«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жат ағымдарға тыйым бола ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы кездері ислам дінінің атын жамылып, осынау адамзаттық құндылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын теріс пиғылды ұстанымдарын барынша насихаттап, психологиялық жағынан әлі толыса, қалыптаса қоймаған жас буынның ойына да, бойына да тықпалап жүрген деструктивті, радикалды діни ағымдар мен секталар туралы айтылып та, жазылып та жүр. Елінің болашағын ойлаған азаматтарды қазіргі уақытта күндей күйдіріп тұрған көкейкесті проблема бейжай қалдырмасы анық.

“Дүниежүзілік дәстүрлі діндер­дің съездерін өткізіп жатқан бірден-бір мемлекетпіз” деген атаққа масай­рап, “көп конфессиялы елміз деп шетелдерге жақсы атанып жүр­генде сақтықты назардан шығарып ал-ғандаймыз. Мемлекеттік рәміздер мен мерекелерді құрметтемейтін, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді, заманауи мәдениет, өнер түрлерін жоққа шығаратын, көпшілік мұсыл­ман ұстанатын Ханафи мазхабын мойындамайтын, зайырлы өмір сүру салтына қар­сылық танытатын, заңда белгіленген міндеттерді орындаудан бас тар­татын деструктивті діни ағым­дар жауыннан кейінгі саңырауқұ­лақтай қаптап шыға келді. Осылай­ша өздерінің діни догмаларын ақиқат ретінде күштеп таңу үрдісін бастады. Басты құндылығы – адам, оның өмірі мен бостандықтары болып табыла­тын Қазақстанды демокра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттік ұстаны­мынан тайдыру­дағы қатері орасан.

“Радикалды діни ағымдардың өкілдері “жихад” ұғымын басқаларға қарулы соғыс жүргізу деп қате түсінеді. Шындығында ол белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету жолында адамның күш, қайрат жұмсауы деген мағынаны білдіреді”, – дейді дінтану­шылар. Жат ағымдарға көпе-көрінеу демеу, қолдау жасалғаны жөнінде кезінде қанша дабыл қағылса да, олардың шашбауын көтерушілер, бы­лайша айтқанда, мемлекеттің қар­жысын қалтасына басқандар жым­қыр­ғандарынан өнер адамда­рына, спортшыларға тауыққа шаш­қан та­ры­дай жылу беріп, қатарларын мо­лайтып отырды. Тіпті олардың сойы­лын соққандар түрмеге тоғыты­ла бастаған кезде қылмысына ара­ша түс­пек болып, жоғары жаққа хат жаз­ғандардың, жаны аши қалған­дар­дың шын бет-пердесі ашылды. Кейбірінің “Біз олардан жамандық көр­геміз жоқ, өнер адамдарын қол­дады. Сондық­тан оларды босатуды сұраймыз”, – деп сәуегейсігендері жаға ұстатады. Міне, елге тұтқа, пана бо­лады деген азаматтардың “итке тас­таған сүйек­ке” малданып жүрген­дері, халық ризығын өз меншігіндей оңды-солды шашып, байығандарды жақтай қалған күйкі тірліктері идео­логиялық жік-жікке бөлумен айна­лысып қана қоймай, шенеуніктер арасында бюрократияның кеңінен жайылып, реформалардың сапасыз орында­луы­ның негізгі себебіне ай­налды. Жұртшылықтың санасында мемле­кет аппараты туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайлы машина деген түсінік қалыптасты. Соның салдары­нан көптеген адамдар жұ­мыссыз­дық­пен бетпе-бет келіп, бұл үдеріс жас буын арасында белең алды. Әлеуметтік кепілдік берілмеді. Табыс іздеп, бірақ барар жері, басар тауы қалмағаннан кейін әсіредіншіл­дердің тұзағына оңай түсті. “Ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен” жүруге әдеттеніп, әскери борышын өтеуді айрықша миссия ретінде мақ­таныш санамайтын болды.

Содырлар мен басбұзарлардың басым көпшілігін “әсіредіншілдер” құрайды деген сөздің жаны бар. Президент қаңтар оқиғасы жайлы “Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен биз­неске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты”, – деуі көп жайтты аңғартады. Ал жоғары лауазым иелерінің мемлекетке сат­қындық жасауы, опасыздардың ішінде әскери және арнаулы орган­дар басшыларының болуы сыбай­ластардың өзара мүдделескенін, ымыраласқанын, мұның өзі теріс діни ағым басшылары мен мүшеле­рінің күні бұрын қаскөйлікпен ойлас­тырған ауқымды операциясы екенін қолдағы деректер де айғақтайды. Осының өзі – ұлттық идеологияның қағаз жүзінде қалғанының, елім-жұртым дейтін азаматтардың құл­қынның құлы болып кеткенінің бұл­тартпас бір дәлелі.

Жат ағым тек ислам дінінде ғана десек, қателесеміз. “Иегова куәгер­лері” жайлы да осылай айтуға бола­ды. Ресейде ол мемлекет институ­тына қауіп төндіретін экстремистік ұйым, тоталитарлық секта ретінде танылған. Ондаған мың адамның бойында өшпен­ділік сезімін тудыр­ған. Қазақстан­дағы бірлестікке келетін болсақ, оның қатарына қазақ жастарының көптеп кіруі ойландыр-май қоймайды. Бұл секта да қазақ­тың салт-дәстүрлерін жоққа шыға­рады (тойда шашу шашу, қол жайып бата беру, т.б.). Өскелең ұрпақты антипатриотизмге тәрбиелейді. Яғни, қолға қару ұс­тауға, әскери қызмет атқаруға бол­майды. Аза­маттардың негізгі консти­туциялық құқықтарын еле­мей­ді. Мемлекеттік құрылымға бағын­бауды насихат­тайды, билікті өз қолдарына алуға, өзін-өзі басқаруға шақырады. Қа­былданған заңдарды құрметте­мейді, мемлекеттік рәміз­дер­ден бас тартуға үндейді. Дәс­түрлі отбасы институтын мойын­дамайды, тағы­сын тағылар. Секта­ның түпкі мақса­ты қандай деген сауалға теологтар адамдарды ойлау еркінен еріксіз айыру деп жауап берген.

Тақырыпты тарата айтып отыр­ған себебіміз – осы секта өңірімізде тамырын тереңге жайған. Білетін­дердің айтуынша, қатарында қазақ жастары көп көрінеді. Бүкіл отбасы­мен секта құрбаны болғандар да жетерлік. “Басы айналғандар” ара­сында пәтерлерін, қымбат көліктерін “сыйға тартқандары” да, психикалық дертке шалдыққандары да жоқ емес. Айдың-күннің аманында адасып жүр­ген­дер жайлы, сектаның адамгерші­лік қасиеттермен еш сыйыспайтын жағымсыз әрекеттерінен облыстық дін істері басқармасы, құқық қорғау ор­гандары хабардар бола тұра, ша­ра­сыз. “Діни ағымның ісіне араласу үшін жеке тұлғалардан арыз талап етіледі”, – дейді ведомство маман­дары алақан жайып. Ал ұстанымы заң нормаларына қайшы келетініне қарамастан Әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, сертификат алғаны жұртшылық тарапынан үлкен алаң­даушылық туғызып отыр.

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмали бұл жөнінде ойын былай сабақтайды: “Соңғы кездері асыл дінімізді өздігінше бұрмалап, уағыз­дайтын, жеткілікті діни сауаттылығы төмен жекелеген топтар мен тұлға­лардан аяқ алып жүру қиындап кетті. Әсіресе, өз ұстанымын хақ санайтын салафшыл-уахабшыл бағытта­ғылар қоғамдағы әділдік, теңдік секілді құндылықтардың құлдыра­ғанын пайдаланып, буыны қатпаған, ақыл-есі толыспаған жас­тарды өз қата-рына қосуға өте шебер. Шектен шыққан мұндай экстре­мизмге әлеу­меттік жағдайы нашар отбасылар, аз қамтылған жандар да бейім тұрады. Өкінішке қарай, елімізде иманды­лыққа тәрбиелейтін кешенді шара­лар көбіне қағаз жү­зінде қалады”.

Біздің ойымызша, 2011 жылы қабылданған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңға толықты­рулар енгізіліп, тиісті баптарын қатаңдатып, ғасырлар бойы қалып­тас­қан наным-сенімімізге, ата-баба-лар дәстүріне, отбасылық ынтыма­ғымызға, ұлттық құндылықтарымыз­ға кедергі келтіріп, жастарымызды жат қылықтарға итермелейтін ра­дикалды діни ағымдар мен секта­ларға тоқтау салатын мезгіл жетті.

Шәріп НҰРТАЕВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp