Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың бір топ тұрғынын қабылдап, мәселелерімен жете танысты.
Саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған еңбек ардагері Саттар Мусин тірек пункттері ғимараттарының басым бөлігі тозғанын айтты.
“Учаскелік полицейлерге талапқа сай жағдай жасалуы керек деген ойыңызды құптаймын. Облыс орталығындағы 13 тірек пунктін жөндеуге 30 млн. теңге қажет. Дәретханалар да далада орналасқан. Екі жылдың ішінде қалпына келтіруге тырысамыз”, – деді Ғауез Торсанұлы.
“Қызылжар орманы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рустам Жүсіпбеков қала инфрақұрылымын жақсарту, “Орман” шағынауданын абаттандыру ісін жандандыру жайына тоқталды.
“Шағынаудан жарықпен толықтай қамтылмаған. Мектеп пайдалануға берілсе, оқушыларға қиын болады”, – деді әкімнен көмек сұраған қоғамдық бірлестік жетекшісі.
Өңір басшысы Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевке осы мәселелерді жұмыс жоспарына енгізіп, тиянақты шешуді тапсырды.
Серік Мақсұтұлы үш көше жөнделгенін, ауқымды жоба аясында коммуникация жүйелері тартылып болғаннан кейін көшелердің толықтай жарықтандырылатынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келген Жұмысшы кентінің тұрғындары Алена Просветова мен Вадим Курамшин апатты үйлердің проблемасын көтерді.
“Сіздер кешенді түрде шешілетін өзекті жайтты қозғап отырсыздар. Қазіргі уақытта қаланың өзінде ғана 28 апатты және 200-ден астам тозығы жеткен баспана бар. Реновация бағдарламасы шеңберінде инвесторлар 3 көпқабатты үй салды. Қала басшылығына тозығы жеткен үйлерді бұзып, көпқабатты үйлер салуды қолға алатын инвесторлар іздеуді жүктеймін.
Мұндай дәстүрлі кездесулердің халықтың көкейінде жүрген мәселелерді біліп, бірлесіп шешуге әсері мол”, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.