Жаңа жолға түскеніміз анық
“Қазақ газеттері” ЖШС-ның Бас директоры, белгілі қаламгер, ғалым Дихан Қамзабекұлының Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен сұхбаты шынында да көлемді екен. Еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты көптеген мәселелер қамтылыпты. Бүкіл саналы ғұмырымды бұқаралық ақпарат саласына арнаған адам болғандықтан, сұрақтарды өзім қойып отырғандай күй кештім. Ол ол ма, іштей өзімше жауап беруге де тырыстым. Жалпы маған Президенттің әңгімесі ұнады. Сұрақтарды ұсақ-ірі демей, бүкпесіз әңгіме өрбіткен.
Өткен жылдың қорытындылары туралы Президент: “Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, “жайлы мектептер” бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтардың жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды”, – деді.
Қанша көлемді болса да, бір сұхбатта жыл ішінде тындырылған барлық істерді жіпке тізгендей түгендеп шығу мүмкін емес. Қайда болмасын атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Шынымды айтайын, біз ел тізгінінін Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаннан бері мүлде басқа мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Рас, әзірше жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құрып тастадық деп кеудемізді қаға алмаспыз. Бірақ бағытымыз – айқын, мақсатымыз – биік, сол жолға түскеніміз анық. Президент айтып отырғандай, “…осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек”.
Біз бәрінен айырылып қала жаздадық
Президент қасіретті қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға да әдеттегідей тура жауап беріп, қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын ашық айтып отыр. Бұл ретте сұрақ та орынды, жауап та салмақты шыққан деп ойлаймын. Өйткені, жасыратыны жоқ, әлі күнге дейін арамызда бейбіт шеру еді, билік неге қару қолданды дейтіндер бар. Оларға менің айтарым, қайдағы бейбіт шеру?! Лаңкестіктің, содырлықтың бұдан асқан қандай сорақы түрі, өзіміз айтып, жазып жүргендей, ата-бабаларымыз үш ғасыр бойы қанын төгіп, жанын беріп жүріп жақындатқан басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізге қол көтеруден асқан қандай ауыр қылмыс болуы мүмкін?! Кешегі Алаштың арыстары осы жолда не көрмеді?! Олар өз өмірлерін осы Тәуелсіздік үшін, бүгінгі ұрпақтың бақытты өмірі үшін құрбан етпеп пе еді?! Олай болса, сол күндері көшеге шығып, өз шаңырағын өзі шайқалтып, іргесіне өз қолымен от қойған қанқұйлы қарақшыларды лаңкес, содыр демегенде кім деп атаймыз?! “Іштен шыққан жау жаман” деп бабаларымыз бекерге айтпаған ғой, жауапкершіліктен жұрдай тобыр өз халқына өзі соғыс ашты, жазықсыз жандарға ажал құштырды. Сөйтіп, ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттігіміздің басына қара бұлт үйірілді. Тәуелсіздік былай тұрсын, елден, жерден айырылып қала жаздадық. Біз қаңтардың қаралы күндерінде нағыз соғысты көрдік.
Егер Президентіміз қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалап, тығырыққа тірелген елді, бейбіт халықты қорғаудың пәрменді шараларын қабылдап, жедел жүзеге асырмағанда алдын ала жан-жақты ойластырылған, мұздай қаруланған содырлардың сойқаны неге әкеліп соқтыратынын болжаудың өзі қиын еді. Біле білсек, Мемлекет басшысының табандылығының, ерік-жігерінің, батыл іс-қимылдарының арқасында ғана аман қалдық. Ақиқаты сол, ел басына күн туғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, батыл қимылдап, өзінің нағыз көшбасшы екенін дәлелдеді.
Бақ бағалағанның басына қонады
Рас, соңғы 30 жылда біз бәріміз ауызбен орақ орып, жұмақта өмір сүріп жатқандай әсерде болдық. Қазақстан байлығының жартысы санаулы адамдардың қолына өтіп кеткенін енді біліп жатырмыз. Президент халықтан ештеңені жасырып отырған жоқ, әр сөзінде елдегі жағдайдың күрделі екенін дәттеп, оның бәрін бірлігімізбен, ұйымшылдығымызбен, елдегі тыныштықты сақтай отырып қана ретке келтіре алатынымызды, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің бір күнде, бір айда, тіпті бір жылда шешіле қалмайтынын айтуда.
Сұхбаттан түйген тағы бір ой – қазір біз үлкен өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Қоғамды демократияландыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мақсатымыз – халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру. Өркениет жолын таңдадық. Президент, Парламент, Үкімет әділетті қоғам орнатуға, монополияларды жоюға, саяси трансформация жасауға, еліміздің экономикалық дамуын жеделдетуге күш салуда. Осы істерден қоғамның әрбір мүшесі шет қалмауға тиіс. “Баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды”, – дейді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлының жалпыұлттық құндылықтар, сапалы ұлт қалыптастыру жолдары туралы айтқан ойларын да қос қолымды көтеріп, қолдаймын. Расында да еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік қана бізді табысқа жетелейді.
Бәріміз де елдің болашағын ойлаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дейміз. Ол үшін бізге ең бастысы бірлік керек!
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы.