«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІРТКІ САУДАСЫ ЕТЕК АЛЫП ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов үстіміздегі жылы жүзеге асырылған қылмысқа қарсы күрес шаралары және құқық бұзушылықтың алдын алу туралы баяндады.

Тәртіп сақшыларының негізгі міндеттерінің бірі – қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету. Облыс полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстардың жолын кесу мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып келеді. Бүгіндері Петропавлда “SOS батырмалары” жұмыс істесе, “102” мобильді қосымшасы арқылы тұрғындардың өз өтініштерін қашықтан қалдыруға мүмкіндіктері бар.

Айдын Тоқтарұлының айтуынша, қалада 11 “SOS батырмасы” бар. Бұл қондырғылар халық көп жүретін орындарға орнатылған.

– “SOS батырмасы” бейнебақылау камераларымен, микрондармен және динамиктермен жарақтандырылған. Батырманы басу арқылы тұрғындар полицейлердің көмегіне жүгіне алады. Жыл басынан бері қалалықтардан 18 өтініш түссе, 1 хабарламаның арқасында қылмыстық іс қозғалып, 9 өтініш бойынша әкімшілік материал жиналды. Сондай-ақ, “102” мобильді қосымшасы да өз көмегін тигізіп келеді. Бұл жүйе арқылы полицияға 200-ден астам адам хабарласқан. 149 өтініш хат негізінде әкімшілік хаттамалар толтырылды, – деді Айдын Қабдұлдинов.

Петропавлдағы 9 мыңға жуық бейнебақылау камерасы полицияның бақылауында. Олардың барлығы жедел әрекет ету басқармасы арқылы басқарылады.

– Биыл бейнебақылау камераларының көмегімен 564 қылмыс пен 18 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Алдағы уақытта бұл қондырғылардың санын арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстың бас полицейі.

Отырыста ведомство бастығы облыста есірткі саудасына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілгенімен, биыл бұл салада құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға өскенін жеткізді.

Жыл басынан бері өңірде есірткі саудасына қатысты 254 құқық бұзушылық анықталған. Оның 105 фактісі – заңсыз синтетикалық нашаны өткізуге қатысты.

– Соңғы жылдары есірткінің синтетикалық түрін өткізу фактілері жиіледі. Сондай-ақ оларды интернетте жарнамалау деректері тіркелуде. Биыл 700 килограмм есірткі заңсыз айналымнан шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын табады. Бүгіндері нашаны жарнамалап, саудалайтын сайттардың 203 сілтемесін бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хат жолданды, – деді Айдын Тоқтарұлы.

Облыста тіркелген қылмыстардың 27 пайызы интернет алаяқтыққа қатысты. Өңірде соңғы 11 айдың ішінде киберқылмыстың 716 фактісі анықталып, келтірілген шығын көлемі 800 млн. теңгеден асқан. Оның 29 млн.-ы иелеріне қайтарылыпты. Бас полицей алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің алдын алу үшін профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін айтты. Осындай жұмыстың нәтижесінде өңірдің 720 тұрғыны қылмыскерлерге тойтарыс берген.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp