«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Цензор деген болған…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдық өмірдің әр саласында үстемдік жүргізіп, көпшілік пікірдің қалыптасуына ерекше мән беретін мемлекеттерде баспасөз қатаң бақыланады. Ондай кезде ел алдына шығатын кез келген ақпарат бірнеше сүзгіден өтіп, әр хабардың астарына мән беріледі. Цензура деген кешегі кеңес заманының ажырамас атрибуттарының бірі еді. Алайда ол кеңес одағының ойлап тапқан дүниесі емес, бұрыннан, патша заманынан бар сөз бостандығын шектеу құралы саналатын.

Кеңес одағында цензура арқы­лы мемлекеттің беделіне нұқсан келті­ре­тін ақпараттарды жария ет­пеу тә­жірибесі енгізілді. Тек саяси кереғар материалдар ғана емес, өлім-жітім­нің санын азайтып көрсе­ту, әскери зауыттардың атауын, олар­даң өнді­ріс көлемін жасыру, орақ науқаны кезінде көмекке кел­ген әскерилердің санын, қай қала­дан келгенін бүгіп қалу жиі кездесті. Наразылық акция­лары мен ірі тө­тенше оқиғалар жай­лы көптеген ақ­паратты жариялауға тыйым салын­ған. Сондай-ақ газет-журналдарда телевизия мен радио жаңалықта­рын­да ұйымдасқан қыл­мыстық әре­кеттер, ұлтаралық кикіл­жіңдер тура­лы хабар-ошар кетіп қал­са, олар­дың авторлары мен ақпарат құра­лының жауапты редакторлары жауапкершілікке тарты­ла­тын. Оны байқамаған цензор да ор­нынан кететін.

Кеңестік цензура осындай әре­кет­терімен адам құқығы мен сөз бос­тандығын барынша шектеді. Сал­дарынан адамдардың ой-өрісі мен санасының дамуын тежеп, сайып келгенде миллиондаған кісі кеңестік идеологияның шырмауына шырма­лып, мәңгүрттіктің аз-ақ алдында қал­­ды. Қоғамда “Біздегі тірліктің бәрі жақ­сы, қиындықтың бәрі тек ка­пита­листік елдерде” деген сияқты жалған түсінік қалыптасты. Сондық­тан ой­лы, сана-сезімді адамның бәрі цен­зураны қаламайды, ал цен­зор бол­ған адамды жақтырмайды. Бірақ олардың да арасында цензор болып жүріп өзгеге зиянын тигізбеу­ге, адал еңбек етуге тырысқандар бол­ды. Он­дайлар өздері кетсе ор­нына бәрібір басқа біреу қойылаты­нын біледі. Сон­дықтан да қудалау мен айыптау­лар­ға сәл де болсын тосқауыл қою үшін осы салада ең­бек етеді. Сондай ма­мандардың бірі – Көпжасар Күйеу­баев.

Петропавлда ұзақ жылдар бойы цензор болған Көпжасар Күйеубаев 1978 жылдан бастап облыстық атқа­ру комитетінің баспасөзде мемле­кет­тік құпияны сақтау басқармасын­да қызмет атқарған (Обллит). Ол кез­де комитет Қазақстан Конституция­сы көшесіндегі 10 үйдегі шағын екі бөлмеде орналасқан. Бас­қарма аппаратында барлығы бес-ақ адам жұмыс істепті, ал Көпжасар­дың цензорлық лауазымын сол кезде редактор деп атаған.

“Мен бұл қызметімді облыстық те­­левидение мен радионы бақы­лау­­дан бастадым. Таңертең сағат тоғыздан басқармада отырып, об­лыс орталығы тұрғындарының, бас­па­ханаға бастыруға әкелген өнімде­рін, брошюралар, құттықтау хатта­ры, мекемелер мен өндіріс орында­рының жақсы іс-тәжірибе жинақтал­ған плакаттарын қабылдап, түс ауа сағат он алтыдан негізгі нысанға барамын. Ондағылар менің қолыма “Мемлекттік құпиялар тізбесі” деген 467 беттік қалың кітапты ұстатты. Онда қауіпсіздік, қорғаныс, эконо­ми­­ка, мәдениет салалары бойынша жа­риялауға тыйым салынған ақпа­рат тізімдері көрсетілген. Оқып отырған мәтіндерден кездестірген ақпаратты сол тізіммен салысты­рып, жария­лау­ға жатпайтын болса, дереу түзетемін. Әрине, бұл автор­ларға ұнамайды, бірақ амал қанша, нұсқаулықтан шыға алмайсың. Мы­салы, “Ленин атындағы зауытта ең­бек етеді”, – деген сөйлемді “за­уытта еңбек етеді”, – деп түзетесің. Ал мұның ақпараттық маңызы өзге­ріп кетеді ғой, бірақ солай істеуге мәжбүрсің. Дегенмен мен авторлар­дың еңбегін ескеріп, бақылап, мәтін­нен ешқа­шан толық абзацты алып тастап көрген емеспін”, – дейді ол.

Қазіргі жұртқа күлкілі көрінген­мен, ол кезде 15 метр биіктіктен тү­сі­рілген фото суретті де газетте жа­риялауға болмайтын ереже болып­ты. Қаладағы әскери бөлімдердің нө­мірлерін көрсету, суицид жасаған­дар­ды ауызға алу, түрмеде отыр­ған­дардаң санын жазу – қылмыспен пара-пар. Кезекшілікке шыққан ми­лиция патрулінің санын көрсетсең де бәлеге қаласың.

“Баспасөзде мемлекеттік құпия­ны сақтау басқармасы” деген дар­дай атауы бар мекемеде, “цензор” деген атынан ат үркетін қызметі бол­ған соң бұл кісінің білімі мен білігі де өзгеше шы­ғар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, айрық­ша еш­теңесі жоқ екен. Бұл қызметке та­ғайындалар алдындағы басты та­лап жоғары білімнің болуы, екі тілді жетік білу және құпия құжаттармен жұмыс істеу үшін тексеруден өту.

Көпекең, Қостанай облысының, Мең­діқара ауданындағы Қызылба­лықшы ауылында 1948 жылы өмірге ке­ліпті. Әкесі Көбегенмен шешесі Ақжамал – қатардағы қарапайым адам­дар. Сол кезде жүргізілген ке­ңес өкіметінің саясатына сай быты­раған елді жинап, Алакөлдің түстік жағасына балықшылар артелі құры­лып, халықты тамақпен қамтамасыз еткен. Одан басқа жүн түтетін әдейі­ленген станоктар әкелініп, пима бас­тырылған, қыштан ыдыс-аяқтар жа­сайтын өндіріс орны болған. Олар­ды басқарып, жұмысын ұйымдас­тыруға, сол кездегі инженерлер мен техноруктарды “жер аудырылып келгендер”, – дейтін. Ол кісілер сол кезде, бір себептермен репрессияға ұшыраған мамандар екен.

Кейіпкеріміз Қызылбалықшы бас­тауыш мектебінің төртінші сыны­бын аяқтаған соң Ақсуат сегіз жыл­дық мектебінде оқып, 1964 жылы бі­тіре сала аталған ауданның орта­лығында орналасқан (ол кезде ау­дан аты Боровской, аудан орталығы Боровское) педучилищеге түсіп, 1968 жылы тәмамдаған. Оқу орнын бітірген азамат, Ақсуат сегіз жылдық мектебінде екі ай жұмыс істеп үлгеріп, 1968 жылдың қарашасында әскерге шақырылып, екі жыл боры­шын Орталық Азия әскери округін­де орташа танктердің (Т-54, Т-62), механик жүргізушісі ретінде өтейді. Қайтып келген соң мұғалім бола жүріп Қостанай педагогикалық инс­титуның биология факультетін сырт­тай оқып бітірген.

Кез келген адам үшін отбасын құру ең үлкен бақыт. Осындай бақыт Көпекеңе 1974 жылы бұйырыпты. Ол Қызылжар қаласының тумасы Баян Қожахметқызына үйленді. Ол кезде Баян – жаңа ғана Целиноград медициналық институтын бітірген жас маман, дәрігер-терапевт. Келін болып түскен Қызылбалықшы ауы­лы – Харьков кеңшарының бөлім­ше­­сі ғана. Кеңес уақытында ауруха­на­лар тек аудан орталығы мен қа­лада, не үлкен елді мекендерде бо­латы­ны белгілі. Мамандығына сай қыз­мет табу үшін жазғы демалыс­тың қысқа уақытын пайдаланып, жағалай шапқылап, сонау Жітіқара қа­ла­сына да барады. Ондағы шө­лейтке ұқсас табиғат қолайсыз бо­ла­ды. Амал жоқтан көрші Ленин (қа­зір Ұзынкөл) ауданының Покровский (Тойсайы) кеңшарында ауданара­лық ауруханаға меңгеруші болып келген. Үлкен қызы Жанна туған соң Петропавл қаласына көшу туралы шешім қабылдап, 1976 жылдың жел­тоқсан айында көшкен.

Көпжасар Күйеубаев келген бетте мектеп-интернатта тәрбиеші бо­лып, артынан цензорлық қызмет­ке ауысады. Дәл сол уақытта, өмірі күрт өзгерген Көпжасар, цензор бо­лып шығуына келіншегінің жағынан туыс Мәлік Мұқановтың мұрындық болғанын ізгі тілегімен еске алады.

Көпекең осындай қарапайым адам болса да, қаламгерлер өзінен ығысып, тезірек жылысып кетуге ты­рысқанын айтады. “Кейде редак­ция­ға бара қалсам, жаңа ғана әзіл-қалжыңмен отырған жігіттер лезде зым-зия болатын. Цензордың қыз­меті жұрттың бәріне қорқыныш бо­лып елестейтінін содан біле беріңіз. Өзім ішімнен күліп, таңғалып қоя­тынмын”, – дейді ол.

Өз құпиясын ұзақ жылдар бойы сақтап, қалтқысыз қызмет еткен адамға кеңес өкіметі бәлендей оң қабақпен қарамаған. Екі бөлмелі пәтерді 1982 жылы әрең беріпті. Мемлекеттік түгіл, облыстық дең­гей­­дегі марапат та бұйырмапты.

Ал Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін елімізде ресми цензура жойылып, журналистерге сөз бос­тан­дығы тигені белгілі. Осыны пай­да­ланып, ел ішіне ірткі салғысы ке­ле­тін, тіпті солтүстік аймақтарды көр­ші мемелекетке қосуды көздеген арандатушылар да бас көтергенді. Олардың “Новь Приишимья”, “Знамя свободы”, “Вознесенский прос­пект” және басқа газеттерінің са­рыны осы бағдарды ұстанған. Ал “Глас” ақпарат құралы тіпті ашық күреске шақыруға дейін барды. Міне, осындай өткенді көксейтін се­паратистік пиғылдағы басылым­дар ­мен заңды тұрғыда мемлекет аты­нан біліктілікпен күресе алатын ма­мандар қажет болғанда, облыстық ішкі саясат басқармасына қызметке келген Көпжасардың тәжірибесінің пайдасы тиді. Арандатушылардың кей­біріне сот арқылы айыппұл са­лы­нып, қайсыбір басылымды белгі­лі мерзімге жабу туралы шешімдер шығарылды. Сондай-ақ ол Ресей қалаларынан жеткізілетін ұлттық мүддемізге жат басылымдарды, жеке адамдарды қаралаған, ар-на­мысқа тиетін дүниелерді тәркі­леп, ондай ақпарат ағынын шектеу­ге белсене атсалысты.

Кейін 1995 жылы Көпжасар Күйеубаев баспасөзде және басқа бұқаралық ақпарат құралда­рында заңдылықтың сақталуын ба­қы­лау жөніндегі облыстық инспек­ция құ­рылғанда соның басшысы болып тағайындалды. Мұнда ол Қа­зақ­стан заңнамасына қайшы келе­тін баспа­сөздегі бұра тартушылық­тарды әшкерелеп отырды. 1997-1998 жылдары үкіметтік құрылым­дардың ішкі өзгерісіне сай, жаңа министр­ліктің өңірлік қоғамдық келісім бас­қармасының құрылуына байланысты, инспекция жойылып, аталған бас­қарманың құрамы­на бөлім бо­лып еніп, сонда бас ма­ман болды. Одан кейін, 2004-2005 жылдары өңірлік қоғамдық келісім басқар­ма­сы қысқартылып, бар мін­дет облыс­тық ішкі саясат басқарма­сы­на жүк­телді. Ол кезде мемлекет­тік қызмет басқармасы барды, енді мемлекет­тік қызметкер болу үшін, бес заңнан емтихан тапсыру қа­жет еді. Кейіпке­рі­міз бұл сыннан да 87 пайыздан артық балл жинап, абыроймен өт­кен. Ішкі саясат басқармасының ақ­парат бөлімінде бас маман болып қызмет атқарған Көпжасар Көбеген­ұлы адал да абыройлы еңбегі үшін облыс әкім­дерінің Құрмет грамота­сымен марапатталған. 2011 жыл­дың ая­ғын­да қызмет жолын аяқтап, зейнет демалысына шықты.

Зейнеткер болса да, әбден тәртіпке, режімінен ауытқымауға үйреніп қалған Көпекеңнің қашан көрсең, қымбат уақытын жоғалт­пауға тырысып, аз әңгімеле­сіп, асы­ғып тұрғаны. Оның ең жақсы көретін уақыты – жаз бен күз айлары. Өйткені, көктем келе саяжаймен айналысса, күзде саятшылықпен жалғасты­рады. Айтуынша, 1963 жыл­дан бері бірнеше мың су құс­тарын қанжығасына байлаған екен. Қыс айларында да қол қусы­рып отырмайды. Дене шынықты­румен айналысып, таза ауада көп уақыт өткізеді.

Бұл күндері Көпжасар ағамыз 75 жастан асты. Зайыбы Баян жеңге­мізбен тату-тәтті өмір сүріп, перзент тәрбиеледі. Ұл-қызы білім алып, әр салада еңбек етуде. Олардан та­раған ұрпақтары да аталарының сенімін ақтап, әр жерде білім қуып, оқу оқып жүр.

Көпжасар Көбегенұлы – ауыр жұмыстың көрігінде шыңдалған, ақ­парат саласының қыр-сырын жетік меңгерген, тар заманның өзінде баспасөздің бағытын түзеуге ты­рыс­қан жандардың бірі. Ол екі дә­уір­де еңбек етіп, қос қоғамға қатар адал қызмет істеді. Осы орайда кейіпкеріміз жайлы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Тайлақ Жалмұрзеновтің мына өлең жол­дары ойға оралады:

…Өсер елдің жайсаңы,

Жанашыр болып біздерге.

Жақсылығын жасады,

Жол бермей есер ездерге.

… Ерлігің көп жігітсің,

Келіннің бағын жандырған.

Сөзге шешен үздіксің,

Құлагеріңді оздырған.

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp