Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі – ауыл шаруашылығы болса, екіншісі – өндіріс саласы. Соңғы жылдары өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, зауыттар жаңарып, Қызылжардан шығатын өнім түрлері көбейіп келеді. Нәтижесінде облыстағы өндіріс көлемі биыл 574,7 млрд. теңгеге жеткен. Ашылғанына көп бола қоймаса да, даму жолына түсіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – “SMBGROUP Family” серіктестігі. Серіктестіктің зауытында жүк тасымалы саласында сұранысқа ие полипропилен өнімдері шығарылады.
Аталған зауыт 2020 жылы индустрияландыру картасы аясында жұмысын бастаған. Содан бері серіктестік көптеген жобалар мен бағдарламаларға қатысып, бірнеше грант иеленіп, өндіріс қуатын арттыруда. Алғашында 1,5 млрд. теңге инвестиция құйылған зауыт уақыт өте келе, құны 29 млн. теңге болатын 7 мемлекеттік гранттың иесі атанған. Зауытта негізінен ауыр жүктерді тасымалдауға арналған үлкен қаптар, жүк вагондарына арналған слинг-бэгтер шығарылады. Бірнеше қабаттан тұратын, тұтынушының сұранысына сай келетін қаптар құм, цемент, тас, өзге де ауыр материалдарды тасымалдауда кеңінен пайдаланылуда. Бүгінде еліміз мұндай қаптардың жартысын шетелден әкеледі екен. Сондықтан да “SMBGROUP Family” өнімдері отандық нарықта сұранысқа ие. Зауытта күнделікті тұрмыста пайдаланыналатын 25 келілік қаптардан бастап, сыйымдылығы 4 тоннаға дейін жететін биг-бегтерге дейін шығарылады.
Солтүстікте шығарылатын полипропилен контейнерлер осы күні тау-кен өнеркәсібінде, тұз, минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорындарда, цемент, мұнай-химиялық және химиялық зауыттарда пайдаланылады. Өнім Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарына сай. Зауыттағы заманауи қондырғылар да өнім сапасына оң әсер етуде. 4 тоннаға дейін жүк сыйатын, -60 пен +90 градус температураға шыдас беретін, экологиялық жағынан зиянсыз контейнерлерде өнімді бір жылға дейін сақтауға болады. Бір реттік қолдануға арналған жұмсақ контейнерлерде қант, тұз сияқты азық-түлік өнімдерінен бастап, құрылыс материалдары, тыңайтқыштарға дейін тасымалданады.
– 2020 жылы мұнда айлық қуаттылығы 120 тонна болатын өндіріс желісі іске қосылды. Біз тауар сапасы, жылдам жеткізу, кәсіби кадрдарды табыс кілті санаймыз. Компания ашылғаннан кейін бірден табысқа жету оңай болмайтыны белгілі. Біз тек 2025 жылға қарай пайдаға кенелеміз деп жоспарласақ, бұл жоспарымыз 2022 жылы жүзеге асты. Өндіріс аумағы 11,5 мың шарлы метрді алып жатыр. Компаниямыз еліміздің және шетелдің ірі өндіріс орындарымен серіктестік орнатқан. “Корпорация қазақмыс”, “Kazzing”, “Kaz minerals”, “Алтыналмас” сияқты өндіріс орындарымен серіктестікте жұмыс естейміз, – дейді зауыттың коммерциялық директоры Димаш Коржов.
Нарықтағы сұраныстың артуына байланысты кәсіпорын биыл өндіріс аумағын кеңейтіп, қуаттылығын ай сайын 480 тоннаға дейін арттыруда. Бүгінде мұнда 300-ге жуық адам еңбек етеді. Бір ғана тігін цехының өзінде 100 адам қаптарды тігумен айналысады. Мұнда жұмысшылылар үшін бірқатар жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек қарастырылған. Жұмысқа тұрғысы келетінденден жұмыс тәжірибесі талап етілмейді. Тәжірибесі жоқ жастарға жұмыстың жай-жапсары зауытта үйретіледі. Өндірістегі тігін жұмыстарымен айналысатындардың дені бұрымдылар. Тігіншілерге алғашқы үйрену уақытында бөлек ақы төленеді. Кейін маман ауысымдық немесе күндізгі график бойынша жұмыс тәртібін таңдап, іске кіріседі. Еңбек етушілерге әлеуметтік пакеттен бөлек қызметтік көлік, жатақханалар қарастырылған.
Биылғы жыл кәсіпорын үшін табысты болды. Жыл қорытындысы бойынша “SMBGROUP Family” серіктестігі “Алтын сапа” сыйлығының “Іскер” номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Өңірде өткен “Қазақстанның үздік тауары” байқауында жеңімпаз атанған серіктестік республикалық додада да топ жарды. “Алтын сапа” марапаты серіктестік басшыларына елорда төрінде Мемлекет басшысының қатысуымен өткен шарада табысталды.
– Биылғы жылды жақсы жетістіктермен қорытындыладық. Кәсіпорын кеңейіп, өндіріс көлемі артты. Жаңа қондырғылар іске қосылып, жас мамандар жұмысқа қабылданды. Зауытты одан әрі дамыту бойынша біраз жұмыстар келер жылға жоспарланған. 2023 жылдың басты жетістігі – “Алтын сапа” сыйлығын иеленгеніміз. Өңірлік кезеңнен өткеннен кейін елордаға барып, зауытымызды таныстырдық. Нәтижесінде серіктестік жұмысы оң бағаға ие болып, сыйлық табысталды. Келер жылы да алға қойған мақсаттарымыз көп, – дейді Димаш Коржов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.