«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балалар әдебиетінің бағбаны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай “Қайсар жазушы” атты “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Шараға қатысқан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай, қаламгердің қызы Марал Зейнел-Ғабиқызы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері мен қаламыздағы кәсіптік-педагогикалық колледждің студенттері талантты тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы сөз сабақтады.

Архив директоры Сәуле Мәлікова Зейнел-Ғаби Иманбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты бірегей архивтік құжаттар туралы айта келе, қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың “Хаттар арқалаған сырлар” кітабына енгізілген естеліктерден жазушы туралы жазылған үзінділерді оқып берді.

– Мен – Зейнел-Ғаби ағамыздың көзін көрген жандардың бірімін. Бұл жиынның тақырыбына үңілсек, “Қайсарлық қайдан келеді?”– деген сұрақ туындайды.  Қазіргі жас қаламгерлерді қайсар болуға шақыратын екі тұлға болса, соның бірі – Зейнел-Ғаби Иманбаев. Жазушы ауыр дертке шалдықса да қолынан қаламын тастаған емес. Әдебиетпен тыныстап, кітаппен сусындады. Ауылда тұрып, Алматыға іңкәр болды. Газет-журналдармен сырласты. Оның балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлесі зор, – деді “Асыл мұра” орталығының қызметкері Дәстен Баймұқанов.

Марал Зейнел-Ғабиқызы жазушының әңгіме, очерк, повестерінде ауыл өмірі, соғыс зардабы, тылдағы ауыртпалықтар мен адамдардың қажырлы еңбегі сөз болатынын тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті.

– Әкем ауыл адамдарын өте қатты жақсы көрді. Оларға қол ұшын созуды міндеті санады. Әкеме шығармашылықпен айналысу оңайға соқпады. Жазу үстеліне жайғасқанда ойын бөліп жібермеу үшін үйде аяғымыздың ұшымен жүретінбіз, – деді жазушының қызы.

Шара соңында меймандар жазушының өмірі мен қызметі туралы архивтік құжаттар, жазушының жеке қорынан алынған фотоқұжаттар негізінде әзірленген көрмемен танысты.

Самрат ҚҰСКЕНОВ.

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp