«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР ШАҢЫРАҚҚА ЖАРЫҚ СЫЙЛАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Электр энергиясын беру және таратумен айналысатын кәсіп иелерінің басын біріктірген бұл мереке 57 жылдан бері аталып келеді. Бүгінде өмірімізді энергиясыз елестетудің өзі қиын, отбасындағы жайлылықты айтпағанда, экономиканың барлық саласы электр қуатына тәуелді.

“Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” акционерлік қоғамы Петропавл қалалық электр желілері басқармасы тарату тобының жетекші инженері Гүлнара Маркасарина бұл салада 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. 1986 жылы алғаш рет Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласындағы электр энергиясын сату компаниясының табалдырығын аттаған ол таңдауына еш өкінген емес. Қазір тәжірибелі маман электр энергиясының үздіксіз берілуін және оның тұтынушылар арасында бөлінуін қамтамасыз етуді бақылайды.

Маманның айтуынша, қаланың барлық заңды тұлғалары 5 инженер арасында бөлінген. Гүлнәр Маркасарина осы санаттағы 5 мыңнан астам тұтынушыға жауапты. “Біз заңды тұлғалар мен тұрмыстық тұтынушылар арасында электр энергиясын есепке алуды және бөлуді жүргіземіз. Барлық актілердің, шарттардың дұрыстығын тексереміз, есептегіш құралдардың дұрыс жұмыс істеуін, электр энергиясының ұрланбауын бақылаймыз. Өйткені, біз үшін әрбір киловатт құнды, сондықтан оның жоғалуына және ұрлануына жол бермеу маңызды”, – дейді Гүлнара Маркасарина.

Облыс орталығында тұрмыстық тұтынушылар саны 90 мыңнан асады. Оларға 3 инженер, сондай-ақ бақылаушылардың үш бригадасы және 20 электромонтер қызмет көрсетеді.

“Бақылаушылар есептегіштерді тексеріп, көрсеткіштерді алады, пломбалаумен айналысып, тұтынушыларға есеп айырысу түбіртектерін тапсырады, берешек туралы хабарламалар жібереді. Ал инженерлерге құжаттардың дұрыстығын тексеру, есептеулер жүргізу міндеті жүктелген. Олардың мінсіз жұмысының арқасында тұтынушылар қатесіз жазылған түбіртектерге ие болады”, – дейді Гүлнара Маркасарина.

Былтыр жетекші инженер “Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының еңбек сіңірген энергетигі” төсбелгісінің иегері атанды.

“Жұмысым да, ұжымым да ұнайды. Тұтынушылармен үнемі қарымқатынастамын. Мен өз жұмысымды біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретіндігі үшін де жақсы көремін. Біз күн сайын дерлік жаңа нәрсені үйренеміз, заман ағымынан қалмауға тырысамыз, электр энергиясына қатысты жаңа бағдарламаларды жұмысымызда қолданамыз, әлсіз жақтарымызды тауып, оны жетілдіреміз. Шынымды айтсам, бұл сала менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Жұмыс барысында мәселе туындап жатады, бірақ біз оларды шешу үшін барлық күш пен білімімізді жұмсаймыз”, – дейді Гүлнара Маркасарина.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp