«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАМЕКЕНДІ САҒЫНЫП ЖЕТКЕНДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл оқиғаға да атқан оқтай, шапқан аттай жиырма жыл өте шы­ғыпты. Мен ол кезде Шал ақын ауданы әкімдігінде көші-қон бөлімшесіне жетекшілік ете­тінмін. Еліміздің егемендік алғаны­на шетелдегі ағайындар да ала­қайласып, атажұртқа көш басын бұрып, лек-легімен келіп жатқан кез. Экономикалық қиындықтар­ды тіпті елер емес. Сан ғасыр­лар бойы ата-баба арманының орындалғанын жақсы ырымға ба­лап, мәңгілік орнықса деген жүрекжарды тілектерін Қазақ­стан үкіметіне мың қайтара ай­тып, қариялар ақ батасын беріп, атамекенге жетіп, табан тіреген­деріне тәу етеді. Біздің де теріс­кей­де тамырынан үзіле бастаған ұлттық салт-дәстүрлеріміздің орны толар, оңалар деген үміті­міз оянып, қолдан келгенше жақ­сылап қарсы алудың, қоныстан­дырудың қамындамыз. “Тары­дай шашылған қазағымыз еліне орала берсін, жер жетеді, екі қол­ға бір күрек табылады, жұмыла еңбек етсек, ертең-ақ кімнің “іш­тен”, кімнің “сырттан” екені білін­бейді” деген ой құшағында жүріп, пойыздан талай отбасын қар­сы алып, тәттіге алданған жас балаша мәре-сәре болып жүр­міз. Әсіресе ата-әжелер жағы ва­гоннан түсе сала тізерлей оты­рып, екі қолын жерге таянған күйі еңкейіп, асфальтты сүйгенін көргенде көзіміз жасқа шыла­нып, бауырымыз езіліп сала бер­ді. Туған өлкеге деген сағыныш сезімі бойымызда бұлқынып жат­са да, Жер-Ананың қадір-қасиетін олардай терең сезінбейтін­дей ыңғайсыз күй кештік. Әлде атақоныста алшаң ба­сып жүргендіктен қадірін біле ал­мадық па?!

Қандастарымызды облыс ор­талығында алабұртқан көңілмен жамырай қарсы алып, кішкентай балаларды көтеріп, вокзалдың ішіне дейін кіргізіп, үзіліссіз қыз­мет етсек те, шаршағанымыз бі­лін­беді. Қайта тау көтерген То­лағай құсап бойымызға қуатты күш бітіп, ешнәрседен тайынар емеспіз. Дәмханадан тамақтандырып, автобусқа мін­гізіп, ауданға жүріп кеттік. Келген бетте уақытша мектептерге ор­на­ластырдық. Ауруханадан да бос бөлмелер табылды. Бірқа­тары ауылдық округтерге жібе­рілді.

Менің басты міндетім – әр от­басына баспана тауып, алдына мал салып беру, жұмысқа орна­ластыру, ішкі істер бөліміне, ау­руханаға тіркеу, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету. Көбі орыс тілін білмегендіктен, оларды қазағы көп ауылдарға қоныс­тандыруға тура келді. Тұрмыс жағдайы, балаларының мек­тепке баруы да құзырымызда болды. Аудан басшылығына кі­ріп, жағдайды баяндап тұрамын. Басқа жерлерге кө­шіп кеткендермен саудаласып, отыздан астам отбасы үй-жаймен қамтамасыз етілді. Құжат­тарын рәсімдеу де үлкен күшке түсті. Ол кезде қазіргідей үйлер салынбайтын, өйткені қаржы өте қат. Негізінен Моңғолиядан, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан­нан ат басын бұрды. Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке көшіруді түйіні шешілмеген мәселедей кө­ретіні түсініксіз. Меніңше, қазіргі көші-қон жұмысы әлдеқайда же­ңіл. Себебі күнгейден келген­дердің сіңісіп кетуі оңай. Тек қор­қақтайтыны – қатал табиғаты мен қырық құбылмалы ауа райы. Оған да көндігуге болады. Бә­рінен бұрын “елімнен не ала­мын деп емес, не беремін” де­ген айқын көзқарас, жақсы ниет болсын дейік.

Сөз арасында ұлтымыздың бойына ғасырлар бойы сіңген мі­нез-құлық, салт-дәстүр жөнінде аз да болса айта кеткенді жөн көрдім. Сергеевка қаласына кө­шіп келген Сенбі Айтпенбетов деген азамат маған: “Ғабеке, сіз біздің әкеміз де, анамыз да болдыңыз, әрдайым жанымыздан табылдыңыз. Шынайы қамқор­лығыңызды білдіріп жатасыз. Туысымыздай болып кеткен сіз­ге ризамыз”, – деген сөзін есті­генде азды-көпті еңбегімді бағалағанына, шын жүректен шық­қан ризашылығына іштей масат­танғаным рас. Маған одан артық баға керек емес. Кейін де ағалы-інілідей араласып тұрдық.

Тәлім-тәрбиеге, салт-дәстүрге байланысты мынандай жайтты байқап, үйренерлік тағы­лым-ау деген оймен жадыма мықтап түйдім. Өзара сөйле­су­лері сыпайы, инабатты. Үй иесі­нің өзі даусын қатты шығар­май­ды. Ақырын ғана байыбына ба­рып, түсіндіріп жеткізеді. Балаларының әке-шешесіне деген іл­типаты, ізеттілігі, бір бөлек әң­гіме. Ал отанасының мінез-құлқы – нағыз қазақи отбасыға тән. Отағасына деген құрмет, сыпайылық шексіз. Іс-әрекеттеріне киімдері де сай, сәнді, қонымды. Бұрынғы әже-апаларымыз, аналарымыз, жеңгелеріміз еріксіз еске түсті. Олар да осындай еді ғой. Санамды сансыратқан неге деген сауалға өзімше жауап тап­қандай болдым. Қанша деген­мен, теріскейде басқа ұлт өкіл­де­рінің үлесі басым болды. Тарихқа көз жүгіртсек, кімдер ме­кендемеді, кімдер келіп-кетпеді десеңші? Соның салдарынан байырғы тұрғындардың саны 23-25 пайызға дейін құлдырап кетті. Қазақ мектептері жабы­лып, балабақшалар түгелдей орысшаға ауыстырылды. Ұлт­тық кадр мәселесі тұралап, қа­зақша оқу-құралдарын табу қия­мет-қайымға айналды. Қолдан жасалған қиянатқа қарсы еш қайран табылмады. Өзіміздің там­сандырар таңсығымыз бола тұра, өзгенің қаңсығына көзсіз еліктеу – маңдайымызға сор бо­лып жабысты. Жақсысынан гөрі жағымсыз жақтарын бойымызға жұқтырдық. Жастар тәрбиесінде жіберілген олқылықтар атан түйеге жүк боларлықтай.

Сырттан келген қандастары­мыздың отбасыларында бұрын­нан қалыптасқан құндылықта­рымыздың қаймағы бұзылмай сақталып қалғаны таңдандыр­ды. Отбасы, ошақ қасынан баста­латын қазақи ұғымдардың тінін үзбеген күйі кейінгі ұрпаққа аманаттап отырғаны – бәрімізге үлгі. Үлкенді сыйлау, қадірлеу, ал­дын кесіп өтпеу, кішіге ізет көрсету – мұның бәрі тәлім-тәрбиемен берілетін өнеге екенін қазіргі жас буын біліп өссе дейсің.

Кейде өз ағайындарымыз­дың арасынан “оларды кім ша­қы­рыпты”, – деген қияңқы сөздерді ара-тұра естіп қаламын. Соған қарағанда әлі де елдік мүдде мен жүрек жылылығы жетіс­пейтін сықылды. Келешегіміз бірлікте екенін ұмытпайық. Дүздараздық, бөлінушілік арамызды ал­шақтатып, оның соңы небір проблемаларға ұрындыруы әбден мүмкін.

Сыртта жүрген қандаста­рымыздың көш легі тоқтамай, құтты қоныстар көбейе бергей!

 Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

 еңбек ардагері.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp