Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңіл жол апатына ұшыраған жүргізушілер полиция мен соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыру шағымын бере алады.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет “Еурохаттама” арнайы мобильді қосымшасын әзірледі.
Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
“Еурохаттама” арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:
– жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;
– жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
– апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.
Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға “Еурохаттама” қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді.
“Еурохаттаманың” артықшылығы неде:
– азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.
– жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
– сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.
Айгерім ТАРИНА.