Облыс орталығындағы Жастар сарайында Энергетиктер күніне орай салтанатты шара өтті. Өңірдің энергетикалық кешенін құруға және оның үздіксіз жұмыс істеуіне саналы ғұмырын арнаған жандарды кәсіби мерекесімен облыс әкімінің атынан орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады. “Бүгінгі таңда елімізде энергетика кешенінің дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал бұл салада адал еңбек еткен аға буынның ізін кейінгі ұрпақ сәтті жалғастырды”, – деген Қанат Малғаждарұлы үздік қызметкерлерді түрлі аталымдар бойынша марапаттады.
Сала мамандары Энергетика министрлігінің, Қазақстан электроэнергетикалық қауымдастығы мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарына ие болды. Құрметті еңбек демалысына шыққан майталмандарға “Ардагер энергетик” төсбелгісі табыс етілді. Ал “Петропавл жылу желілері” серіктестігі бас директорының міндетін атқарушы Виталий Холоша “Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды.
– Мен энергетика саласына 2009 жылы келдім. Алғашқы лауазымдық міндетім берілетін жылудың қысымы мен температурасын бақылау болатын. Тәжірибе жинақтап, жұмысымның қыр-сырын түсіндім. Жалпы бұл салада жұмыс істеу үшін сабырлық пен жауапкершілік аса қажет, – деді Виталий Холоша.
“Севказэнергосбыт” ЖШС жұмысының басым бағыттарының бірі – тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру. Қазіргі таңда компания “IQala” жобасын іске қосуға дайындалып жатыр.
– Қызметкерлеріміз тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруда көп жұмыс атқарды. 2013 жылы байланыс орталығы, бірыңғай есеп айырысу орталығы іске қосылды, бірыңғай төлем құжаты енгізілді. Бұл тұтынушылармен жұмыс барысын айтарлықтай жеңілдетті, – деді “Севказэнергосбыт” ЖШС-ның бас директоры Мағауия Сағындықов.
Салтанатты жиынға қатысқан 500-ге жуық маман марапаттау салтанатынан кейін өңірдің өнер ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.