Ұлттық поэзиямыздың қалыптасып, толысуына он жетінші ғасырдың екінші жартысында, он сегізінші ғасырдың басында өмір сүрген жерлесіміз Тілеуке Құлекеұлының – Шал ақынның қосқан үлесі де аз емес. Әдетте, біз ол туралы ой өріп, сөз сабақтай қалсақ, ең алдымен қазақтың біртуар ұлы, атақты ғалым-зерттеуші Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне жүгінеміз. “Менің бабам Абылай ханның замандасы Арғын Атығай ішінде Бәйімбет табынан шыққан Шал ақын қазақтың пайда болғанына дейінгі аңыздарды көп жырлаушы еді дейді және Алаштан тараған хандар мен ру басылардың, тайпалардың генеологиясын Құдайберді батырға дейін таратып айтады екен… Бірақ менің қолымда бұл эпос жоқ”, – деп жазыпты ұлы ғалым.
Ақынның көлемді дүниелері – ұзақ эпикалық жырлары бізге де жеткен жоқ. Оны әркім әртүрлі түсіндіреді. Менің ойымша, Шал ақынның кесек те күрделі шығармаларының бүгінгі ұрпаққа жетпей қалуының бір себебі – олардың бәрі бірдей қағазға түспеген. Ол кездегі халықтың сауаты қандай деңгейде болғанын білеміз. Содан да көп дүниелер айтылған жерінде қалып қоюы ғажап емес. Сол сияқты қағазға түскен дүниелердің кейін жоғалып кетуі де мүмкін ғой деген болжам да айтуға болады. Бүгінде біздің қолымыздағы Шал ақынның шығармалары негізінен әр жерде әртүрлі себептермен айтылған шағын өлеңдерден тұрады. Бұдан басқа терме-тақпақтары, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелге айналып кеткен нақыл сөздері де бар.
Ғалым-зерттеуші Ғали Әбетаевтың жазуынша, Шалдың атына телінген өлең-термелердің, тақпақ-толғаулардың жалпы көлемі 1600 тармақтай. Олардың көпшілігі республика Ғылым академиясы Орталық кітапханасының қолжазбалар қорында сақталған. Шал ақынның баспа бетін көрген алғашқы өлеңі “Он бес деген жасым-ай”, – деп басталады, ол 1929 жылы “Жаңа әдебиет” журналында жарияланған.
Он бестегі жасым-ай,
Жарға ойнаған лақтай,
Жиырмадағы жасым-ай,
Көлге біткен құрақтай,
Отыздағы жасым-ай,
Таудан аққан бұлақтай.
Қырықтағы жасым-ай,
Қырымдағыға көз салған,
Байлаулы тұрған құр аттай.
Елудегі жасыңыз
Қайта көшкен ел екен.
Алпыстағы жасыңыз,
Қоңыр салқын күн екен.
Жетпіс жасқа келгенде
Қараңғы тұман түн екен.
Сексен жасқа келгенде
Қазулы тұрған ор екен.
Тоқсан тұрған көр екен,
Өлімнен басқа жоқ екен!
Осылай ақын адамның он бес жасынан қартайған шағына дейінгі өмір жолын айна-қатесіз көз алдымызға келтіреді.
Жерлесіміз, жазушы Ғалым Малдыбаев та Шал ақынның мұраларын жинастыруға көп көңіл бөлген. Ол 1958 жылдың 28-ші қарашасында “Қазақ әдебиеті” газетінде “Шал ақын кім?” – деген мақаласын және оған қоса ақынның сегіз өлеңін жариялаған. Шал ақынның 13 өлеңі 1962 жылы жарық көрген қазақ ақындарының жинағына, 35 өлеңі “Үш ғасыр жырлайды” (1965ж.), бұрын жарияланбаған 12 өлеңі 1967 жылы шыққан “Ертедегі әдебиет нұсқалары” кітабына енді. 1971 жылы “Алдаспан” жинағында 89 өлеңі жарияланды.
“Алдаспан” дегенде, менің ойыма Шал ақынның төртінші ұрпағы болып келетін Қошан Жантілеуов оралады. Қателеспесем, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта кезі болуы керек, ол кезде мен “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде қызмет істеймін, әріптесім, ақын Тоқтар Зікіринмен бірге Сергеевка қаласының іргесіндегі орман шаруашылығына бардық. Іздеген адамымыз – Қошан Жантілеуов ақсақал. Бір күн сол кісінің қасында болып, біраз әңгімеге қанықтық. Қошекең әңгіме арасында Шал ақын туралы да естіген-білгенін айтып отырды. Бірақ мені қызықтырған Қошекеңнің өз тағдыры еді. Ал шындығына келсек, мен ертеде біздің өңірде Шал деген ақынның болғанын білуші едім. Оның есімін алғаш рет өзімнің туған ауылым – Балуандағы сегіз жылдық мектепте оқып жүргенде естіген болатынмын. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, ұстазым, ақын-жазушы Сейтен Лиманұлы Сауытбеков ел арасына тараған Шал ақын жырларын қойын дәптеріне түртіп жүреді екен. Менің балауса жырларымды талдаған сәттерімізде ол есімдері елімізге жақсы танымал ақындарымызбен бірге Шал ақынды да сөз ететін. Бірақ сөздің шыны – ол кезде баламыз, Шал ақын туралы әңгімеге аса үйіріле қойған жоқпын. Кейінірек, жылдар өте, Шал ақын өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылық пайда болып, ол туралы жазылған дүниелерді жинап жүруді әдетіме айналдырдым. Бертін соларды пайдаланып, Қошан Жантілеуұлынан естігендерім бар, Шал ақын туралы бірнеше мақала жаздым, екі кітап құрастырдым. “Дала-бесік” деп аталатын кітабыма енген “Аютас” деген эссем де Шал ақынның өмірі мен шығармашылығына, туған топырағына арналған. “Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің” деген эссем “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланды.
Қалай десек те, ақын бабамыздың жырлары тарихтың қатпар-қатпар қойнауында қалып қойған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, кеудесі алтын сандық қарттарымыздың арқасында оның ақпа-төкпе алау жырлары бүгінгі ұрпақтың да олжасына айналды. Осының өзі-ақ қазақ поэзиясының бастауында тұрған Шал ақын жырларының оқырманын тау суындай арқырап аққан екпін-қуатымен ғана емес, тақырыбының сан-алуандығымен, ғибратты сөздерге толы терең мазмұнымен де баурайтынын аңғартса керекті. Осы ретте, қазақтың көрнекті қаламгері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың “Отан тарихы сабақтары және Қазақстан қоғамының жаңғыруы” деген тақырыпта өткен Қазақстан Республикасы ғылым академиясының арнаулы сессиясында Шал ақынды халқымыздың ұлы перзенттері Абылай, Әбілқайыр, Бұқар жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке билермен, Абай, Шоқанмен қатар атауы тегін емес-ау деген ой келеді.
Қазақта үш ғасырға жуық уақыт бойы шығармалары ел жадында осыншама көлемде сақталған ақындар көп емес. Шал ақын – шын мәнінде қазақтың жыр әлеміндегі ерекше құбылыс. Кейбір зерттеушілер оны қазақ ақындарының атасы деп те жүр. Артық айтылған сөз деуге болмайды. Оның өміршең жырлары бүгінгі ұрпақтың санасына да сәуле түсіріп тұрғаны анық.
Ақынның жақсы мен жаман, дін, әйел, кәрілік, жалпы өмір туралы айтқандары кімді де болсын ойландырады.
Адамзаттың белгілі,
Бұл дүниеден өтері.
Өлгеннен соң белгілі,
Тірлік бір жауап бітері.
Бұл айтқан сөз, құрбылар,
Бір күні болар керегі.
Басты бір аяқ қылады,
Бір Алланың шебері, – дейді ол.
Шал ақын өз жырларында замандастарын өмірде кездесетін келеңсіздіктермен күресуге, адалдық, әділдік сияқты асыл қасиеттерді бойға сіңіруге, арлы, қайырымды болуға, білім қууға шақырады. Бір сөзбен айтқанда, ол өз заманының өзекті мәселелерін көтеріп, халқын ізгілікке үндеген данагөй тұлға.
Тілеуке Құлекеұлының (Шал ақынның) туындыларын зейін қоя оқыған әр адам оның өлеңдерінің көркемдік деңгейіне, қозғайтын мәселелерінің сан алуандығына, алғырлығына, қиыннан қиыстырып айтатын төкпелік, тапқырлық қасиеттеріне, ойшылдық өрнегіне сүйсінбей қоймайды, ірі ақын екендігін мойындайды. Расында да жарық көрген ақын өлеңдері шымыр да шебер өрілген.
Мәселен:
Жер түрлентіп жараттың
Желкілдеген бозымен.
Қой түрлентіп жараттың
Бауырынан емген қозымен.
Ағашты да түрленттің
Жапырағын жайқалтып.
Құстарды да түрленттің
Жұмыртқасын шайқалтып.
Тауларды да түрленттің
Жылғалап аққан бұлақпен.
Ешкілерді түрленттің
Бауырынан емген лақпен.
Көлдерді де түрленттің
Жағалай біткен құрақпен.
Бір жаратқан пендеңмін
Перзент үшін жылаттың.
Балалы арқар маңырайды,
Баласыз арқар зарлайды,
Балалыны көргенде
Екі көзім жайнайды… – деген жолдар ақынның дарқан дарынын, ой мен сөздің бірлігін шашау шығармай бере алатын шеберлігін аңғартады. Ол өзі өмір сүрген ортаның тыныс-тіршілігін, болмыс-бітімін жырларына арқау етіп, өз дәуірінің әлеуметтік, психологиялық, философиялық суреттерін жасап, үлкен ойшыл ақын екенін танытты.
Бұл өлім қайда жоқ?
Жарқыраған айда жоқ,
Күркіреген күнде жоқ.
Өтері өтіп кеткен соң
Мың теңгелік қайғыдан
Бір теңгелік пайда жоқ…
Жарға біткен жантақты,
Жаннан безген жан жейді.
Қабырғадан саз кешіп,
Жүк сүйреген нар жейді.
Кеудесінен оқ тисе,
Уһ демеген ер дейді.
Өткен қайтып келмейді.
Алғанын құдай бермейді… Осы жолдарды нағыз ақындық ойдың алтын тізбегі емес деп кім айтар?!
Шал ақын – өзі өмір сүрген заманның өлшемімен бағалағанда ұстаз алдын көрген, білімнің дәмін татқан адам. Әйтпесе ол:
– Молдадан сабақ алсаңыз,
Алуа, шекер, балмен тең, – деген сөздерді айтпаған болар еді.
Мен өзім талай сөзді хатпен жазғам,
Әзілден мерт болады артық қазған.
Өткен іске өкінсем өмірім зая,
Тұяққа ілінгенді қайта жазбан, – деп хат танитынын кейінгі ұрпаққа паш етіп отыр.
Тағы бір тұста:
Ақын бол, бөгелмейтін тіл мен жағың,
Жазудан тоқталмасын он саусағың.
Артылып алапатың абыройлы
Күн сайын өсе берсін өнер бағың, – дейді.
Тілеуке Құлекеұлының (Шал ақынның) ақындық қырларына тоқтала кетсек, оның өз ортасына қалжыңқой, әзіл-оспаққа жүйрік, айтыскер ретінде де танылғанын айтуға тиіспіз. Ол – қазақ әдебиетінің айтыс өнерінде шағын да болса шығармасы сақталған бірінші ақын.
Кедейлік тақырыбын жеріне жеткізе алған, жырлаған да Шал ақын екеніне ешкімнің дауы болмас. Ол кедейлікті намыс деп білмейді. Сондықтан да:
– Кедейлік ер жігітке намыс емес,
Жоқ болса туысың да таныс емес, – деп жырлайды.
Ақынның тұрақты кәсіпсіз, маңдай терсіз тіршіліктің зейнеті болмайтынын айтып кеткен сөздері дәл бүгін маңызын жойған жоқ. Оның ойынша, кедейлікке, еңбекке мойны жар бермейтін еріншек, әрекетсіз, талапсыз адамдардың өздері кінәлі. “Кенже ұлы кедейліктің ұйқы мырза, ерте жатып, кеш тұрса, жаны ырза”, – деп әлеуметтік құбылыстың ішкі сырларына үңіледі.
Қазаққа пайда мынау: малын бақсын,
Отқа жайып, суарып, бағып, қақсын.
Ұлда бір көз, жалшыда екі көз жоқ,
Соқыр кісі мал жайын қайдан тапсын?
Байлар малын бақса екен өзі жүріп,
Кедей де өлмес еді күнін көріп.
Өз малын өзі бақпай бос қаңғырар,
Бір кедейді жалдайды пайда көріп.
Шал ақын шығармашылығы туралы әңгіме қозғай отырып, оның әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орны туралы жазған өлеңдері туралы бір ауыз сөз айта кетпесек, дұрыс болмас еді.
Алғаның жақсы болса қорғандай-ды,
Жаман болса, қайтесің сормаңдай-ды,
Атың жүйрік, алғаның жақсы болса,
Астыңда жылжып жүрген жорғаңдай-ды…
Тыңдасаң жақсы кеңес құлақ құрышы,
Тәтті ұйқы, қалың төсек, жанның тынышы,
Жүйрік ат, түзу мылтық, сұлу қатын,
Мал мен перзент адамның дәулет құсы…
Қарттың сөзі кітапқа жақын деген,
Жер ортада өлмесін атың деген.
Ер ортада өлмесін қатының деген.
Жігіттің алған жары жақсы болса,
Иманыңнан басқадан жақын деген…
Немесе:
Екі қатын алғанның дауы үйінде,
Жаман қатын алғанның жауы үйінде, – деген сөздері көп жайдан сыр аңғартып тұрған жоқ па?!
Әрине, Шал ақын туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Қорыта айтсақ, қазақтың ауыз әдебиетінің, өзіне дейінгі көркем сөз шеберлерінің үлгі-өнегесін бойына сіңірген Шал ақын шын жыр жүйрігі! Уақыт қанша асығып, ілгері озғанмен оның топшысы талмайды, халқымен бірге жасай береді.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.