Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы шақыруымен және Түркия Республикасының Астана қаласындағы елшілігінің ықпал етуімен Ыстамбұл қаласындағы Мармара университетінің оқытушысы, PhD докторы Нұргүл Йылдыз Қызылжар өңіріне арнайы келіп, жастарға түрік тілін үйретіп жатыр. Нұргүл Йылдыз – тәжірибелі оқытушы. Осыған дейін әлемнің бірқатар елдерінде түрік тілінен сабақ берген. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Екінші шет тілінің практикалық курсы” пәні аясында студенттерге тіл меңгертіп жүрген ғалымды әңгімеге тартқан едік.
– Нұргүл Йылдыз ханым, оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Мен Ыстамбұлда дүниеге келдім. Мектепті бітіргеннен кейін Ыстамбұлдағы Мармара университетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнын жақсы бағамен тәмамдап, түрік тілі пәнінің мұғалімі дәрежесіне ие болдым. Содан соң Мармара университетінің магистратурасына құжат өткіздім. Емтиханды сәтті тапсырып, магистратурадағы оқуымды бастадым. Өзбек жазушысы Нимет Эминовтің “Үш әңгімесі” тақырыбында диссертациялық жұмыс жаздым. Біраз жыл түрік тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегеннен кейін Мармара университетіне оқытушылық емтихан тапсырдым. Одан сәтті өткен соң өзім бітірген жоғары оқу орнында жұмыс істей бастадым. Өзің бітірген білім ұясында қызмет ету – керемет сезім.
Магистратурадан кейін өз университетімде докторантураны жалғастырып, Османлы түрікшесі мәтіндерімен жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, оқытушылық өмірім Мармара университетімен байланысты.
– Ғылым докторы ретінде зерттеп жүрген салаңыз туралы айтып берсеңіз.
– Ғылымның мен зерттеп жүрген саласы – тіл мен әдебиет, жаңа түрік тілі және шетелдіктерге түрік тілін үйрету, тілдің немесе диалектінің белгілі бір кезеңдегі жағдайын, құрылымы мен қызметін және сол дәуірге тән ережелерді зерттеу.
– Сізге М.Қозыбаев университетінің студенттері мен оқытушыларына түрік тілінен сабақ беру жөніндегі ұсынысты кім жасады?
– Түркияның Ұлттық білім министрлігі жыл сайын шетелге жұмысқа орналасу үшін кәсіби біліктілік емтиханын ұйымдастырады. Түркияның әртүрлі мемлекеттік университеттерінде жұмыс істейтін көптеген оқытушылар бұл емтиханға өтініш береді. Емтихандарды сәтті тапсырған оқытушылар шетелде жұмыс істеуге құқылы болады. Содан кейін осы оқытушыларға шетелдерден түскен ұсыныстар таныстырылады.
Маған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ұсынылды. Мен бұл ұсынысты қабылдамас бұрын біраз зерттеу жүргіздім. Шындығында, мені не күтіп тұрғанын білмедім. Бірақ мен осы ұсынысты қабылдағаныма қуаныштымын. Бұған дейін Батыс Африкадағы Кот-д’Ивуар еліндегі Феликс Хуфуэ Бойнни университетінде жұмыс істегенмін.
– Егер құпия болмаса, алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз.
– “Сөз ұшып кетеді, жазу қалады” деген нақыл сөз бар. Мен жұртшылыққа пайдалы болатын жұмыстардың басы-қасында жүргім келеді. Сегіз жылға жуық уақыт бойы әлемнің түрлі елдерінен келген студенттерге түрік тілін үйретіп келемін. Әртүрлі елдерде қызмет еттім. Тіл үйрете отырып, өзім де үйрендім. Кез келген тіл мұхит сияқты, оның шегі жоқ. Қасымда жүрген кісілер менің естелік жазғанымды қалайды. Осы жайлы ойланып жүрмін.
Қызылжар өңіріне келгеніме екі ай ғана болды. Солтүстік Қазақстан облысында түрік тілін оқытуды жалғастырғым келеді. Өйткені жаңа ғана бұл жаққа бойым үйренді. Сонымен қатар студенттер тіл үйренуде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келе жатыр. Қызығушылық жоғары.
– Түркия мен Қазақстанның жоғары білім саласында қандай айырмашылықтар мен ұқсастықтарды байқадыңыз?
– Білім екі елге де маңызды. Біз жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, барынша жетілгенін қалаймыз. Бұл – тек білім беру арқылы қол жеткізуге болатын дүние. Жастарды ілім-білімге баулуда оқытушылардың қосар үлесі зор. Екі елдің білім беру жүйесінде айырмашылықтар бар. Мәселен, Қазақстанда студенттердің спорттық және музыкалық сабақтары бар екен. Түркияның жоғары білім беру жүйесінде тиісті салалық кәсіби дәрістерге ерекше назар аударылады. Дәрісханалық сабақтардан бөлек, түрлі үйірмелерде студенттер өздерінің қалауына қарай көркемдік және эстетикалық дамуын жалғастыра алады.
– Қызылжар өңірі, жаңа ұжым сізді қалай қарсы алды?
– Солтүстік Қазақстан облысы – тыныш өңір. Табиғаты біршама қатал, бірақ бұл күнделікті өмірге әсер етпеу үшін барлық сақтық шаралары қабылданған.
М.Қозыбаев университеті – алға нық қадам басып келе жатқан, жақсы қалыптасқан жоғары оқу орны. Университетте әр сала бойынша түрлі іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Менің білуімше, студенттер сабақтан тыс уақытта жұмыс істейді екен. Білім ала жүріп, жұмыс істегендері – құрметке лайық іс.
Ғалымдар мен ұстаз әріптестерім өте еңбекқор. Олар маған барлық жағынан көмектесіп тұрады. Мұндай қамқорлық жаңа ортаға тез сіңісіп кетуіме септігін тигізді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.