Елімізде “Жеке тұлғалардың банкроттығы” туралы Заң қолданысқа енгені белгілі. Үстіміздегі жылы наурыздан бастап күшіне енген заңда жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің 3 түрі қарастырылған. Олар – соттан тыс, сотпен және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Наурыз айынан бері Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына 609 өтініш келіп түскен. Оның жартысынан көбі талапқа сәйкес келмегендіктен мақұлданбаған. Мамандардың айтуынша, өтінім бергендердің басым көпшілігі – ер адамдар.
– Қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына келіп түскен өтініштер бойынша 87,6 млн. теңгеден астам берешегі бар 78 азамат банкрот деп танылды. Ал 46 адамға қатысты банкроттық рәсім әлі жүргізілуде. Себебі соттан тыс жасалатын іс 6 айға созылады, – деді Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Оксана Краденова.
Қаралған өтініштердегі ең көп сома 5 349 150 теңгені құрайды, ал ең азы – 26 000 теңге. Өтініш берушілердің жас бойынша ең үлкені 69-да болса, ең жасы – 30-да.
Ақжүніс МҰҚАТАЙ.