«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Руды білу — міндет, руға бөліну — індет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес үкіметі кезінде қазақ халқының тарихы мектепте, жоғары оқу орындарында өте қысқа әрі бұрмаланып оқытылды. Сол кездегі идеалогияда шежіреде аталатын үш жүз, ру, тайпа, аталар деген қасиетті ұғымдар ескілікке, ұлтшылдыққа апаратын, кертартпа жолға түсіретін жол деп саналды. Осындай идея біздің қазақтың ұғымына әбден сіңіп қалғандығы сондай “ру” деген сөзді естісе “Бізге осының керегі қанша?” – деуге дейін барған едік. “Жеті атасын білмеген жетесіз”, – деген сөз бекер айтылмаған.

Осы ретте бұдан 20-25 жыл бұрын орын алған бір келеңсіз оқиғаны баяндай кетейін. Әскерден келген бір жігіттің тойында отырмыз. Жан-жақтан жиылған туыстары той басталғанша әңгіме айтып, жасы үлкен бір шежіреші қарияны ұйып тыңдап отыр. Әңгіме төркіні ру туралы өрбуде. Белгілі бір руды таратып, одан шыққан батырлар туралы әңгімесін жалғаған әлгі қарияның сөзін жасы 30-40 шамасындағы бір ұшқалақ жігіт бөле берді. Қария болса біраз үнсіз отырды да: “Сен кімсің, еліңді, руыңды, аталарыңды білесің бе, өзің?” – деп сауал қойды. Әлгі жігіт: “Мен Покровка селосынанмын, қазақпын, руымды не скажу, потому что незнаю”, – деді ыржалақтап. Сонда әлгі қария оған жиіркенішпен қарап: “Руын жасырған мүртет екенсің, сенен тараған ұрпақтарды аяймын”, – деген еді. Осы жағдай есімде сақталып қалыпты.

Еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болған соң жұрт өз ата-бабаларының тарихын таразылай бастады емес пе? Бұл шаруа кеңес заманы тұсында да атқарылған. Бірақ қазіргідей белең алмаған болатын. Бірқатар зиялы азаматтар өз руының тарихын, яғни, шежіресін іздеп, кітап шығарды. Олар деректерді көктен алған жоқ, архивтерден тапты, көнекөз қариялардан естігендерін қағазға түсірді. Қызылжар, Көкше өңірінің тарихи-танымдық жинағын жазған Тортай Сәдуақасовтың “Ел мен жер” шежіресі, Зейнолла Олжабайдың “Уақ-Шоға” руы, белгілі өлкетанушы Қайролла Мұқанов марқұмның туған ауылы “Ынтымақ ауылы”, көрші “Жалтыр ауылы”, “Асыл мұра” орталығы шығарған “Арманды ақын”, “Мерген”, ұлағатты ұстаз Нұрғожа Қалиевтің, жазушы Жақсыбай Самраттың “Тауағаш деген ел едік” сынды кітаптары қазақ руларынан мол ақпарат беретін оқылымды дүниелер. Мен сол туындылардан өзімнің ата-тегімді тауып алдым. Руды білудің қажеттігі – тегіңді біліп, ерте замандағы батыр бабаларыңды, қазіргі уақытта рулас, туыстарыңды біліп танысу. Рулас адамдар туыстық, қамқоршылық, қиыншылық пен қуанышты бөлісетін қасиетті оятады.

Ру атауының ендігі бір маңыздылығы көрнекті адамдардың есімінің алдында тұратыны. Мысалы: Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қарақыпшақ Қобыланды, Уақ Баян т.б. Тіпті қайтыс болған адамдардың қабірі басындағы құлпытасына алдымен руын, тайпасын жазу атам заманнан келе жатқан дәстүр.

Тағы да мысал келтірейін, менің Дәурен есімді ұлым Астанада тұрады. Полковник деген шені бар. Мамандығы тарихшы болғасын ба, Уақ-Шоғадан тараған бабаларын тізіп қағазға бастырып, қабырғаға іліп қойыпты. Бұл деректерді мен әкем Ержаннан 12 жасымда қағазға түсіріп алған едім. Өмірден озарында: “Балам, қағазға түртіп ал, руыңды, жеті атаңды біл, заман қандай болады”, – деп аманаттаған болатын. Сол сарғайып қалған дәптерді ұлыма тапсырып: “Немерелеріме таныстыр”, – дедім. Баламның сөзімді жерге тастамағанына қуанамын. Менің руым сонау Уақтан тарайды екен. Уақ Жаубасардың баласы, ұраны да Жаубасар. Ер Көкше, Ер Қосай, Баян Батыр, немере ағасы Сары батыр, Қамбар батыр бәрі Шоғадан тарайды. Бертінге келсек Баймағанбет Ізтөлин, Абдрахман Айсарин, өлкемізге белгілі ақын Ерік Асқаров, кезінде партия ұйымының хатшысы болған Қасым Омаров, өлкетанушы Социал Жұмабиев, спорт ардагері Жамбыл Тасеменов Шоғаның ұрпақтары. Соңғы кездері батыр бабаларының басына кесене соғып, аруақтарға бата қылатын жақсы бір дәстүр қалыптасты. Мысалы, Тимирязев ауданына қарасты Докучаев ауылының маңындағы Дос көлінің жанында орналасқан зиратқа жерленген Сары, Сүйір батырларды Уақ, Шоғадан тараған ұрпақтары өз қаржыларына кесене салу арқылы еске алды. Ақжан ауылы маңайында Меңдеке батырға, Аралағаш маңында Жансүгір, Жамантау баурайында Құлсары әулиеге, Торсан, Құртай би сынды тағы басқа атақты бабаларға ескерткіш орнатты.

Тағы бір байқағаным, рулас адамдар ерте кезден бір жерге қоныс тебеді екен. Тарихи кітаптарды оқып отырып, Уақ руы Кереймен ағайындас екеніне көз жеткіздім. Уақ пен Керейдің алғашқы мекені сонау Алтайдың арғы жағы, Моңғолияның батысы. Жаукершілік заманда ығысып, қазіргі Солтүстік Қазақстан, Павлодар жерлеріне, Қостанай обылысының Обаған өзенінің маңайына қоныстанған.

Ал біздің өңірге келсек, Есіл өзенінің оң жақ ағысын бойлай Атығай, оның ішінде Қойлы Атығай, Бабасан, Ақ киік орналасқан. Есілдің сол жағында Керей, оның ішінде Көшебе, Самай, Қантай, Сибан т.б. тұрады.

Жеті атаны, руды білу, шыққан тегімізді ұмытпау – басты міндетіміз. Шыны керек, қазіргі уақытта шежіреші қариялар азайып бара жатыр. Жастардың ру туралы білімдерінің таяздығына осы олқылық себеп болуда.

Ысқақ АРҚАЕВ.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp