“Агро Север” ЖШС-ның директоры Николай Луговой туған ауылын көркейтуге, тұрғындардың бақуатты өмір сүруіне жан-жақты қамқорлық көрсетіп келеді. Жуырда серіктестік орналасқан Повозочное елді мекенінде хоккей кортын салды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауданға жұмыс сапары барысында ауылдықтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, әлеуметтік жауапкершілігі үшін шаруашылық басшысына алғысын білдірді. Жас хоккейшілерге спорттық киімдер тарту етті.
“Заман талабына сай тұрғызылған нысан жергілікті жерде спортты дамыту әлеуетін айтарлықтай кеңейтіп отыр. Хоккей корты – маңызды инфрақұрылым ғана емес, тұрғындардың спортпен белсенді шұғылдануына да игі әсері мол нысан”, – деген Ғауез Торсанұлы серіктестік жетекшісіне Алғыс хат табыстады. Шал ақын және Есіл аудандары хоккейшілері арасындағы ойынды тамашалады.
Өңір басшысы осындағы шаруашылықтың жұмысымен де танысты. Қайрат Байбусинов – “Ауыл аманаты” бағдарламасының қатысушысы. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 8,6 млн. теңгеге несие рәсімдеген. Оған 14 жылқы сатып алып, өз ісінінің игілігін көріп отыр. Облыс бойынша 236 адам осындай жеңілдікке ие болған.
Облыс әкімі барған үшінші нысан – “Агро Профи” ЖШС қызмет көрсететін мектеп қазандығы. Аудан әкімі Рахат Смағұлов жылу беру маусымының барысы мен қазандықтарды жаңғырту жайын баяндады. Энергия желілерінің тозығы жеткеніне, ауыстыру қажеттігіне тоқталды.
Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов Сергеевка қаласында қатты дауылдың салдарынан шатыры зақымдалған балабақшаға барды. Аудан басшылығына қалпына келтіру жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде жүргізуді жүктеді.
Өңір басшысы аудандық ауруханада болып, емделушілермен әңгімелесті. Балалар бөлімшесінде ем-дом алып жатқан бүлдіршіндерге жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, тезірек сауығып кетулеріне тілектестік білдірді.
Жұқпалы аурулар бөлімшесін күрделі жөндеуден өткізу, бос тұрған ғимаратты қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Ғауез Торсанұлы жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырып, қаржылай қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Роза КОШЕЛЕВА,
Шал ақын ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.