«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өнімдері сұранысқа ие

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі – ауыл шаруашылығы болса, екіншісі – өндіріс саласы. Соңғы жылдары өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, зауыттар жаңарып, Қызылжардан шығатын өнім түрлері көбейіп келеді. Нәтижесінде облыстағы өндіріс көлемі биыл 574,7 млрд. теңгеге жеткен. Ашылғанына көп бола қоймаса да, даму жолына түсіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – “SMBGROUP Family” серіктестігі. Серіктестіктің зауытында жүк тасымалы саласында сұранысқа ие полипропилен өнімдері шығарылады.

Аталған зауыт 2020 жылы индус­трия­ландыру картасы аясында жұмысын бастаған. Содан бері серіктестік көптеген жобалар мен бағдарламаларға қатысып, бірнеше грант иеленіп, өндіріс қуатын артты­руда. Алғашында 1,5 млрд. теңге инвестиция құйылған зауыт уақыт өте келе, құны 29 млн. теңге болатын 7 мемлекеттік гранттың иесі атанған. Зауытта негізінен ауыр жүктерді та­сымалдауға арналған үлкен қаптар, жүк вагондарына арналған слинг-бэгтер шығарылады. Бірнеше қабат­тан тұратын, тұтынушының сұраны­сына сай келетін қаптар құм, цемент, тас, өзге де ауыр материалдарды тасымалдауда кеңінен пайдала­ны­луда. Бүгінде еліміз мұндай қаптар­дың жартысын шетелден әкеледі екен. Сондықтан да “SMBGROUP Family” өнімдері отандық нарықта сұранысқа ие. Зауытта күнделікті тұрмыста пайдаланыналатын 25 ке­лілік қаптардан бастап, сыйымды­лығы 4 тоннаға дейін жететін биг-бегтерге дейін шығарылады.

Солтүстікте шығарылатын поли­пропилен контейнерлер осы күні тау-кен өнеркәсібінде, тұз, минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорын­дарда, цемент, мұнай-химиялық және химиялық зауыттарда пайда­ланылады. Өнім Қазақстан­ және Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарына сай. Зауытта­ғы заманауи қондырғылар да өнім сапасына оң әсер етуде. 4 тоннаға дейін жүк сыйатын, -60 пен +90 гра­дус температураға шыдас беретін, экологиялық жағынан зиянсыз кон­тейнерлерде өнімді бір жылға дейін сақтауға болады. Бір реттік қол­дануға арналған жұмсақ контейнер­лерде қант, тұз сияқты азық-түлік өнімдерінен бастап, құрылыс мате­риалдары, тыңайтқыштарға дейін та­сымалданады.

– 2020 жылы мұнда айлық қуат­тылығы 120 тонна болатын өндіріс желісі іске қосылды. Біз тауар сапа­сы, жылдам жеткізу, кәсіби кадр­дарды табыс кілті санаймыз. Ком­пания ашылғаннан кейін бірден та­бысқа жету оңай болмайтыны белгі­лі. Біз тек 2025 жылға қарай пайдаға кенелеміз деп жоспарласақ, бұл жос­парымыз 2022 жылы жүзеге асты. Өндіріс аумағы 11,5 мың шарлы метрді алып жатыр. Компаниямыз еліміздің және шетелдің ірі өндіріс орындарымен серіктестік орнатқан. “Корпорация қазақмыс”, “Kazzing”, “Kaz minerals”, “Алтыналмас” сияқты өндіріс орындарымен серіктестікте жұмыс естейміз, – дейді зауыттың коммерциялық директоры Ди­маш Коржов.

Нарықтағы сұраныстың артуына байланысты кәсіпорын биыл өндіріс аумағын кеңейтіп, қуаттылығын ай сайын 480 тоннаға дейін арттыруда. Бүгінде мұнда 300-ге жуық адам ең­бек етеді. Бір ғана тігін цехының өзінде 100 адам қаптарды тігумен ай­налысады. Мұнда жұмысшылылар үшін бірқатар жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек қарастырылған. Жұмысқа тұрғысы келетінденден жұмыс тәжірибесі талап етілмейді. Тәжірибесі жоқ жастарға жұмыстың жай-жапсары зауытта үйретіледі. Өндірістегі тігін жұмыстарымен ай­налысатындардың дені бұрымды­лар. Тігіншілерге алғашқы үйрену уа­қытында бөлек ақы төленеді. Кейін маман ауысымдық немесе күндізгі график бойынша жұмыс тәртібін таңдап, іске кіріседі. Еңбек етуші­лер­ге әлеуметтік пакеттен бөлек қыз­меттік көлік, жатақханалар қарасты­рылған.

Биылғы жыл кәсіпорын үшін та­быс­ты болды. Жыл қорытындысы бо­йынша “SMBGROUP Family” серік­тестігі “Алтын сапа” сыйлы­ғының “Іскер” номинациясы бойын­ша же­ңім­паз атанды. Өңірде өткен “Қа­зақстанның үздік тауары” байқа­уын­да жеңімпаз атанған серіктестік рес­публикалық додада да топ жарды. “Алтын сапа” марапаты серіктестік бас­шыларына елорда төрінде Мем­лекет басшысының қатысуымен өткен шарада табыс­талды.

– Биылғы жылды жақсы жетістік­тер­­мен қорытындыладық. Кәсіп­орын кеңейіп, өндіріс көлемі артты. Жаңа қондырғылар іске қосылып, жас мамандар жұмысқа қабылдан­ды. Зауытты одан әрі дамыту бо­йынша біраз жұмыстар келер жылға жоспарланған. 2023 жылдың басты жетістігі – “Алтын сапа” сыйлығын иеленгеніміз. Өңірлік кезеңнен өт­кен­нен кейін елордаға барып, за­уытымызды таныстырдық. Нәтиже­сінде серіктестік жұмысы оң бағаға ие болып, сыйлық табысталды. Ке­лер жылы да алға қойған мақсат­тарымыз көп, – дейді Димаш Кор­жов.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp