Бүгінгі таңда облыста қызылшаға шалдыққандар саны 254-ке жетті. Жаңа жыл басталғалы бері өңірде 13 факті тіркелген. Науқастардың 85 пайызы, яғни 215 дерек Петропавлда, қалған жағдайлар өңір аудандарында анықталған.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта қызылша жұқтырған 32 адам стационарлық ем қабылдап жатыр. Олардың 9-ы ересек адам, 23-і бала.
– Өткен аптада 6 адам ауруханаға жатқызылды. Бесеуінің диагнозы расталды. Амбулаторлық ем қабылдап жатқан 37 науқастың 15-і – бала мен жүкті әйел. Ауру жұқтырғандар үшін өңірде 181 төсек орын қарастырылған, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Облыста қызылшаға қарсы екпенің 25171 дозасы бар. Бүгіндері өңірде вакцина алу мақсатында 265 пункт қарастырылған.
“Qyzyljarnews.kz”.