“Серпін” бағдарламасына көп үміт артылды. Ауқымды жоба аясында жастарды қолдай отыра солтүстік өңірдегі демографиялық ахуалды жақсарту, күнгейдегі әлеуметтік күйзелісті шешу, ең бастысы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделген еді. Жоба жүзеге асырылған он жылдың ішінде басты мақсаты орындалды ма деген заңды сауал туындайды.
Бағдарламаның тұсауы кесілген 2014 жылы 2050 жас білім алса, 2015 жылы – 6 200, 2016 жылы 4 312 білім гранты бөлінді. Әсіресе жастар білім беру, техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы мен медицина мамандықтары бойынша оқуға қабылданды. Екпінмен басталған бағдарламада қазір іркіліс бар сияқты. Тіпті “Call center” де, www.serpin-2050.kz сайты да жұмыс істемейді. Ал жобаға қатысушы өңірлердегі жоғары оқу орындарында оған жауапты адамдар да жоқ. Маңызды жобаны жүзеге асыруда салғырттық басым екенін аңғару қиын емес.
Ресми деректерге сүйенсек, жобаның көздегені – еліміздегі еңбек ресурсы басым оңтүстік өңірдің жастарын жұмыс күші аз аймақтарда оқытып, жұмыспен қамту болғанымен, оған бөлінген он мыңға жуық білім гранты иесіз қалған. Игерілмеген қаражат шамамен 5 млрд. теңгеден асады. Бұл мәселе бұған дейін де айтылған болатын. Алайда жобаға бөлінген гранттың тең жартысы игерілмейтініне алаңдаған ешкім жоқ.
Жүйелі жүзеге асырылса, оңтүстікке де, солтүстікке де пайдасы мол жобаға салғырт қарауға не себеп?
“Қазақстан-2050” стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіретін әлеуметтік жобаның мақсаты – білікті мамандар даярлау. Бұл стратегияның өзегі елімізді дамыған отыз елдің қатарына қосу болатын. Осыған орай ел Үкіметі жастар мәселесіне арнап, “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” атты әлеуметтік жобаны ұсынды. Бірегей жоба мыңдаған жастардың Солтүстік, Батыс және Шығыс Қазақстанда білім алуына жол ашқан болатын. Нәтижесінде олар кәсіптік-техникалық колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуы тиіс еді.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2014 жылдан бастап өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына “Серпін” жобасы бойынша Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан 585 студент оқуға түскен. Оның ішінде 470 студент оқуды тәмамдағанымен, облыста 69 адам ғана қалған. Оның 61-і жұмысқа орналастырылған, ал 8-і жоғары оқу орнында оқуын жалғастырған. Ал соңғы екі жылда аталған бағдарлама бойынша өңір колледждерінде білім алуға бірде-бір жас келмеген.
– “Серпін” жобасы бастау алғаннан бері 26 түлек “Еңбек” бағдарламасына қатысты. Өткен және биылғы оқу жылында “Серпін” жобасы бойынша жастар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түскен жоқ. Кәсіптік бағдар жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Алайда жастар солтүстіктің ауа райынан, мұндағы күнкөрістен қорқады, – дейді облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Риза Боранбайқызы.
Мамандардың айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек”, “Дипломмен ауылға!”, “Жастар тәжірибесі” бағдарламалары бойынша жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен. Мысалы, “Дипломмен ауылға!” бағдарламасы бойынша жастар ауылдық жерлерде жұмысқа орналасады, 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы алады және 1500 АЕК мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беріледі.
– Мен “Серпін” бағдарламасы аясында М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да екі шет тілі мамандығы бойынша білім алдым. Жалпы “Серпін” бағдарламасы – жастарға қажет бірегей жоба. Халық көп шоғырланған еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жұмыссыз жүрген жастарға осында оқып, білікті маман болуына зор мүмкіндік берді. Іздегені – ілім, көздегені – білім болған жастарға жақсы жағдай жасалды. Жатақханамен қамтамасыз етілді, шәкіртақы төленді. Алғаш келгенде тілден қиналғаным рас. Ағылшын тілін білсем де, орысша сөйлеу қиынға соқты. Көптеген оқу құралдары да орыс тілінде болды. Сондықтан қолға түскен кітапты қазақ тіліне аударып оқыдық. Бүгінде Қызылжар өңіріне бойым үйренді. Осы жақтың жігітіне тұрмысқа шықтым. Солтүстіктің өркендеуіне үлес қоссам деймін, – дейді Айжан Бауыржанқызы.
Қажет жобаның маңыздылығын арттыру мақсатында халықаралық “Болашақ” бағдарламасының құрамында бөлек бағыт ретінде де жұмысын жалғастыру жоспарланған болатын. Алайда “Серпін” жобасы бүгінде күші жойылған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына біріктірілді. Соңғысының жүзеге асырылу уақыты аяқталған соң, “Серпіннің” де болашағы бұлыңғырлана түсті.
Осылайша көлеңкеде қалған “Серпін” жобасының былтыр атауы өзгерді. Енді оның “Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін білім квоталары” деген шұбалаңқы атауы бар. Бір деммен айту мүмкін емес. Атауы жаңарған жобаны жетілдіру мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты. Берген мәліметке сүйенсек, осы оқу жылында аталған жоба бойынша 3653 грант бөлініпті. Жобаның игілігін көргендер үш жыл емес, екі жыл көлемінде еңбек етеді. Сондай-ақ грантты жұмыс істеу арқылы өтеуге оқыған аймақта ғана емес, жоба аясында қамтылған басқа өңірлерде де рұқсат.
Ал өңіріміздегі жалғыз оқу орны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде 33 мамандық бойынша мыңға жуық студент білім алып жатыр. Білім алушылардың жетістіктері де жетерлік. Мәселен, 13 студент Казақстан Республикасы Президенті шәкіртақысының иегері болса, жүзге жуығы – түрлі конкурстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері. Бағдарлама бойынша оқуға түскендердің мәселелерін шешетін “Серпін” штабы құрылған. Осыған қарамастан университетке түсушілер саны да жылдан жылға азайып барады. Бұған қарап саяси астары зор жобаның тағдыры қыл үстінде тұрғанын аңғару қиын емес. Тіпті жобаны жүзеге асыруға жауапты екі министрліктің де сайтынан ол туралы ақпарат таба алмағанымыз – осының дәлелі.
Таяқтың екі ұшы болатындай, бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Алғашқы жылдары жобаның бастамасы қарқынды болғаны – жоғарыдағы жауапты тұлғалар мен жергілікті атқарушы органдардың біріккен жұмысының нәтижесі еді. Бүгінде бағдарлама бойынша келген жастардың оқу барысын қадағалап, жергілікті жастармен араласуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыратын жауапты тұлғалардың болмауы, мақсатсыз жүргізіліп отырған кәсіптік бағдар жағдайды одан сайын ушықтыра түскендей.
“Серпін” – уақытша емес, саяси-стратегиялық маңызы зор жоба. Әсіресе халық саны күннен-күнге азайып бара жатқан Солтүстік өңірді жұмыс күшімен қамтамасыз етуде пайдасы мол еді. Бірақ жүйелі жұмыстың жоқтығынан теріскей демографиясына серпін береді деген жоба үмітті ақтай алмай отыр.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.