1 қаңтардан бастап Қазақстанның Ұлттық банкі анықтаған болжамды инфляцияның деңгейіне сәйкес барлық мемлекеттік жәрдемақылар және базалық зейнетақы 7 пайызға, ынтымақты зейнетақы 9 пайызға өсті. Яғни бұл инфляция деңгейінен 2 пайызға артық. Жалпы өңірде 145 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алады. Олардың 102 мыңы – зейнеткер.
Биылғы жылы бюджеттен төленетін зейнетақының орташа жиынтық мөлшері 130414 теңгені құрайды. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны жыл сайынғы кезең-кезеңмен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ең жоғарысын 120 пайызға дейін арттыру жүзеге асырылады.
“2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК – 3692 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43407 теңге, минималды зейнетақы – 57853 теңге, ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 28215 теңге болып белгіленді. Жалпы республикалық бюджеттен зейнет-ақының екі түрі төленеді. Бұл – ынтымақты зейнетақы және базалық зейнетақы”, – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева.
Биылдан бастап 1-ші, 2-ші және 3-ші бала туғанда төленетін бір жолғы жәрдемақы 131100 теңгеден 140296 теңгеге өседі. 4 немесе одан да көп бала туғанда төленетін ақша 217350-ден 232596 теңгеге көбейтілді.
“Мүгедектігі, асыраушысынан айрылу бойынша, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға төлейтін және 1-ші топтағы мүгедектігі бар азаматқа күтім жасап отырған адамға төленетін жәрдемақы мөлшерлері ең төменгі күнкөріс деңгейінен индексациялануына байланысты 7 пайызға жоғарылады. Мысалы, бірінші топ мүгедектігі бар азаматқа берілетін жәрдемақы мөлшері былтырғы жылы 89 200 теңге шамасында болса, енді биылғы жылы 95400 теңге шамасында алатын болады”, – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.