Тарихы тереңнен тамыр тартқан, бірақ біздің елде соңғы жылдары ғана қанатын кеңге жая бастаған жекпе-жек түрлерінің бірі – джиу-джитсу. Бұл ерекше спорт Үндістанда пайда болғанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін ұрыс тәсілдері Жапония мен Бразилия елдерінде түрленіп, жаңаша дамығанын айта кеткен жөн. Біздің облыста джиу-джитсу федерациясының филиалы жұмыс істейді. Жақында сәті түсіп, аталмыш спорт түрінен өңіріміздің аға жаттықтырушысы Тимур Букинді әңгімеге тарттық.
– Тимур Әлібекұлы, джиу-джитсудың екі түрі бар екені мәлім. Жапониялық және бразилиялық жекпе-жек түрінің айырмашылығын айтып берсеңіз.
– Джиу-джитсуды осыдан төрт ғасыр бұрын будда монахтары ойлап тапқан. Олар бұл жекпе-жек түрін қарақшылардан қорғану мақсатында пайдаланған. Кейін аталмыш дін Азия құрлығына таралып, Жапония халқы да жаудан қорғану үшін бұл өнерді меңгеріп, кейін өздерінше түрлендірген. Ал бразилиялықтар оны спорт түрі ретінде дамытып, жаңа айла-тәсілдер енгізген.
Жапониялық және бразилиялық джиу-джитсудың айырмашылығы бар. Мәселен, азиялықтар аяқпен де, қолмен де соққы жасайды. Ал бразилиялықтар бұл спорт түрінде тек күрес тәсілдерін қолданады. Сондықтан жарыстар екі бөлек өткізіледі.
– Джиу-джитсу спорты біздің өңірде қашаннан бері қолға алынды?
– Джиу-джитсумен алғаш айналысқандардың басым бөлігі – АҚШ-та оқыған студенттер. Көбі елге оралған соң шәкірт тәрбиелей бастады. Ақырындап бұл спорт түрі біздің елімізде де дами бастады. Өз басым джиу-джитсумен 2014 жылдан бері айналысамын. Бастапқыда турнирлерде 50-60 спортшы ғана болатын. Қазір балалар да, ересектер де бұл жекпе-жекке қызығушылық танытуда. Қазір республикалық сайыстарда 600-ге жуық спортшы бақ сынайды.
Осыдан 15 жыл бұрын елімізде джиу-джитсу мен панкратион федерациясы құрылды. Кейін Қазақстанның әр өңірінде филиалдары ашыла бастады. Әуелде спортшылар қатарынан жоғары санаттағы бапкерлер даярланды. Мен де осы қатарға ену үшін емтихан тапсырдым. Сынақта джиу-джитсуда қолданылатын тәсілдерді көрсетіп, спаррингтер өткіздік. Біздің өңірде федерацияның филиалы 2022 жылы құрылды. Сол уақыттан бері спортшыларымыз AJP халықаралық турнирлеріне қатысып келеді. Жарыстардың дені еліміздің ірі қалаларында өткізіледі.
– Облыста джиу-джитсумен неше адам айналысады?
– Өңіріміздегі джиу-джитсу үйірмесіне 100-ге тарта адам барады. Оның тең жартысы – мектеп жасындағы оқушылар. Шәкірттеріміздің орта жасы жиырмада. Әзірге жаттығатын жеке залымыз жоқ. Мектептердегі спорт залдарын жалға алып, сонда дайындаламыз. Жаттығулар кешкі уақытта өткізіледі. Үш бапкеріміз бар. Барлығы да – жоғары санаттағы мамандар.
Джиу-джитсу біздің өңір үшін танымал спорт түрі болмағандықтан, оны дамыту мақсатында жиі-жиі жарыстар ұйымдастырамыз. Аралас жекпе-жекте бақ сынап жүрген тәрбиеленушілеріміз де қатысады. Әрине мұндай сайыстарға қатысу үшін күреспен қатар кудоның да әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Осылайша балалар екі бірдей спорт түрін меңгере алады.
– Бір жылдан астам уақыт ішінде қандай нәтижелерге қол жеткізе алдыңыздар?
– Еліміз бойынша джиу-джитсудан жыл сайын ондаған турнир өтеді. Олардың барлығына қатысуға тырысамыз. Бүгіндері бұл спорт түрінен спорт шеберлігіне үміткерлеріміз бар. Олардың саны – алтау. Биыл барлығы да республикалық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бахтияр Сейтахметов, Максим Паскаль мен Әділ Жұмабековтер ел көлемінде өткен жарыстарда екінші, үшінші орын иеленді. Георгий Харачиди есімді шәкіртіміз жеңіс тұғырынан көрінді. Биыл Артем Михайлов пен Демир Ахметжанов ел біріншілігінде жүлдегер атанды. Бұл аз уақыттың ішінде жеткен жоғары көрсеткіш деп білемін. Алдағы уақытта халықаралық додаларға қатысамыз.
Бұдан бөлек, өзіміз облыста биыл үш турнир ұйымдастырдық. Көрші облыстардан спортшылар келіп, бақтарын сынауға мүмкіндік алды. Біз олармен тәжірибе алмасып, келесі жарыстарға дайындығымызды шыңдай түстік.
– Облыстағы джиу-джитсу федерациясын кім қаржыландырады?
– Басқа спорт үйірмелеріндегідей келетін балалар арнайы ақы төлейді. Біз бұл ақшаны спорттық жабдықтар сатып алуға және өзге қалаларға барып келу шығынына жұмсаймыз. Ал турнирлерді ұйымдастыруға облыстық спорт басқармасы көмектеседі. Олар берген қаржыны жалға алынған спорт зал үшін төлейміз. Федерация аяққа нық тұрғаннан кейін жағдайымыз түзеледі деген ойдамыз. Қазіргі басты мақсат – облыстағы спортшыларды жаттықтырып, деңгейлерін көтеру.
– Әңгімеңізге рақмет!
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.