Газетіміздің мазмұнын түрлендіру мақсатында, қалың оқырманға тарту ретінде “Aşyq äñgıme” айдарын ұсынып отырмыз. Оның барысында өңірімізге, елімізге белгілі түрлі сала өкілдерімен сұхбаттасып, еңбек жолы, өмірлік ұстанымы, қоғамды толғандырып отырған өткір мәселелер жайында ашық әңгіме құрмақпыз. Тың айдардың алғашқы қонағы – жерлесіміз, “Ұлттық ғылыми медициналық орталық” АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин.
– Абай Қабатайұлы, республикадағы тарихи қорымдардың бірегейі, бүгінде бүкіл әлем адамзат жылқыны алғаш қолға үйретіп, мініс көлігі ретінде пайдаланған, бие байлап, қымыз ашытқан ең көне мекен ретінде танитын Ботай қонысында кіндігіңіз кесілген екен. Осынау киелі жердің қадір-қасиетін қазақстандықтар шетелдіктердей сезіне алды ма, әлде бардың қадірін бағалай алмай жүрміз бе?
– Айыртау өңірінде орналасқан Ботай ауылының аймағына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу өткен ғасырдың 70-80 жылдары қолға алынғаны белгілі. Оны төрткүл дүниеге танытушылардың қатарында солтүстікқазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберттің есімі алдымен аталады. Ол өз еңбектерінде Ботай мәдениеті адамзаттың мыңдаған жылдарға алға даму бағытын белгілеп, жылқы көлік дәуірінің бастауына айналған дала өркениетінінің барлық негізін қалыптастырғанын нақты айғақтармен дәлелдеп берді.
Алайда көпшілік Ботай мәдениетінен хабардар болғанымен, кімнің атымен аталатынын біле бермеуі мүмкін. Ботай – оқыған-тоқығаны мол, өз заманының төбе биі. Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы шығып, қызмет етуден бас тартқан. Оның әкесі Досан да – қазақ тарихында өз орны бар тұлғалардың бірі. Менің арғы бабам Жәпек батыр Абылай ханның бас қолбасшыларының бірі болған. Ботай ұрпақтарының бірі – Қалит Зікірияұлы министр, Манарбек Бүркітбайұлы Көкшетау қаласының әкімі қызметтерін абыройлы атқарды. Тарих және медицина ғылымдарының докторлары Әміржан Шалтықов пен Әділ Хамзиннің де есімдері мақтанышпен аталады.
Өкінішке қарай, осынау тарихи орынның ашылуына бірден-бір себепші болған Есләмбек Зікірияұлы ағамыздың есімі ұмыт қалған сияқты. Ол Никольск мектебінде тарихшы болып еңбек етіп жүргенде одан 3-4 шақырым жердегі Ботайдың құпия сырларына қатты қызыққан, хал-қадірінше зерттеген. Иман-Борлық өзені жағасындағы мал сүйектерін жинастырып, Көкшетау облыстық мұражайына тапсырған. Онда оншақты жыл экспонат ретінде тұрған жәдігерлерді Петропавл пединститутының жас оқытушысы Виктор Федорович байқап, Ботай мәдениеті осындай кездейсоқ жағдайда ашылған. Сондықтан ардақты жанды ұмытпай, құрмет көрсеткеніміз артықтық етпейді.
– Ағылшын тілін ана тіліңізден кем білмеуіңіз қызмет барысында өмірлік кәдеңізге жараған шығар?
– 1953 жылы Казгородок балалар үйі жанындағы мектепке бірінші сыныпқа барып, онда бастауыш білім алдым. Кейін партиялық қызметте жүрген әкем жұмыс бабымен Алматы қаласына ауысып, оқуымды №25 мектепке жалғастырдым. Гимназия қазір көрнекті жазушы І.Есенберлиннің атында. Бұл білім ошағын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, белгілі қаржыгер Дәулет Сембаев, “Алтын адамды” тапқан әйгілі археолог Кемел Ақышев, нейрохирург Юрий Аношин, өнертанушы Анатолий Кельберг бітірген. Бастапқыда қатты қиналдым, шет тілдерін тереңдетіп игеру өте ауыр соқты. Сондықтан ағылшын тілімен қосымша шұғылдануға тура келді. Бойымдағы барлық ерік-жігерімді, ұшқыр ой-қиялымды жұмсай отырып, қатарластарымнан қалыспадым. Ағылшын тілінде еркін сөйлеп, қатесіз жаза алатын болдым.
Ағылшын тілін терең меңгеруім шетелдік әріптестерімнің тәжірибесімен тұпнұсқа түрінде танысуыма үлкен септігін тигізді. Бір мысал келтірейін. 1978 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас болуымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселелері бойынша халықаралық конференция өтіп, оған 138 елден өкілдер қатысты. Бұл жиын маған ұмытылмас әсер қалдырды. Ағылшын тілін әрі медицина қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген маман ретінде форумның бел ортасында жүрдім. Сонда шетелдік әріптестерімнен үйренерім әлі көп екенін түсіндім.
Бірде шетелде білім алуға талапкерлерге іріктеу жарияланып, ешбір ойланбастан құжат тапсырдым. Қойылған талап бойынша ағылшын тілін білу, КОКП қатарында болу, туыстардан саяси күдік табылмауы тиіс. Бұдан бөлек, кеңес одағының әр түкпірінен жиналған үміткерлер Мәскеуде бірнеше кезеңнен тұратын қосымша қатаң сынақтардан өтетін. Оның соңы КОКП орталық комитетінде сұхбатпен аяқталатын. Мен Женевадағы халықаралық денсаулық сақтау жөніндегі магистратураға жіберілген жалғыз қазақстандық болдым. 1980 жылы “Халықаралық денсаулық сақтау шебері” атағымен оралдым.
1982 жылы штаб-пәтері Делиде орналасқан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне арналған ДДҰ-ның аймақтық кеңсе басшысының орынбасарлығына тағайындалдым. Жиі кездесетін әртүрлі жұқпалы аурулармен бірлескен күресте тәжірибе жинақтадым.
– Мамандыққа деген қызығушылық әртүрлі туындайды. Біреулер ата-ана жолын таңдайды, енді біреулері саналы көзқараспен келеді. Сізде мамандық таңдауда күмән болды ма?
– Атам Байгенжені қызылдар атуға алып бара жатқанда жанашырлары бес жастағы ұлы Қабатайды орыс пешінің ішіне тығып, өлімнен аман алып қалыпты. Бірақ от қызуы басылмаған пеште денесін күйік шалып, тыртығы қалып қойған. Сталинград үшін шайқаста оқ өкпесін тесіп өткен. Ауыр жарақатын қанша білдірмеуге тырысқанымен, сезіп қалатынмын. Соны көріп өсіп, торокальды хирург мамандығын өз еркіммен, жүрек қалауыммен таңдадым. 1964 жылы Алматы медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, 1970 жылы бітіріп шықтым.
Гиппократ антында “Науқастарға зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, бар шама-шарқым мен қабілетіме қарай оларға пайдасы тиетіндей көмек көрсетемін. Қайсы үйдің босағасын аттасам да, науқастың қамын ойлаймын, қасақана қиянат пен қастандық жасаудан аулақ боламын”, – деген сөздер бар. Демек, дәрігер кез келген уақытта қол ұшын беруге әзір тұруы тиіс. Тіпті сырқаттанып тұрсаң да, өз борышыңды атқаруға міндеттісің. Хирургтық жұмыс маған жаңа әрі қызықты міндеттерді ғана белгілеп қоймай, кәсіби қиыншылықтармен де жүздестірді. Оның ішінде, ең бастысы, практикалық тәжірибенің болмауы. Өкінішке қарай, қазіргі студенттер жоғары білім ала жүріп, адам ағзасының тіндерімен арнайы жұмыс тәжірибесін және мануалды машықты меңгермейді. Адам денесіндегі жекелеген органдардың құрылымын суреттен ғана көріп, оқып-үйрену жеткіліксіз. Отаны сыртынан қарап, бақылау, өзіңнің жасағаның бір басқа, ал қасыңда тәлімгерің болмаса, өте қиын. Біздің кезімізде кез келген хирург бастапқыда өзгелердің ота жасағанын бақылайтын, содан соң көмекші болып, кейін дербес кірісетін. Бір аңғарғаным, өзін-өзі тәрбиелеу – өте ұзаққа созылатын үдеріс. Бұған дайын болмаса, басқа кәсіп іздеген дұрыс. Дәрігер уақыттан тыс өмір сүреді десе де болады. Өйткені, адамдар кесте бойынша ауырмайды. Бұған менің көзім сан мәрте жеткен. Нартәуекелге бел буған сәттер аз емес. 1971 жылдың 1 қаңтарға қараған жаңа жылдық түнінде “Бурабай” республикалық туберкулезге қарсы санаторий жанындағы өкпе хирургиясына масаң күйдегі бір сарбаз жеткізілді. Күтуге уәде берген қызының тұрмысқа шығып кеткенін естіп, өзін-өзі бытыралы мылтықпен атып жіберген. Оқ денесінің бір бөлігін жұлып әкеткен. Қан тоқтамай ағып жатыр. Рентгенологиялық тексеріс жүргізуге уақыт өте тапшы. Институтты енді бітіріп келсем де, күрделі ота жасауға шұғыл кірістім. Әр бытыраны сипап тауып шығарғанша ота екі сағатқа созылды. Қатты шаршап, талықсып тұрғаныма қарамастан көңілім тоқ. Себебі қыршындай жас жігіт өмірге қайтып оралды. Ең басты жеңіс – осы.
– Сіз 2004 жылдан бері басқарып келе жатқан “Ұлттық ғылыми медициналық орталық” АҚ елімізбен қатар тысқары жерлерге де танымал. Қандай бағдарлар бойынша қызмет көрсетесіздер?
– Клиника қабырғасында күрделі әрі бірегей оталар жүргізіліп, 188 мыңнан астам науқасқа стационарлық көмек көрсетілді. Бұл – мыңдаған адамның өмірі мен қайта соққан жүректер деген сөз. Осы уақыт ішінде 158 мыңнан астам ота жасалса, 76 мыңы – жүрек отасы (оның ішінде 6 мыңнан астамы балаларға жасалған кардиохирургиялық ота), 21 мың ашық ота, 35 мың эндоваскулярлық ота, 17 мың аритмологиялық ота.
Хирургтеріміз 2018 жылдан бастап онкологиялық бейіндегі 995 ота, оның ішінде жүрек-тамыр ауруларына әкеп соққан, құрсақ және көкірек қуысындағы органдарда қатерлі өскіндері бар 57 науқасқа симультантты хирургиялық ота жасады. ҰҒМО – онкологиялық дерттен зардап шегетін науқастарға осындай бір сәттік оталар жасайтын Қазақстандағы жалғыз орталық.
2020 жылдан бастап клиника базасында нейрохирургия бөлімі ашылып, онда мидың діңгегі мен негізіндегі анағұрлым күрделі, сонымен қатар, бас миы тамырындағы өскіндерді алып тастау бойынша ота жасалады. Осы кезең ішінде 455 науқас емделіп шықты.
2007 жылдан бері респираторлық аурулармен күрес жөніндегі жаhандық альянстың құрамындамыз. Осы жылы “Денсаулық сақтау ассамблеясы” қоры “Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін” халықаралық атағын берді. EQAS (USA) диагностикалық зертханаларына, халықаралық стандарттар мен медициналық ұйымдарға арналған аккредитация стандарттары енгізілді. Алғашқылардың қатарында медициналық қызметтердің нәтижесі 98,7 пайызға сәйкес келетін сертификат алынды. Еуропа іскерлік қауымдастығы мен Еуроодақтың сауда-өнеркәсіп палатасы “Медицина саласындағы Еуропаның ең үздік кәсіпорны” деп танып, диплом табыс етті. Азиялық сапа марапатының (ANQ, Гонконг) иегері атандық. “Сапалы инновация үшін” еуропалық сыйлық берілді.
ҰҒМО-да 270 дәрігер жұмыс істейді, олардың 12-сі – медицина ғылымдарының докторы, 26-ы– медицина ғылымдарының кандидаты, 5-уі – PgD докторы, 92-і – жоғары санатты дәрігер. Жоғарыда айтылған жетістіктер – ұжымның көп жылғы қажырлы еңбегінің жемісі.
– Абай Қабатайұлы, жасөспірімдер арасында электронды темекі, вейптерді тұтынатындардың қатары күрт көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, жиі дабыл қағып жүрсіз. Вейп түтініне тәуелді ортаны оңалтудың жолдары бар ма?
– Жасыратыны жоқ, электронды шылым ашық саудаланады. Мамандардың айтуларына қарағанда, темекіге қарағанда вейптерге адам екі есе құмар, өйткені құрамында никотин 68-70 есе көп. Бұл препараттар 100 пайыз онкологиялық кеселге соқтырады. Әлемнің 33 елінде вейпті сатуға, 79 елде қоғамдық орындарға тұтынуға тыйым салынған. Қазақстанда түбегейлі шектеу қойылмағандықтан, теріс салдары анық байқалады.
Бірде мені Еуразиялық респираторлық қоғамның президенті ретінде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен “дөңгелек үстелге” шақырды. Кездесуге балалар сауықтыру лагерінде пайдаланып, лақтырып тастаған бір реттік вейптер салынған сөмкені ала келдім. Сөмкеден 20-ға жуық түрлі-түсті етіп безендірілген мундштукты алып шықтым. Бұл – бір тәулік ішінде бір ғана урнадан жиналғаны. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде соңғы жылдары вейптерді қолдану көрсеткіші 17,6 пайызды құраған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуі бойынша электронды темекілер мен хош иісті қоспалары бар вейптер – бір нәрсе. Сондықтан денсаулыққа зиянын дәрігерлер, қоғам белсенділері қайта-қайта ескертіп, электронды шылымның сатылымын шектеу туралы бастама көтергені сондықтан. Әлеуметтік желілерде оқушылардың электронды шылым сататын дүкеннің маңын торауылдап жүргені жайлы бейнежазба тарады. Сөйтсе, кәмелет жасқа толмаған қыздар әрлі-берлі өткен адамдардан электронды шылым алып беруін өтініп жүр екен. Балалардың ертеңіне алаңдаған белсенділердің ұранынан кейін электронды шылымға қатысты шектеулер енгізілгенімен, мүлдем қол үзді деп айтуға ерте. Электронды шылымнан будақтаған түтінді балалар мен жастар әлі де қызық көріп, әуестілігін қояр емес.
Маған вейптен ауырғандар неге аз деп сұрақ қоятындар көп. Мұның салдары 10 жылдан кейін біліне бастайды. Жағдай осылай жалғаса берсе, кейін бармақ тістеп, өкініп қалуымыз әбден ықтимал. Біріншіден – қаптамалары әлем-жәлем вейптерге, ондағы түрлі-түсті бояуларға шектеу қою керек. Екіншіден – азық-түлік дүкендерінде саудалауға және ароматизаторы бар вейптерді шығаруға, тасымалдауға тыйым салу қажет. Үшіншіден – электронды темекілердің зияны туралы түсіндіру жұмысын бір сәт те босаңсытпауымыз қажет. Төртіншіден – айтылған ұсыныстардың заң аясында шешілуіне жұртшылық болып атсалысуымыз керек.
– Ашық әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.