Өмірге келген әр адам ес білген сәттен бастап өз бақытын іздеп аласұрады. Әркімге бақыт та, өмірдің мәні де әртүрлі. Содан да болар адамзат әлі күнге дейін бақыт дегеннің не екеніне дәл анықтама бере алмай келеді. Кейде өмірдің өзін түсіну қиынға соғып кетеді. Бірде аяқ астынан орын алған қуанышты көтере алмай сүрінсек, бірде қиындыққа төтеп бере алмай жатамыз. Өз басым, адам өмірін үлкен мектепке теңер едім. Біз ғұмыр бойы бір нәрсе үйренумен келеміз. Мектеп партасына отырған сәттен бастап, ғұмырымыздың соңына дейін жаңаны үйренумен, бойға сіңірумен өтеміз. Бұған өз өмірім мысал бола алады.
Сабыр ЖАНТОҚОВ,
66 жаста.
Қазақтың қай баласының болсын тамыры ауылға тартады ғой. Мен де елуінші жылдары дүние есігін ашып, ауылдың шаңды көшесінде ойын қуған қарасирақ балалардың бірі едім. Ол кездегі адамдардың балалық шағы ұқсас болды. Ұрандатып, әндетіп мектепке бардық, оқудан бос уақытта ауыр еңбектің де дәмін таттық. Десе де мен өзімді маңдайыма басқаша тағдыр жазылған адамдай сезінетінмін. Қиялым әр қырды кезіп, үнемі жоқ нәрсені ойлап жүремін. Қасымдағы балалармен өмір туралы көзқарастарым да қабыса бермейді. Тағдырымның маған дайындаған сыйы бөлек сияқты көрінетін. Бәлкім әр адам өзін іштей солай ерекше сезінетін шығар. Сырттай қарасаң бір ортада өсіп, бір ортада өмір сүрген жандардың өмір жолы да, тағдырлары да, қазіргі тұрмысы да ұқсас болып келеді. Алайда әрқайсысының ішінде өз ақиқаты сайрап тұрады.
Ауыл мектебінің есігін ашқаным кеше ғана сияқты еді, түлек атанар күннің қалай жеткенін де байқамай қалдым. Алайда маған нағыз өмір, нағыз бақыттың бәрі алда, әлдеқайда алыста сияқты елестейтін. Сағым қуған жандай сол күнге тез жетуді тілейтінмін. Ал оған дейінгі өмірімнің бәрі бақытқа жету жолындағы мектеп іспетті. Жастық шақта бар өміріміз әлі алда деп ойлаймыз. Біреулер есеюге, біреулер тезірек жұмыс істеуге, енді біреулер отбасын құруға асығады. Асығып жүріп өміріміздің қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламыз. Қарап тұрсам, мен де бала кезден бері бір жаққа асығып жүріппін. Өзім басқа біреудің өмірін сүріп жүргендей, нағыз өмір ертең басталардай күй кештім. Кішкентай кезден мектепке барғанша асық болдым. Сыныптан сыныпқа өткенімнің өзі бақыт жолындағы бір баспалдақты аттағаным еді. Балалардың үлкен болуға асығатыны сияқты, мен де бақытты болуға асықтым. Мен үшін бақыт әлдеқайда алыс қалада, мені күтіп жатқан сиқырлы зат сияқты көрінетін.
Қиялдап жүріп, асығып жүріп мектепті аяқтадым. Бірге оқығандардың бірі ауылда қалса, келесілері басқа қалаларға кетті. Мен де көп ойланбай үлкен қалаға кету туралы шешім қабылдадым. Қолымдағы қалаға апаратын ауылдың көк автобусының билеті бақыттың жолдамасындай. Басқалардай өскен үй, үйреншікті ортаны қимастық сезімдері болған жоқ. Ес білгелі бойыма біткен асығу ғана бар. Асыққанда уақыт та өтпейді екен ғой. Қалаға жететін бірнеше сағат бірнеше күндей созылып, дегбірім қашып, жүрегім аласұрды. Ішім пысқасын терезеге қарадым. Әлдеқайда, алыста қалып бара жатқан ауылдар, ормандар, қамысты көлдер маған қол бұлғап, келер күнге сәттілік тілеп тұрғандай.
Мұнымның асылық болғанын қала вокзалына келгенде ғана түсіндім. Баратын ешкімім жоқ, мен ең алдымен оқуды білмек болып институтқа тарттым. Амал не, оқуға түсе алмай еңсем түсіп қалды. Сабақты бір кісідей тәуір оқыған, сауаты бар жастардың бірі едім, қабылдау емтиханын еңсере алмадым. Алайда сонша асығып, сағынып жеткен қаланы тастап кеткім келмеді. Әрі басым салбырап үйге бару да ыңғайсыз. Сөйтіп жүріп қаладағы техникумдардың бірінің студенті атандым. Жоспарым – осы оқуды тамамдағаннан кейін басқасына түсіп, жақсы жұмыс табу. Техникумда екі жыл оқып, жұмысшы мамандығын меңгеріп шықтым. Осы уақытта жастық жалыным сәл бәсеңдегенімен, бойымда болашақ туралы балаң қиял әлі де бар. Менің одан арғы өмірім сол кездегі қоғам сызып берген сызықпен жүрді: әскерге бару, үйлену, жолдама бойынша жұмысқа тұру. Отау тігіп, үй болсам да уақытымның көбі жұмыста өтетін. Зауыттағы жұмыстың бір күні бір күнінен айнымайды. Таңертең келгенде-ақ осы күні не істейтініңді, қашан кететініңді біліп тұрасың. Күн сайын бір әрекетті қайталай берген адам оған үйренісіп, өздігінен істей бересің. Ондайда уақыт та тез өтеді. Жас кезімде ноқтаға сыймаған асау басым мұндай тәртіпке де тез үйренді. Жұмыс деп жүріп кейде отбасыма көңіл бөлуді ұмытып кетемін. Үйіміз қуанышқа кенеліп, сәбилі болған кезде де уақытымның көбі нан табумен өтті. Іштей мұның бәріне деген қарсылықты, құлықсыздықты сеземін. Бірақ ертеңім үшін бір күн де бос жата алмадым. Бала кезімде тезірек есейіп, жұмыс істейтін кезімді күтсем, есейгенде бар жұмыстан қолым босап, зейнетке шығып, отбасыммен бірге болар кезді аңсадым. Сол үшін де көбірек жұмыс істеп, табысты болуға ұмтылдым. Өзі еккен алма ағашының жеміс бергенін жылдап күткен бағбандай өз арманымның шындыққа айналар сәтін күттім. Зейнетке шықсам жүзеге асырар жоспарым көп. Әйеліммен бірге демалысқа аттанып, өзімізге көңіл бөліп, бірге бақытты ғұмыр кешкім келді.
Алайда бұл өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Адамның дегені бола берсе әркім құдай болып кетер еді. Тағдырдың бізге дайындаған қуанышы болғаны сияқты, қайғысы да бар. Сонша қиындықтан бірге өткен молшылықты да, жоқшылықты да бірге көріскен, менімен бірге қос ғасырдың, қос дәуірдің, қос қоғамның куәсі болған жарым мезгілсіз дүниеден өтті. Мен берік тірегімнен айырылғандай халде қалдым. Жанға батар ауыр қайғының өзі у сияқты екен. Ойлаған сайын жүрегің езіліп, санаң сансырап, еңсең түсіп күрсіне бересің. Аяулы жарымның денсаулығына көңіл бөлмей, уақытымды қимай, болмашы ақша үшін жұмысқа асыққан өзімді кінәладым. Қайғының үстіне өкініш, кінәлау сезімі қосылып, ішім алай-дүлей болды. Алайда тірі адам тіршілігін жалғастыра береді екен. Қанша қиын болса да тұрмыс көшіне ілесіп жүре бердім. Бұрын онсыз да жұмыста көп болатын мен енді тіптен үйге барғым келмейтін болды. Ауыр ойдан арылу үшін күні-түні жұмыс істеуге бармын. Онда да не үшін жұмыс істеп жүргенімді, кім үшін ақша тауып жүргенімді білмеймін. Бұл күндер де ұзаққа созылған жоқ. Екі-үш жылдан кейін зейнет жасына жетіп ондаған жыл еңбек еткен жұмысымнан босатты. Өзгелер үшін адам еңбегінің, уақытының, өмірінің қаншалық құнсыз болатынын сонда ұқтым. Кеше ғана елдің алды болып, еңбекте ешкімге дес бермей жүрген мен бірақ күнде ешкімге керексіз зейнеткерге айналып шыға келдім.
Осы уақытқа дейін өзімнің бекер асыққанымды, босқа тер төккенімді енді ұқтым. Жер бетінде өмір сүріп жүрген адамдарды үшке бөлуге болады: кешегімен өмір сүретіндер, бүгінмен өмір сүретіндер, ертеңмен өмір сүретіндер. Мен осы жасқа жеткенше ертеңмен өмір сүріп келіппін. Өз айналама мән бермей қай кезде де белгісіз болашақты аңсап, бар өмірім өтіп кетіпті. Көз алдыңызға шөл далада адасып қалған жолаушыны елестетіп көріңізші. Оған алыс бір жерде қала бардай көрінеді. Шөлдегеніне қарамастан бар күшін жиып соған қарай жүреді. Табанын құм күйдіріп, төбесінен ыстық өтіп барады. Межелі жерге жеткен соң мұның бәрі жай ғана сағым болғанын біледі. Осылай отырғанда тағы бір қаланың сұлбасы көрінеді. Байғұс жолаушы осылай жоқ нәрсені іздеп шөлде жан тапсырады. Мен де осы жасқа жеткенше әлдебір сағым болған болашақты аңсап, ешқашан кездеспейтін бақытымның соңынан қуып жүріппін. Өстіп жүріп өзімді де, отбасымды да алдаппын. Бала кезім, жастық шағым, күш-қайратым тасыған ересек кезеңімнің бәрі ертеңді ойлап, ертеңге асығумен өтті. Ертеңмен өмір сүріп айналама, жақындарыма, тіпті өзіме де көңіл бөлетін уақыт болмапты. Ақын Мұқағали Мақатаевтың:
Армандаймыз, аңсаймыз, қиялдаймыз,
Мына думан өмірге сия алмаймыз.
Бос қиялмен өтпесек жарар еді,
Көктемеген егінді жия алмай біз, – дегенін мен сонда түсіндім. Өмірде көктемеген егінін жия алмай армандап, қиялдап жүріп соңында өкініп қалған адам аз ба? Мен де солардың бірімін.
Өмірде бүгінгі сәттің кереметін сезініп, әр күннен бақыт тапқаннан артық не бар. Бақыт та, қуаныш та, өмірге деген құштарлық да адамның ішінен шығып жатуы керек. Сонда өміріміз мәнге толып, мағыналы ғұмыр кешеміз. Мен осы жасқа дейін ертеңмен ойлап келсем, менің тек өткенмен ғана өмір сүретін замандастарым да бар. Олар бақыттан қол үзген адамдай өткен күндерінің тәтті естеліктерін айтып, бақытты балалық шағын, жастығын сағынып отырады. Кейде бұл көзқарасын жастарға таңғылары келеді. Маған кейде біздің жалпы халқымыздың өзі өткенмен өмір сүретіндей сезіледі.
Зейнетке шыққаннан кейін менің өмірімдегі ең қиын уақыт басталды. Бірнеше жыл жалғыздыққа үйрене алмай, не істерімді білмей мең-зең күй кештім. Өзімнің жалғыздығымды, өкінішімді немен басарымды білмедім. Ұлымның өз отбасы бар әрі шетелде тұрады. Даңғарадай пәтерде жалғыз тұрған адамға уақыт та өтпейді екен. Өзге жалғызбасты зейнеткерлер сияқты ерте тұрып далаға шығамын, күнұзаққа үйге кіргім келмей, саябақта серуендеймін. Егер менің өміріме мән берген бір оқиға болмағанда осы күйік менің түбіме жетуі де мүмкін еді.
Әдеттегідей әрнені ойлап, саябақта отырған кезім. Қасымнан бір топ мектеп оқушысы өтіп барады. Қолдарында смартфон, құлақтарында құлаққап. Бір сөзі орысша, бірі қазақша балалардың айтқанының бірін ұғып, бірін ұқпаймын. Олардың жүзінен алаңсыз балалықты, бақытты, қамсыз жанның риясыз күлкісін көрдім. Адамның өмірінде бар ғұмырын өзгертіп жіберер сәттер болады ғой. Осы сәтте мен сондай сезімді басымнан кешірдім. Ішімдегі бітеулі бұлақтың көзі ашылып, оның мөлдір суы өкініш пен қайғының отын басқандай болды. Мен өзімнің әлі де болсын бақытты болуға мүмкіндігім бар екенін, ертеңді ойлап асығудың, өткенді ойлап өкінудің бекер екенін сонда түсіндім. Бойымда күш пайда болып, қараңғы бөлмеге күн сәулесі түскендей, көкірегім сайрап қоя берді. Байқасам жаңағы балалардан үйренерім көп екен. Олардың жасы менен кіші болғанмен, ой-санасы ілгері. Жастар ғаламторды меңгерген, кез келген жаңа дүниені жылдам үйреніп кетеді. Осы сәттен бастап мен де заман көшіне ілесіп, не де болса қалған ғұмырымды барынша мағыналы етуге тырысып келемін.
Алдымен компьютердің тілін табуға кірістім. Соңғы үлгідегісін сатып алып, ғаламторға кіріп үйрендім. Компьютер курстарына барып жүріп өзімді жаңа ғана партаға отырған баладай сезіндім. Осының арқасында бейнебайланыс арқылы мұхиттың ар жағындағы ұлымның, немерелерімнің жүзін жиі көретін болдым. Олар мені алып кеткілері келеді. Бірақ алыс жолды денсаулығым көтермейді. Жалғыздықтан құтылу үшін өзіме ермек іздедім. Өзім сияқты зейнеткерлер жиі жиналатын шараларға, үйірмелерге баратын болдым. Қазір бұрынғыдай таңның атып, күннің батқанын саябақта сарылып отырып күтпеймін. Таңертең тұра салысымен күннің қалай өткенін байқамай қаламын. Елсіз аралда жалғыз қалып, жалғыздықтан ажал құшпау үшін жанталасып, сау ақылын, берік рухын сақтап қалған Робинзон Крузодай мен де алпыстан асқанымда өмірімнің жаңа парағын бастадым. Екінші тынысым ашылғандай жаңаны үйренуге құмартып тұрамын. Белсенді өмір салты денсаулығыма да, көңіл күйіме де оң әсер етті. Өзімнің қарттығымды ұмытып, бойымда өмірге деген құштарлық пайда болды.
Қарап тұрсам біздің бәріміз де өмір дейтін мектептің шәкірті екенбіз. Жаңа туған баладан бастап, жасы үлкен қартқа дейін – бәрі де бұл өмірден бірдеңе үйреніп келеді. Біз айтып жүрген бақыт дегеннің өзі осы емес пе? Жаңа нәрсені үйренуді тоқтатқан адам өткен уақытпен өмір сүре бастайды. Осылайша ештеңеден мән таппай, сарсаңға түседі. Бүгінде мен өзімді бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жас сезінемін. Өйткені жастармен қатар ғаламторда отырып, әлеуметтік желілерде хат-хабар алмасамын, жаңа орындарға барып, көңіл күйімді көтеремін. Қазір көлік жүргізуді үйреніп жүрмін. Бұрын сексенге, тоқсанға келіп университет тамамдаған жандар туралы естіп, қайран қалатынмын. Бүгінде өзім де мұрты енді тебіндеп келе жатқан балалармен қатар партада отырып, сабақ аламын. Кейде осының бәрін неге кеш түсіндім екен деп өкінсем, кейде маған осындай мүмкіндік берген тағдырыма алғыс айтамын. Егер менен біреу осынша жасқа келіп өмірден не түйгенімді сұраса “Осы сәтпен өмір сүріңіз. Бақыт та, байлық та алыста емес, сіздің қасыңызда” дер едім.
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.