Өңірде былтыр экологтар 15 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 22 заң бұзушылық анықталды.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, 15 тексерістің 12-сі арызшағымға байланысты жоспардан тыс жүргізілген. Нәтижесінде анықталған олқылықтарды жоюға 21 ұсыным берілген. Жалпы сомасы 10 млн. 901 мың теңгеге 26 әкімшілік айыппұл салынған. Оның тек біреуі ғана сот орындаушыларының көмегімен мәжбүрлі түрде өндіріліп алынуда.
Бұдан бөлек, алдын ала бекітілген кесте бойынша 220 субъектіні бармай-ақ тексеру жоспарланған еді. Ол профилактикалық сипатта жүргізілді. Нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзудың 95 дерегі анықталды. Заң бұзушыларға ақпараттық хат жолданып, субъектілер оны жою бойынша тиісті шаралар жоспарын бекітті. Департамент тағы үш серіктестіктің жұмысын тоқтату бойынша сотқа жүгінді. “Агро-Елецское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік экологиялық сараптаманың тиісті оң қорытындысын алмай суару жүйесін салып, пайдаланбақ болған. Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот департаменттің талап-арызын қанағаттандырды. Дәл осындай себеппен енді “Кирпич СК” ЖШС да жаңа жабдықты пайдалануды тоқтата тұрады. Ал “Сана-Торг” ЖШС-ға қатысты талап-арыз қайтарылып алынды.
“Қазақстан ғарыш сапары” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылы өңір бойынша қалдықтарды орналастыру орындарының ғарыштық мониторингінің нәтижелері қорытындысына сәйкес 274 қоқыс алаңы анықталды, оның 198-і рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері болса, 76-сында қатты қалдықтар белгіленген шекараларды бұза отырып төгілген. Бүгінгі таңда барлық 274 полигон жойылды.
Сонымен қатар қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі жоспардың 2-тармағын орындау аясында мобильді жұмыс тобы Қызылжар, Жамбыл, Есіл және Мамлют аудандарына рейд ұйымдастырды. Мамандар Қызылжар ауданы бойынша 13, Жамбыл ауданы бойынша 1, Есіл ауданы бойынша 1, Мамлют ауданы бойынша 12 рұқсат етілмеген полигонды анықтады. Оларды жою және әкімшілік жаза қолдану шараларын қабылдау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға, облыстық полиция департаментіне тиісті хаттар жолданды.
Нәтижесінде 28 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға жалпы сомасы 621 000 теңгеге айыппұл салынды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.