“Uäde” – тұрғындарды депутаттардың атқарған жұмысымен таныстыруға арналған жаңа айдар. Халық қалаулылары сайлаушылар алдында да, өздеріне де есеп береді. Жаңа айдардың дәстүрлі төрт сұрағына алғашқылардың бірі болып облыстық мәслихаттың депутаты Сәуле Сұрағанова жауап берді.
НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?
Мен “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясында 22 жыл қызмет еттім. Онда әлеуметтік қамту жөніндегі бөлімнің басшысы лауазымын атқарып, көпбалалы отбасылармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, яғни әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдармен жұмыс істедім. 2020 жылы “Аманат” партиясы праймериз өткізгенде маған соған қатысу туралы ұсыныс түсті. Іштей дайын екенімді сездім. Жетінші шақырылымдағы мәслихат сайлауы өткенде осы тәжірибеме сеніп, халық алдына бардым, қолдауына ие болдым.
Өздеріңіз білетіндей, ол шақырылым бір жарым жыл жұмыс істегеннен кейін мерзімінен бұрын таратылды. Осы кезде жинаған азды-көпті тәжірибемнің арқасында сегізінші шақырылымға депутат болып сайландым. Бұл жолғы сайлау жүйесі күрделірек болды. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде бұрынғыдай Жамбыл ғана емес, Мамлют ауданының да тұрғындарымен кездестім. Себебі №7 сайлау округі екі ауданды қамтиды. Екі ауданды да аралап, кездесулер өткіздім. Әсіресе Мамлют ауданына басымдық бердім. Себебі Жамбыл ауданында туып-өсіп, сонда жұмыс істегендіктен, ол жақ маған жақсы таныс. Ал Мамлют ауданының тұрғындарымен көзбе-көз кездесіп, өзімді таныстыруға тура келді. Осы жерде атап өтетін жайт – мемлекеттік корпорацияда тұрғындармен тікелей жұмыс істегенім көп көмектесті. Ол кезде баспанамен қамту, жәрдемақылар, жеңілдіктер, ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты мәселелер бойынша жиі хабарласатын. Мән-жайды түсіндіріп, көмектесетінбіз. Оның үстіне, мен – бес баланың анасымын. Сондықтан тұрғындар, оның ішіне көпбалалалы аналарға қатысты мәселелер маған етене таныс.
Депутат болу – халықтың мүддесі үшін жұмыс істеу. Ал халық дегеніміз – өзің сайланған округтің тұрғындары. Депутат ашық болуы керек дегенді жиі айтамыз. Жұрттан жүзін жасырып, үнемі тасада жүретін адам депутат бола алмайды. Мен бір мандаттық округ бойынша сайлауға түстім. Халық сенім артып, дауыс берді. Сондықтан сайлаушыларымнан жасырынбай, алдарына барып, ашық сөйлесемін. Біз халықтың ортасына барып, не істеп жатқанымызды айтып, қандай шешілмеген мәселелер бар екенін білуіміз керек. Сайлаушыларды толғандырып жүрген түйткілдер көп. Соны атқарушы билікке жеткізу – бізге жүктелген міндет.
САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?
Сайлауалды бағдарламамда аспандағы Ай мен Күнді алып беремін деп уәде еткен емеспін. Бұрын да, қазір де ауыл тұрғыдарын жол, сапалы ауызсумен қамту мәселесі толғандырады. Шалғайда жатқан елді мекен тұрғындарына қызмет алу үшін аудан орталығына келіп-кету өте қиын. Оның үстіне жөні түзу жол, үздіксіз қатынап тұрған көлік болмаса, ауылдағы ағайынның қиындығы еселене түседі. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Ауылдағы ағайын қаладағыдай жайлы өмір сүруді қалайды. Қалауы орынды. Сондықтан тіршілік көзін үйіне дейін кіргізуге көп көңіл бөлініп жатыр. Әрбір үйдің ішінде сылдырап су ағып тұрса деп армандаймын.
ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?
Жамбыл ауданындағы Железное ауылындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Аталмыш жолмен жүргендердің барлығы бұл жайлы біледі. Оның үстіне аудандағы балалардың сауықтыру лагері де сол маңда орналасқан. Жолды жөндеуге екі жылдық жоба қолға алынды. Күзге таман қажетті материалдар жеткізіле бастады. Биыл жөндеу жұмыстарына кіріседі. Бұл мәселе Архангелка, Украинское, Благовещенка ауылдарына да тән. Сондықтан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне үнемі хабарласып, қай жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттар бар екенін біліп отырамын. Смета дайын болса тиісті басқармаларға хабарласып, білек сыбана жұмыс істеуге мүмкіндік ашылады.
Өткен жылы Новорыбинка мен Кладбинка ауылдарында су тарату желілері салынды. Осының нәтижесінде әр үйге тіршілік көзі тартылды. Ауылды жерлерде ұялы байланыстың сапасы нашар. Мирный, Буденый ауылдары тұрғындарының өтініші бойынша операторлармен жұмыс істеп, көтерілген мәселе шешімін тапты.
Мамлют ауданының тұрғындары газ тарту мәселесін жиі көтереді. Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаттары шеше алмайтынын жасырып қайтейін. Біздің өңірден Парламент Мәжілісіне сайланған Еркебұлан Мәмбетов осы жайтты республикалық деңгейде көтерді. Аталған ауданда көшелерді жөндеуге қатысты өтініштер көп айтылды. Биыл Мамлюткада алты көше жөнделді. Тұрмыстық қатты қалдықтар жайы да – жиі айтылып жүрген мәселенің бірі. Атқарушы билікпен бірлесіп, шешпек болған едік, ауданда бұл қызметті көрсететін кәсіпкер табылмады. Түйіні тарқатылмай, басы ашық күйі тұр. Қаңғыбас иттерді ұстауға қатысты арыз-шағымдар көп. Қаржы бөлінді, орын белгіленді. Енді қажетті нысанның құрылысы басталады.
Бике ауылына ат басын бұрғандар жолдың машақатын тартып жүр. Бұл – Мамлют және Жамбыл аудандарын байланыстыратын жол. Жолдың жобалық-сметалық құжаты дайын. Облыстың үш жылдық бюджетіне енгізілді. Биыл осы жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Қазіргі таңда жастар ауылдан кетіп жатқаны жасырын емес Себебі ауылдарда бос уақытты тиімді өткізетіндей орын жоқ. Қазіргі таңда облыс аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Жамбыл ауданында да “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында осындай кешеннің құрылысы басталған еді. Алайда құрылысы ұзаққа созылып кетті. Қолға алынған тиісті шаралардың нәтижесінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мамлют ауданына да осындай кешен қажет. Үстіміздегі жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Өзім сайланған округтің қазіргі жағдайын сараласам, Мамлют ауданының орталығына дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жамбыл ауданына өндіріс орындары керек. Соңғысында инвесторлар аз. Бұл мәселелерді атқарушы билікпен бірлесе шешпесек, жалғыз депутаттардың қолынан келмейді. “Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас” дегендей, бірлесе жұмыс істеген кезде ғана нәтижеге қол жеткіземіз.
ХАЛЫҚ МАҒАН СЕНЕ МЕ?
Халықтың сеніміне ие болу қиын. Алдына барып: “Маған сенім артыңыздар. Сенімдеріңізді ақтаймын”, – деген бір ауыз сөзбен көңілдерін аулау мүмкін емес. Жұмыс істеген адам ғана сенімге ие болады. Ең бастысы, қорықпау керек. Тұрғындардан қашқақтамай, сабырлы сөйлесіп, сөзін мұқият тыңдасаң, халық өзі жақындай түседі. Ықылас қойып тыңдағанның өзі адамға үміт береді, сенім ұялатады. Оның үстіне біз тыңдап қана қоймай, оны шешуге атсалысуға міндеттіміз. Осы ретте ай сайын ауылдық округтер бойынша кездесулер өткіземін. Тұрғындар кездесулерге келіп, мәселелерін, өтініш-тілектерін айтады. №7 сайлау округінің аумағына Жамбыл және Мамлют аудандары кіргендіктен, мен екеуін бірдей қамтуым керек. Бұл ретте жүйелі жұмыс істеп, сайлаушылармен үнемі байланыста болу үшін аудандық мәслихатқа “AMANAT” партиясы атынан сайланған депутаттардың көмегіне жүгінемін. Әрі олар жергілікті жердегі жағдайды жақсы біледі. Тіпті мен шалғай ауылдарға бара алмайтын болсам, олар жолға шығып, мәселенің шешілуіне септігін тигізіп жатыр. Себебі бір партияның өкілі болғандықтан, бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. Алайда барлық мәселе түбегейлі шешілгенше өз бақылауымда болады. Ұялы телефоным үнемі қосулы, сайлаушыларым хабарласып, өздерін мазалаған мәселелерді айтып жатады. Халықтың үмітін ақтауға тырысамын. Әр мәселенің арғы жағында адам тағдыры тұр. Сондықтан тұрғындардың өтініш-тілегін, көтерген мәселесін ұмытпай, әрдайым есте ұстаймын.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.