Соңғы кездері ислам дінінің атын жамылып, осынау адамзаттық құндылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын теріс пиғылды ұстанымдарын барынша насихаттап, психологиялық жағынан әлі толыса, қалыптаса қоймаған жас буынның ойына да, бойына да тықпалап жүрген деструктивті, радикалды діни ағымдар мен секталар туралы айтылып та, жазылып та жүр. Елінің болашағын ойлаған азаматтарды қазіргі уақытта күндей күйдіріп тұрған көкейкесті проблема бейжай қалдырмасы анық.
“Дүниежүзілік дәстүрлі діндердің съездерін өткізіп жатқан бірден-бір мемлекетпіз” деген атаққа масайрап, “көп конфессиялы елміз деп шетелдерге жақсы атанып жүргенде сақтықты назардан шығарып ал-ғандаймыз. Мемлекеттік рәміздер мен мерекелерді құрметтемейтін, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді, заманауи мәдениет, өнер түрлерін жоққа шығаратын, көпшілік мұсылман ұстанатын Ханафи мазхабын мойындамайтын, зайырлы өмір сүру салтына қарсылық танытатын, заңда белгіленген міндеттерді орындаудан бас тартатын деструктивті діни ағымдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға келді. Осылайша өздерінің діни догмаларын ақиқат ретінде күштеп таңу үрдісін бастады. Басты құндылығы – адам, оның өмірі мен бостандықтары болып табылатын Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттік ұстанымынан тайдырудағы қатері орасан.
“Радикалды діни ағымдардың өкілдері “жихад” ұғымын басқаларға қарулы соғыс жүргізу деп қате түсінеді. Шындығында ол белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету жолында адамның күш, қайрат жұмсауы деген мағынаны білдіреді”, – дейді дінтанушылар. Жат ағымдарға көпе-көрінеу демеу, қолдау жасалғаны жөнінде кезінде қанша дабыл қағылса да, олардың шашбауын көтерушілер, былайша айтқанда, мемлекеттің қаржысын қалтасына басқандар жымқырғандарынан өнер адамдарына, спортшыларға тауыққа шашқан тарыдай жылу беріп, қатарларын молайтып отырды. Тіпті олардың сойылын соққандар түрмеге тоғытыла бастаған кезде қылмысына араша түспек болып, жоғары жаққа хат жазғандардың, жаны аши қалғандардың шын бет-пердесі ашылды. Кейбірінің “Біз олардан жамандық көргеміз жоқ, өнер адамдарын қолдады. Сондықтан оларды босатуды сұраймыз”, – деп сәуегейсігендері жаға ұстатады. Міне, елге тұтқа, пана болады деген азаматтардың “итке тастаған сүйекке” малданып жүргендері, халық ризығын өз меншігіндей оңды-солды шашып, байығандарды жақтай қалған күйкі тірліктері идеологиялық жік-жікке бөлумен айналысып қана қоймай, шенеуніктер арасында бюрократияның кеңінен жайылып, реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себебіне айналды. Жұртшылықтың санасында мемлекет аппараты туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайлы машина деген түсінік қалыптасты. Соның салдарынан көптеген адамдар жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, бұл үдеріс жас буын арасында белең алды. Әлеуметтік кепілдік берілмеді. Табыс іздеп, бірақ барар жері, басар тауы қалмағаннан кейін әсіредіншілдердің тұзағына оңай түсті. “Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүруге әдеттеніп, әскери борышын өтеуді айрықша миссия ретінде мақтаныш санамайтын болды.
Содырлар мен басбұзарлардың басым көпшілігін “әсіредіншілдер” құрайды деген сөздің жаны бар. Президент қаңтар оқиғасы жайлы “Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты”, – деуі көп жайтты аңғартады. Ал жоғары лауазым иелерінің мемлекетке сатқындық жасауы, опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдар басшыларының болуы сыбайластардың өзара мүдделескенін, ымыраласқанын, мұның өзі теріс діни ағым басшылары мен мүшелерінің күні бұрын қаскөйлікпен ойластырған ауқымды операциясы екенін қолдағы деректер де айғақтайды. Осының өзі – ұлттық идеологияның қағаз жүзінде қалғанының, елім-жұртым дейтін азаматтардың құлқынның құлы болып кеткенінің бұлтартпас бір дәлелі.
Жат ағым тек ислам дінінде ғана десек, қателесеміз. “Иегова куәгерлері” жайлы да осылай айтуға болады. Ресейде ол мемлекет институтына қауіп төндіретін экстремистік ұйым, тоталитарлық секта ретінде танылған. Ондаған мың адамның бойында өшпенділік сезімін тудырған. Қазақстандағы бірлестікке келетін болсақ, оның қатарына қазақ жастарының көптеп кіруі ойландыр-май қоймайды. Бұл секта да қазақтың салт-дәстүрлерін жоққа шығарады (тойда шашу шашу, қол жайып бата беру, т.б.). Өскелең ұрпақты антипатриотизмге тәрбиелейді. Яғни, қолға қару ұстауға, әскери қызмет атқаруға болмайды. Азаматтардың негізгі конституциялық құқықтарын елемейді. Мемлекеттік құрылымға бағынбауды насихаттайды, билікті өз қолдарына алуға, өзін-өзі басқаруға шақырады. Қабылданған заңдарды құрметтемейді, мемлекеттік рәміздерден бас тартуға үндейді. Дәстүрлі отбасы институтын мойындамайды, тағысын тағылар. Сектаның түпкі мақсаты қандай деген сауалға теологтар адамдарды ойлау еркінен еріксіз айыру деп жауап берген.
Тақырыпты тарата айтып отырған себебіміз – осы секта өңірімізде тамырын тереңге жайған. Білетіндердің айтуынша, қатарында қазақ жастары көп көрінеді. Бүкіл отбасымен секта құрбаны болғандар да жетерлік. “Басы айналғандар” арасында пәтерлерін, қымбат көліктерін “сыйға тартқандары” да, психикалық дертке шалдыққандары да жоқ емес. Айдың-күннің аманында адасып жүргендер жайлы, сектаның адамгершілік қасиеттермен еш сыйыспайтын жағымсыз әрекеттерінен облыстық дін істері басқармасы, құқық қорғау органдары хабардар бола тұра, шарасыз. “Діни ағымның ісіне араласу үшін жеке тұлғалардан арыз талап етіледі”, – дейді ведомство мамандары алақан жайып. Ал ұстанымы заң нормаларына қайшы келетініне қарамастан Әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, сертификат алғаны жұртшылық тарапынан үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмали бұл жөнінде ойын былай сабақтайды: “Соңғы кездері асыл дінімізді өздігінше бұрмалап, уағыздайтын, жеткілікті діни сауаттылығы төмен жекелеген топтар мен тұлғалардан аяқ алып жүру қиындап кетті. Әсіресе, өз ұстанымын хақ санайтын салафшыл-уахабшыл бағыттағылар қоғамдағы әділдік, теңдік секілді құндылықтардың құлдырағанын пайдаланып, буыны қатпаған, ақыл-есі толыспаған жастарды өз қата-рына қосуға өте шебер. Шектен шыққан мұндай экстремизмге әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар, аз қамтылған жандар да бейім тұрады. Өкінішке қарай, елімізде имандылыққа тәрбиелейтін кешенді шаралар көбіне қағаз жүзінде қалады”.
Біздің ойымызша, 2011 жылы қабылданған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңға толықтырулар енгізіліп, тиісті баптарын қатаңдатып, ғасырлар бойы қалыптасқан наным-сенімімізге, ата-баба-лар дәстүріне, отбасылық ынтымағымызға, ұлттық құндылықтарымызға кедергі келтіріп, жастарымызды жат қылықтарға итермелейтін радикалды діни ағымдар мен секталарға тоқтау салатын мезгіл жетті.
Шәріп НҰРТАЕВ,
зейнеткер.