«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тар заман тақсіреті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жиырмасыншы ғасыр күллі адамзат үшін үлкен бетбұрыстар кезеңі болды. Соның ішінде қазақ халқы да талай азаптан өтіп, небір сыннан аман қалды. Екі бірдей революция, азамат соғысы, екінші дүниежүзілік соғыс, қаншама көтерілістер мен толқулар. Сол зобалаңның бәрінен аман өту ұлтымызға оңай болған жоқ. Еліміздің ертеңі үшін талай боздақ құрбан болып, қаншасы қуғын көрді. Әсіресе саяси қуғын-сүргін жылдары бас көтерер азаматтар жазықсыз жапа шегіп,  ұлтымыздың тұтқасын ұстар ерлер ажал құшты. Қылышынан қан тамған тоталитарлық қоғам орнағаннан  бастау алған репрессия 1953 жылы ғана тыйылғандай болды. Осы уақыт аралығында тұтас бір буынның ұрпағы ата-анасынан айырылып, жоқшылық көріп, жаман атты болып, тентіреп кетті. Жаламен ұсталғандардың өздерінің ғана емес, ұрпақтарының басына да қара бұлт үйіріліп, күдікке ілінді. Осы оқиғалар жадында сақталған аға буын өкілдері сол күндерді көздеріне жас ала отырып еске түсіреді. Ата-бабасының мәңгілік тыныстап жатқан жерін таба алмай жүрген адам аз емес.

Егемендік алғалы саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау, есімдерін жаңғырту, ұрпақтарын табу ісі Қызылжарда да қарқын алды. Осы мақсатта 2003 жылы “Память” қоғамдық қоры құрылды. Облысымыздың құрметті азаматы Болат Сағындықов басқаратын қордың жұмыс істеп келе жатқанына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай өңірде “Халық жауының ұрпағы” атты деректі фильм түсірілді. Туындының тұсаукесері С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өтті. Фильмді түсіруге “Amanat” партиясының облыстық филиалы қолдау көрсетті.

– Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жұмыстардың 20 жылы артта қалды. Алайда бұл бағыттарғы зерттеулер аяқталды деуге әсте келмес. Екі мыңыншы жылдары облыс орталығындағы бұрынғы НКВД ғимаратының орнына мемориалдық кешен орнатылып, қуғын-сүргін құрбандарына, ашаршылық құрбандарына, депортацияланған халықтарға, қудаланған байларға еркерткіштер орнатылды. Кейін көпшіліктің ұсынысымен еркерткіш тақта қойылып, онда жазықсыз жала жабылған қызылжарлықтардың есімі жазылды. Ескерткіш тақта әлі де толықтырылып, жаңа есімдер табылып жатыр. Менің әкем бір жасымда ұсталып, арманда кеткен. Оның жатқан жерін әлі іздеп келемін. Осыған дейін жазықсыз жала жабылғандардың ұрпақтары заңда ескерусіз қалып келсе, алтыншы шақырылымдағы мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманның жетекшілігімен оған өзгертулер енгізіліп, “халық жауларының” ұрпақтарына арнайы статус берілді, – дейді Болат Сағындықов.

Деректі фильмде өңірдегі саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау, “Память” қорының жұмысы, мемлекеттік коммиссияның жұмысы, “Халық жауы” атанғандардың ұрпақтарының одан арғы өмірі, қуғын көрген байлардың тағдыры, облыс орталығындағы мемориалдық кешеннің салынуы жайлы баяндалады. Көрсетілімнен кейін жиналғандар репрессия тақырыбын талқылап, ақтаңдақтар ақиқатын толық жариялау, қаралы жылдарға арналған елдің рухын көтеретін ескерткіштер орнату, мұражай ашу туралы айтты. Тұсаукесерде “Amanat” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, профессор Зарқын Тайшыбай, өлкетанушы, “Асыл мұра” орталығының қызметкері Дәстен Баймұқанов, заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева, туынды сценарийінің авторы Роза Шакенова және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары сөз алып, алғыстарын білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Туындыны түсіруге телеарна, өнер ұжымдарының қызметкерлері, зерттеушілер, кәсіпкерлер де өз көмегін тигізген екен. Түсірілім тобы қолда бар материалдар негізінде болашақта фильмнің келесі бөлімдерін шығаруға ниетті екендіктерін жеткізді. Жарыққа шыққан туынды халыққа кеңінен насихатталып, әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.

 Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp