Ұйқы безі обыры нақты неден пайда болатындығы әзірге белгісіз. Бірақ обырға әкелетін бірнеше фактор бар. Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың онкохирург дәрігері Анвар Шамшидиновтың айтуынша, ұйқы безі обырымен 100 мың адамның шамамен тоғызы ауырады. Сырқаттанатындардың орта жасы – 68-69. Дерт ер адамдар арасында жиі кездеседі. Халықаралық статистикаға тоқталсақ, адам қартайған сайын ұйқы безі обырының қаупі арта түседі. Жаңа диагноздардың 97,5 пайызы – 45 жастан асқан адамдарға қойылады. Соның 89 пайызы – 55 жастан, 66,5 пайызы – 65 жастан асқандар. Сондай-ақ ұзақ уақыттан бері темекі шегетіндер, спирттік ішімдік тұтынатындар, семіздікке шалдыққандар, жақын туысының ұйқы безінде проблема болғандар, екінші типті диабеті барлар, созылмалы панкреатитпен ауыратындар да обырдың осы түріне бейім келеді.
Маманның айтуынша, ұйқы безі обырын асқындырып алмау үшін саламатты өмір салтын ұстанған жөн. Сондай-ақ алғашқы белгілері байқалған жағдайда дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.
“Әдетте ұйқы безі обырының алғашқы белгілері білінбейді немесе басқа ауруларға ұқсас болып келеді. Егер іш немесе арқа ауырса, салмақ тез түссе, көз немесе тері сарғыш тартса, қышыса, тамаққа зауқың соқпаса, жүрек айнып, нәжістің түсі өзгерсе, панкреатит немесе диабет пайда болса – міндетті түрде дәрігерге көрініп, тексерілген жөн. Нейроэндокриндік обырға сирек диагностика жасалады. Ол барлық обыр ауруларының 7 пайызын ғана құрайды. Дерт пайда болғанда ұйқы безі әдеттен тыс гормон бөледі. Қанда бұл гормондардың көбеюінен адамның салмағы азаяды, құсқысы келіп, әлсіздік сезінеді, терісі бөртеді. Ұйқы безі обырының ең алғашқы белгілері – іштің үрленуі – асцит. Іште артық сұйықтық жиналып, іседі. Іштің жоғары жағы немесе арқа ауырады. Бұл ісіктің үлкейіп сол жердегі нерв талшықтарына немесе жақын маңдағы басқа органдарға қысым түсуден пайда болады. Тәбеттің болмауы, асқазанның қорытпауы, құсқысы келу – бұлар ұйқы безі обырына тән белгілер. Ісік асқазанды немесе аш ішектің басын қысқан кезде пайда болады. Мұндайда ішкен ас асқазанда қалып, адамды құстырады. Асқорыту ұйқы безінің фермент жүретін жолы бітелгенде де бұзылады”, – дейді Анвар Шамшидинов.
Маман тері мен көздің сарғыш тартуын – қан құрамындағы өт компоненті билирубиннің артуымен түсіндірді. Ұйқы безінің басындағы ісік өт жолын жауып, өттің аш ішекке түсуіне мүмкіндік бермейді екен. Салдарынан билирубин мөлшері артады. Сары ауру пайда болғанда адамның денесі де қышуы мүмкін. Зәрі қарайып, нәжісі ағарады.
Ұйқы безі обырының тағы бір белгісі – диарея немесе іш қату. Ішекте ұйқы безі ферменттерінің жеткілікті деңгейде болмауы диареяға әкеледі, яғни тамақ дұрыс қорытылмай, бірден асқорыту жолы арқылы өтеді. Ал ауруды басу үшін ауыртпайтын дәрі ішетіндердің іші қатуы мүмкін. Бұл препараттар астың ішек арқылы өтуін баяулатады. Ас қорыту жүйесі баяу жұмыс істегенде нәжіс қатайып, дәретке отыру қиындайды. Мұны ақхалаттылар “обыр кахексиясы” деп атайды. Мұндайда ағзадағы калорий әдеттегіден тез бітіп, бұлшық етті бұзады, тәбетті азайтады. Ауырған адам тәбетінің белгілі бір тағамдарға ғана тартатынын байқайды. Обыр адам қанын өзгертеді, тромбтар пайда болуы мүмкін. Ұйыған қан байқалмайды, кейде белгілері де көрінбейді. Бірақ ол ісікпен, зақымданған органның ауруымен байланысты келеді.
Онколог ұйқы безі обырын анықтау үшін әдеттегі зерттеулермен бірге бірнеше тексерістен өту қажеттігін айтты.
“Обырды бастапқы сатысында анықтау қиын, сондықтан бұл диагностиканы қиындатады. Ең алдымен ультрадыбыстық сканерлеуден өткен дұрыс. Бұл тәсіл ауыртпайды, жоғары жиілікті дыбыстық толқындар қолданылады. Бірақ кейде көрсетпеуі мүмкін. Компьютерлік томография – рентген түсірілімдері арқылы ішкі құрылыстың бейнесін береді. Дәрігер ол арқылы қандай да бір ауытқушылықты байқай алады, ісіктің өлшемін көреді”, – дейді ол.
Дәрігер магнитті-резонансты томография да органның бейнесін дәл көрсететінін жеткізді. Зерттеудің бұл түрінде күшті магнитті және радиотолқындар қолданылады. Дәрігер бұл түсірілім арқылы метастаза бар-жоғын көреді. Позитронды-эмиссионды томография – обырдың қай жерде орналасқанын және оның денеге таралған-таралмағанын көрсетеді. Эндоскопты-ретроградты холангиопанкреатография – тері сарғыш тартқан жағдайда пластик түтікше немесе стент өт жолына жіберіледі. Лапароскопия – хирургиялық тәсіл. Құрсақ қуысына кішкентай тілік жасалып, сол арқылы лапароскоп – жіңішке иілгіш микроскоп ішке енгізіледі. Бұл әдіс арқылы хирург обырды кесіп алып тастамас бұрын, оның жан-жағына таралмағанын көреді. Ал биопсия жасау арқылы тін алынып, қатерлі ісіктің бар немесе жоқтығы анықталады екен.
Маман диагноз расталған жағдайда қобалжудың, сары уайымға салынудың қажеті жоқтығын айтады. Дәрігерлер обырды емдеудегі үш негізгі ем – операция, химиотерапия және сәулелі терапияның ең оңтайлысын қолданады.
Анвар Шамшидиновтың айтуынша, өңірде қазіргі уақытта осы диагнозбен 58 адам диспансерлік есепке алынған. Былтыр 60 адамда алғаш рет анықталса, биыл 49 адам тіркеуге қойылды. Ұйқы безі обырымен ауыратындардың 36-сы – әйел. Биыл 19 сырқат осы дерттен қайтыс болды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.