«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРМЕДЕГІ КӘСІП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Құрманкин” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Абзал Құрманкин ағаш өңдеумен 2022 жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі уақытта өндірістік қызметтің аса маңызды саласы болып табылатын кәсіп түрін Заречный кентіндегі №48 түзету мекемесінде жүргізіп отыр.

Кәсіпорынға алдымен тұтас ағаштар жеткізіледі. Кейін арнайы құрылғылардың көмегімен кесіліп, тегістеуден өтеді. Табиғи материалды кесуге арналған станоктан шыққан ағаштардан тақтайлар әзірленеді.

– Біз қазір ағашты өңдеп қана қоймай, қалдықтарын да іске асыруды қолға алдық. Өнімді ел арасында өткізіп жатырмыз. Тауардың бұл түріне сұраныс жоғары. Мұндағы жұмыс таңғы 9-дан басталады, – дейді кәсіпер.

Жалпы бұл өндіріс ошағы қылмыстық-атқару жүйесін жетілдірудің жол картасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылуда.

– Жазасын өтеушілер үшін қосымша жұмыс орындарын құру мақсатында әрі мекеме аумағындағы өндірісті кеңейту үшін модульдік құрылымдардың жобалары әзірленіп жатыр. Осыған дейін өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, оларға түзету мекемесінде бизнесті дамытудың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндірдік, – дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы Алмас Жалмағамбетов.

Бүгінде “Құрманкин” жеке кәсіпкерлігінде 15 жазасын өтеуші жұмыс істеуде. Кәсіпкер болашақта жұмысшылар санын көбейтіп, цех аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр.

 Самрат ҚҰСКЕНОВ,

 “Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp