«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАҢҚТЫ ДӘСТҮРЛЕРГЕ АДАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде құқық тәртібін орнықтыру үшін 1992 жылы 10 қаңтарда Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлерін құру туралы шешім, осыған сәйкес ішкі әскерлердің қызметтік негізгі құжаты болып табылатын “Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы” Заң қабылданды. Президент Жарлығымен бекітілген құжатқа орай оған маңызды стратегиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық объектілерді күзету, диверсиялық, лаңкестік әрекеттермен, заңсыз қарулы топтармен күресу,  аса қауіпті құқық бұзушылықтардың алдын алу сияқты міндеттер жүктелді. 2014 жылы   Ішкі әскер ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін Ұлттық ұлан ретінде қайта құрылды. Оның  құқықтық мәртебесін анықтап, бекіткен “Ұлттық ұлан туралы” заң шықты. Бүгінде Ұлттық ұлан  мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдардың бірі саналады, оның сарбаздары республика тұрғындарының тыныштығын сақтауда әркез қырағылық пен табандылық танытып келеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы – бірегей жоғары әскери-оқу орны ғана емес, сонымен қатар, жоғары білімді әскери мамандар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз мекеме. Офицер кадрларын даярлау жөніндегі академияның қолбасшылығы мен профессор-оқытушылар құрамының жұмысы жоғары бағаланып, Үкіметтің қаулысымен 2022 жылы 2 ақпанда Ұлттық ұлан академиясы мәртебесі берілді. Бүгінде академияда ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлардың кәсіби шеберлігін жетілдіруге баса көңіл бөлінеді. Профессорлық-оқытушылық құрам арасында 1 ғылым докторы және 10 PhD  доктор бар. Сегіз мамандық бойынша білім беру қызметін жүргізу мемлекеттік лицензиясына ие. Оқу-тәрбие үдерісі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптары негізінде ұйымдастырылған және де болашақ офицерлерді даярлаудың сапалық жағы барынша ескерілген. Далалық, оқу-ату, жергілікті жерге бағдарлау, сонымен қатар, кешенді тақырыптар бойынша тактикалық жаттығулар жүйелі түрде өткізіледі. Теориялық білімді бекіту және тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру мақсатында курсанттар Петропавл қаласында орналасқан №6637 әскери бөлімінде қарауыл бастықтары мен олардың көмекшілерінің міндеттерін орындайды, қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі патрульдік-бекеттік қызметтерді атқарады. Былтыр алғаш рет жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқитын тыңдаушылар (магистранттар) қабылданды. Оқытушыларымыздың жұмыс нәтижелері де қуантарлық. Қазақстан мен ТМД елдерінің жоғары оқу орындарының халықаралық ғылыми конференцияларында баяндамалар жасайды, өзекті мәселелер төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салады. 2009 жылғы үкіметаралық шартқа сәйкес академия базасында Тәжікстан Республикасының азаматтары да жоғары әскери білім алуда.

Академия өзінің негізгі мақсатынан бөлек, Ішкі істер министрінің резерві болып табылады және еліміздің кез келген өңірінде әртүрлі сипаттағы дағдарыс жағдайларында кенеттен туындайтын міндеттерді орындау үшін тұрақты дайындықта болуы шарт. Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай күрделігімен, тұрақсыздығымен, әскери және қарулы қақтығыстармен сипатталады. Осы себепті курсанттардың айтып келмейтін тосын сын-қатерлер тәуекелін еңсеруі, ағымдағы жағдайды бағалай білу аса маңызды.

Академияның командалық және профессорлық-оқытушылық құрамы әскери іс және қауіпсіздік саласындағы жоғары білікті кадрлармен толықтырылған. Ғылыми әлеуеті қойылатын біліктілік талаптарына толық сәйкес келеді. Көптеген офицерлердің қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауда, арнайы операцияларды ұйымдастыруда,  командалық-штабтық жаттығулар өткізуде тәжірибесі мол. Оқытушылар арасында еліміздің және шетелдердің жетекші әскери, арнайы жоғары оқу орындарының түлектері, спорт шеберлері, түрлі жарыстар мен конкурстардың жеңімпаздары аз емес.

    Оқу-материалдық база, оқу жоспарлары мен бағдарламалар заманауи талаптарға сәйкестендірілген. Әскери атыс және тактикалық алаңдар, оқу корпустары, спорт кешені, казарма толық жабдықталған. Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті комиссиясының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келеді деген қорытындысы – соның айқын дәлелі. Бакалавриат және магистратура бағдарламалары қабылданды, келешекте докторантура құру туралы мәселе шешілмек. Тоғыз жылдан бері жоғары әскери және арнайы жоғары оқу орындары қауымдастығының мүшесіміз. 2014 жылдан бері Әскери ғылымдар академиясының өңірлік филиалы жұмыс істейді. Бірқатар ғалымдарымыз – Ресей және Қазақстан Әскери ғылымдар академиясының, Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясының профессорлары, корреспондент-мүшелері. Ресейдің, Беларусьтің, Әзірбайжанның, Өзбекстанның жетекші оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Түркия, Қытай, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің жоғары әскер орындарына жіберілетін үміткерлер осында конкурстық іріктеуден өткізіледі.  “Жас бүркіт” спорттық, әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен түрлі шаралар жүргізіледі. Былтыр “Техникалық қамтамасыз ету: тарих және заман” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндамалар тыңдалып,  өзгеше форматта өтті. Ғылыми мақалалар топтастырылып, жеке жинақ болып жарық көрді. 100 орындық кітапхана оқу-әдістемелік, ғылыми әдебиеттермен толықтырылған, компьютерлермен жабдықталған, электрондық кітапханаға кіру мүмкіндігі жете қарастырылған.

Академия құрылғаннан бері  23-ші рет түлектеріміз қанаттанып ұшты. Осы уақыт аралығында 4142 жоғары білімді офицер үлкен өмірге жолдама алса, 295-і оқу орнын қызыл дипломмен бітірді,  49-на “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісі тапсырылды. Олар Ұлттық ұлан офицерлер құрамының қатарын толықтырды. Жарты мыңға жуық түлек Қарулы Күштерге, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және ІІМ арнаулы бөлімшелеріне одан әрі қызмет етуге жіберілді. Көптеген түлектер құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады.

Артур ТОҚЫШЕВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының бастығы, полковник.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp