«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өнерлі шәкірттердің ұстаханасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Балаларға қосымша білім беру – үздіксіз оқытудың ажырамас бөлігі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде дамытуға, шығармашыл, дарынды балаларды анықтауға, оларға қолдау көрсетуге және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған көп деңгейлі білім жүйесі. Қазіргі қоғам жалпы ұстаз қауымына жаңа талаптар қойып отыр. Мұғалім – рухани дамыған, шығармашыл тұлға, кәсіби дағды мен педагогикалық шеберлік иесі, тың дүниелерге құштар, білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді әдістерін іздестіруші маман.

Оқушылардың қабілетін ашып, дамытуға жан-жақты жағдай жасағанда ғана белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ол үшін баланы шығармашылыққа баулу маңызды. Әрине тәрбиеленуші мен тәлімгердің арасында көпір орнату мақсатында маман ата-аналармен де жұмыс істеуі қажет. Бала шығармашыл тұлға болып қалыптасуы үшін мұғалімнен бөлек, ата-анасы да атсалысқаны абзал.

Қосымша білім беру – жасөспірімдерді кәсіби тұрғыдан жетілдіруге жол ашатын құрал іспетті. Балалардың мектепте алған білімдері мен күш-қуаттарын тәжірибеде іске асыруға да септеседі деуге болады.

Айыртау ауданындағы қосымша білім беру орталығы 2017 жылдың желтоқсан айында ашылды. Бүгінгі күні 690 оқушы тәлім алуда. Оларға 30 мұғалім дәріс беріп, шығармашылық қабілеттерін оятуға көмектесіп келеді. Орталығымызда 11 үйірме бар. Музыка бағытындағы 4 сынып, изостудия, хореография сыныптары жұмыс істейді.

Шәкірттеріміз аз уақыттың ішінде республикалық, облыстық және аудандық байқауларда топ жарып үлгерді. Түрлі номинациялар бойынша өткізілетін сайыстардың І, ІІ, ІІІ дәрежелі лауреаты атанып жүр. Мәселен, Айбота Қалымтай мен Ману Балтабекова Көкшетау қаласындағы Манарбек Бексеитов атындағы V республикалық “Өнер қанаты” атты жас музыканттар байқауында І және ІІ дәрежелі дипломдарға ие болды, ал Айғаным Кенжебаева Қарағанды қаласында өткен “Өнер” атты республикалық балалар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер конкурсында II дәрежелі дипломмен марапатталды және биылғы жылы “Бояулар құпиясы” республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды.

Домбыра сыныбының түлегі Аяжан Тәттібаева “Домбыра – дастан” атты III республикалық күй конкурсында жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Қазіргі уақытта Аяжан – Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледж студенті.

Өткен оқу жылында орталығымызда хореография сыныбы ашылды. Үйірме жетекшісі Мерей Жеңісқызының жас бишілері жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Облыстық “Каблучок” хореографиялық ұжымдарының байқауында І дәрежелі дипломант атанса, “Ақ шағала” фестиваль-байқауында ІІІ орынмен марапатталды.

Үстіміздегі жылғы 20 қарашада облыстық “Жас жұлдыздар” байқауына орталығымыздың хореография, вокал және аспаптық орындау бағыты бойынша білім алып жүрген 50 оқушысы қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Заман ағымына ілесіп келе жатқан үйірмелердің бірі – робототехника. Жас маман Мереке Бекеевтің шәкірттері – Арғын Серікбай, Захар Заслоба, Кирилл Грибанов, Мейірхан Мереке, Дамир Бибатыров, Александр Тимошенко, Ернұр Шыңғожа, Махамбет Қуандық спорттық робототехника бойынша “Robotime” облыстық жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Биыл орталықта дәстүрлі ән сыныбы, бірінші және екінші сынып оқушыларын қазақ және орыс тілдерінде сабаққа қосымша әзірлеу үшін “Балдырған”, сондай-ақ, “Ағаштан өрнек ою”, “Киімді модельдеу және құрастыру”, пікірсайыс үйірмелері ашылып, оларға келуші өрендердің саны артты. Константиновка бөбекжай мектеп-кешенінде үрмелі аспаптар, Бірлестік, Қызыләскер, Қаратал орта және Қарақамыс негізгі мектептерінде шахмат, Антоновка, Дәуқара, Бірлестік орта мектептерінің базасында домбыра ансамбльдері, Саумалкөл қазақ орта мектебінің базасында шеберлер үйірмесі жұмыс істейді.

Қатарымыз жыл сайын жас, талантты педагогтармен толығуда. Оларға барлық қажетті жағдайлар жасалып, педагогикалық жүктемемен қамтамасыз етілген.

Мұғалімдер арасында шығармашыл оқытушыларды анықтау және қосымша білім беру педагогы мамандығының беделін көтеру мақсатында өткен оқу жылында “Қосымша білім беру орталығының үздік педагогы” конкурсы өткізіліп, байқау қорытындысы бойынша 3 оқытушы түрлі номинациялар бойынша марапатталды. “Қосымша білім беру орталығының үздік педагогы” атағына фортепиано сыныбының оқытушысы Фаниль Шаймарданов лайық деп танылып, оған Айыртау аудандық кәсіподақ ұйымының қолдауымен “Сосновый бор” шипажайына жолдама берілді.

“Асыл – тастан, ақыл – жастан” дегендей, ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын жастарды тәрбиелей отырып, әділетті де шыншыл, әдепті де тәрбиелі, ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген жас жеткіншектер қалыптасатынына сенімім мол. Біздің орталықтың бағындырар асулары мен жетер жеңістері әлі де алда.

Бибігүл МЕЙРАМОВА,

Айыртау ауданының қосымша білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp