«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еңбек демалысында сақтандыру мәртебесі сақтала ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отыз күннен асатын жыл сайынғы демалысқа шыққан азаматтардың басым бөлігі сақтандырылу мәртебесінен айрылғандарын айтады. Оған бірден-бір себеп – жарналар әр айға жеке-жеке түсуі керек. Ал жұмыс беруші төлемнің дұрыс жасалғанына сенімді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары жағдайды жан-жақты жіктеп, түсіндіріп берді.

2023 жылдың 1 маусымынан бастап қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы сұрақтармен 1414 қысқа нөміріне хабарласып, кеңес алуда. Оның нәтижесінде қабылданбайтын қоңыраулар саны 15 есе – 489,5 мыңнан 31,6 мыңға дейін қысқарды. Бұл ретте жауап берілген қоңыраулардың үлесі 2,4 есе өсті: бұрын ол 37 пайызды құраса, қазір 88,5 пайызға жетіп отыр.

– 1414-ке көшу кезінде қоңырау шалушыларды толық қамтып, жауап күту уақытын 5 минуттан 18 секундқа дейін қысқарту міндеттері қойылды. Яғни көрсеткіш 16 есе жақсарды деуге болады, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департаменттің директоры Забира Оразалиева.

Спикердің айтуынша, адамдар көбіне мәртебесін тексеру немесе оны алу жолдарын сұрау үшін хабарласады. Мысалы, жазда және қараша айында 30 күннен астам еңбек демалысына шығатын мұғалімдер мен дәрігерлер мәртебелерін қалпына келтіру жолдарын сұрап жүгінген. Яғни мекеме бухгалтері демалысқа кеткен айға ғана жарна төлеп, келесі айда берешек қалыптасқан.

Бұл жағдайда не істеу керек? “МӘМС туралы” Заңға сәйкес, сақтандырылу мәртебесін алу үшін өткен немесе алдағы 12 айға төлем болуы керек. Ал мәртебені сақтау үшін ай сайын үзбей жарна төлеп тұру қажет.

Егер бір айды болсын өткізіп алса, қызметкер мәртебесін жоғалтады. Егер еңбек демалысы 30 күннен артық болса, МӘМС жарналары мен аударымдарын әр айға жеке-жеке төлеу керек.

Еңбек кодексінің 90-бабының 1-тармағына сәйкес, демалыс күндерін есептеу кезінде әр айдың күнтізбелік күндері ескеріледі. Тиісінше, аударымдар мен жарналар әр айға есептеледі. Еңбек демалысы бір айдан асса, МӘМС төлемдерін кезеңдер бойынша бөлу қажет. Яғни еңбек демалысы күндерін есептеу кезінде әр айдың күнтізбелік күндері ескеріледі. Сондықтан аударымдар мен жарналар әр айға түсуі керек.

Қызметкер шілде және тамыз айларында 45 күнге демалысқа шықты делік. Еңбек демалысын есептей келе оған 11 мың теңге көлемінде жарна төлейді. Бұл жағдайда жұмыс беруші 1С бағдарламасында немесе клиент банкінде төлемдерді бір сомамен емес, төлем тапсырмасына тізілім қосымшасында бір қызметкердің деректерін екі рет, бірақ жолдарды қосу арқылы әр түрлі кезеңдермен есептеп төлеуі қажет. Ол былай жазылады: Қызметкердің аты-жөні, сомасы – 5500 теңге, кезең – 2023 жылдың шілдесі. Қызметкердің аты-жөні, сомасы – 5500 теңге, кезең – 2023 жылдың тамызы.

Бұл алгоритм 1С бухгалтерия бағдарламасында іске асырылды. 2020 жылдан бастап “Профессионально PRO1C” порталында түсіндірмелер бар. Бұл ақпаратты қызметкерін ұзақ демалысқа жіберетін жұмыс берушілер назарға алуы тиіс.

Еңбек демалысына шыққан барлық айларға жарна төленбесе, жұмыс беруші қате төленген аударымдар мен жарналарды қайтарып, жоғарыда көрсетілген алгоритмге сәйкес төлем жасай алады.

Бұдан бөлек, жұмыс беруші ұзақ еңбек демалысына шыққан қызметкер үшін ең төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде дербес төлеуші ретінде МӘМС жарналарын төлеу мүмкіндігіне ие. (2023 жылы – айына 3500 теңге).

Қор мамандары атап өткендей, 11 айдың жұмыс қорытындысы бойынша демалысқа шығатын адамдардан да өтініштер көптеп түседі. Яғни олар үшін МӘМС жүйесіне 12 айға төлем жасалмағандықтан, сақтандырылу мәртебесі болмайды. Жұмыс беруші ол үшін 12-ші төлемді жіберген кезде ғана мәртебе беріледі.

Сақтандыру мәртебесін мынадай жолдармен тексеруге болады:

– “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы;

– “ fms.kz” ресми сайты;

–“Telegram”-дағы “@SaqtandyrýBot”;

– 1414 байланыс орталығы;

– “Damumed” мобильді қосымшасы;

– “Halyk” мобильді қосымшасы

– “BCC.KZ” мобильді қосымшасы;

“Kaspi.kz” мобильді қосымшасы;

–“egov.kz” электрондық үкімет сайты – “Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру” мемлекеттік қызметі арқылы.

Қарлығаш ІЛИЯСОВА,

“Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ-облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp