар болса, онда оны жабуға тырысыңыз;
– егер жеке тұлғалардан алатын қарыздарыңыз болса, онда мұндай қатынасты 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ресімдеп алыңыз;
– егер сіздің құны1000 АЕК-тен асатын мүлігіңіз бар болса, бағалауды 2023 жылғы 31 желтоқсанға декларация беру мерзіміне дейін жүргізу қажет;
– егер сіз 2024 жылы ірі сатып алуды жоспарласаңыз, онда оны декларацияда қалай көрсететініңізді анықтап алыңыз.
Дина ТІЛЕУБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі басқармасының басшысы.