Мемлекеттік тілдің мәртебесі – өңіріміздің руханият саласындағы аса өзекті түйткілдердің бірі. Жыл сайын аталған салаға қолдау көрсетіліп, мамандар даярланып, курстар ашылғанымен қазақ тілінің төрге озуы әлі де кешеуілдеп келеді. Мұны жуырда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жариялаған зерттеу қорытындылары да айғақтайды. Былтыр жүргізілген өңірдегі қазақ, орыс, ағылшын тілін білетіндердің үлесі жайлы зерттеу қорытындысына сүйенсек, өңір тұрғындарының тек 59,6 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген екен. Ал орыс тілін білетіндер – 95,6, ағылшын тілін білетіндер – 23,3 пайыз. Зерттеуге қатысқандардың 20,5 пайызы үш тілді де білетіндерін көрсеткен.
Жалпы аталған талдау жұмыстарына өңірдің барлық ауданы мен облыс орталығынан әрқайсысынан 150 адамнан, жалпы 2100 адам қатысқан. Оның қорытындысы мемлекеттік тілді білу үлесі Ақжар, Уәлиханов аудандарында жоғары екенін көрсетті. Аталған аудандарда бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Ал қала мен 9 ауданда қазақ тілін білу көрсеткіші 50 пайыздың маңайында. Ағылшын тілін білу көрсеткіші аудандарда 20 пайыздан сәл асса, облыс орталығында 34 пайыз.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.