Жаңа жыл – барша бүлдіршіндердің асыға күтетін сүйікті мерекесі. Бұл мейрамның жылдан-жылға жалғасып келе жатқан игі дәстүрлері бар. Мереке жақындаған сайын балалар өз тілектерінің орындалуын қалап, үлкендерден сый-сияпат күтеді. Желтоқсан айының соңында түрлі мерекелік кештер мен арнайы концерттер ұйымдастырылады. Сол шаралардың ішінде ең ерекшесі – әр бүлдіршіннің арманы болған Президент шыршасы. Оған оқу мен өнерде, спортта жетістікке жеткен үздік оқушылар қатысып, ел Президенті атынан ұйымдастырылған мерекелік шараның қонағы болады. Биылғы шара Оқушылар сарайында өтті. Облыстың барлық ауданы мен Петропавл қаласынан жиналған 200 бүлдіршінді Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
“Қымбатты балалар, құрметті ата-аналар мен педагогтар, ел Президентінің шыршасына қош келдіңіздер! Сіздерді Мемлекет басшысының атынан келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бүгін күллі ел бойынша өздеріңдей үздік оқушылар шыршаның маңына жиналып, мейрамды қарсы алуда. Бүгінде сіздерге білім алып, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан да ерінбей оқып, биік жетістіктерге жету керек”, – деді өңір басшысы.
Жаңа жылдық мейрамға озат оқушылар, олимпиадалардың жүлдегерлері, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан сәбилер, жетiм және мүгедек балалар қатысты. Әрқайсысы мектеп формасын түрлі жаңа жылдық костюмдерге ауыстырып, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ олар шытырман оқиғаға толы сиқырлар әлеміне саяхат жасады.
– Біз бұл жолы шығармашылыққа, спортқа әуес, білімге құштар балалардың басын қосуға тырыстық. Олар үшін екі күннен бері арнайы бағдарлама ұсынылуда. Мұражайларға саяхат жасадық. Кешкі сауықтыру бағдарламасына қатысқандар ерекше көңіл күйге бөленді, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Зәмзәгүл Тұрлыбаева.
Шыршаның кiшкентай қонақтарына Мемлекет басшысының атынан тәттілер мен кітап және планшет сыйға тартылды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.