«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БЕРЕКЕДЕГІ” БАЛАБАҚША қарашада қолданысқа беріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы бірқатар нысанды аралады. Облыс әкімі ат басын бұрған алғашқы нысан – “Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені” акционерлік қоғамы.

Компания жергілікті шикізатты пайдалана отырып, 30-дан астам өнім түрін өндіруде.  Негізі 1996 жылы қаланған кешен макарон өнімдерін шығарып, бидай үгіп, астықты сақтаумен айналысуға ерекше басымдық беруде.  Цех сағатына 8 тонна немесе тәулігіне 192 тонна өнім өндіреді. Өнім тек Қазақстан бойынша ғана емес, Ресейге, Қытайға, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолияға да сатылады. Мұндағы мамандар алдағы уақытта макарон орамасының жаңа дизайнын іске қосуды жоспарлап отыр.

“Бізде екі диірмен бар. Біреуі қатты бидай сортына арналған. Яғни біз өз шикізатымыздан макарон өнімдеріне арналған жоғары сапалы ұн аламыз. Бидайдың жұмсақ сорттарын өңдейтін диірменнен барлық тұтынушылар үшін жоғары сапалы ұн шығарамыз”, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Елена Ткачева.

Ғауез Торсанұлы нан-тоқаш комбинатына барды. Бұл жерде наннан бөлек кондитерлік өнімдер де пісіріледі.

Облыс әкімі “Береке” шағынауданындағы балабақшаның құрылысымен де танысты. Мектепке дейінгі мекеменің құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында басталған. Балабақша биыл қарашада қолданысқа берілмек.

“Облыста мектепке дейінгі тәрбиемен 17 мыңнан астам бала қамтылған. Петропавлда балабақшаға деген қажеттілік бар. Осыған орай 140 орынға арналған балабақша салынып жатыр. Нысан құрылысына “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Жобаға 1 млрд. 300 млн. теңге бөлінді”, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Өңір басшысы “Радуга” компаниясының көтерме тарату орталығына да барды. Мекемеде тұтынушыларға қажетті азық-түлік, тұрмыстық және химиялық заттар сақталады. Ғауез Торсанұлы “ДЕЗ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де ат басын бұрды. Компания нарықта 21 жыл жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта серіктестікте 70 жұмысшы еңбек етуде.

“Шығарған өнімді Ауғанстанға жібереміз. Ұнның 85 пайызын экспорттасақ, қалған 15 пайызы ішкі нарықта яғни,Қазақстанда сатамыз. Түркиялықтар біздің дәнді дақылдарымызға, жасымық пен зығырымызға қызығушылық танытуда”, – дейді серіктестіктің бас директоры Дурсун Танрикулу.

Ғауез Нұрмұхамбетов “Урал” мотоциклін құрастыратын компанияда да болды. Көлік Австрия, Корея мен Ресейге тасымалданады. Компания өткен жылы 390 мотоцикл құрастырып шығарған. “IMZ-KAZAKHSTAN” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Сергей Дитюктің айтуынша, кәсіпорын құрастырған мотоциклдардың бағасы 20 мың АҚШ долларынан басталады, түсіне, жабдықталуына байланысты құны өсе береді. Қазіргі уақытта бұл компанияда 20 жұмысшы еңбек етеді. Еңбекақылары 200 мың теңге шамасында. Кәсіпорын биылдан бастап мотоциклдарды Қазақстан нарығына  шығаруды жоспарлап отыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp