Жуырда “Ақ жол” демократиялық партиясы Алаш арысы, ұлтымыздың ұлы ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арнап халықаралық мүшәйра ұйымдастырған болатын. Қазақстан Жазушылар одағы мен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының қолдауымен өткен жыр бәйгесіне қатысқан ақындар Алаш ардақтысының арпалысқа толы өмірі мен бай шығармашылық мұрасын өз туындыларына арқау етті. Жыр сайысында алға суырылып шығып, бәйге алған шығармалардың бірі – белгілі ақын Мирас Асанның “Мағжан-нама” поэмасы. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Бастау
Ей, Түркінің арыстаны, отты жыры Тұранның,
Аруағыңнан медет тілеп, сөз бастауды құп алдым.
Қолымдағы қара қалам, алдымдағы ақ парақ,
Саған жолдар бастай берді өзге ойларды қақпалап.
Сені жырла деп тұрғандай Ай сәулелі құбыла,
Сені жырла деп тұрғандай аспандағы Күн-Ыра,
Ұлы Тұран сен жырлаған шақырардай жолға ұзақ,
Барлық сапар тек өзіңе апарардай жалғыз-ақ!
Ыстық қаным саған қарай толқып ағып барардай,
Кермектенген кекті жасым жүрегіме тамардай!
“Алаш!” – десем, арыстандай көз алдыма Сен келіп,
Жырларыңа шөл қандырдым, тағдырыңа шерленіп…
Ащы өксігің айдаудағы көмейіме кептеліп,
“Мағжан!” дедім көкте Күннің отты демі леп беріп!
Күннен туған, Ғұннан туған рухыңа діл суардым,
Ей, түркінің данышпаны, ер шайыры Тұранның!
Саған қарай жөңкілуде бұлттар көшіп төбемнен,
Саған қарай жосылуда ерке өзендер кемермен.
Ұлы Тұран “Мағжан!” деді, – маңғаз таулар жаңғырып,
“Мағжан!” – деді төбе, белдер, тарғыл дауысы қарлығып.
Көкше көлдер шалқып кетті “Мағжан!” деген үнге еріп,
Бұйра құмдар толқып кетті көз алдымда түрленіп.
Отты жырың жас кеудеме жағып алған шырағдан,
Абылайдың ақ туы боп желкілдейді Тұраннан!
Саңқылдаған көкте сұңқар қақты мағжан-қанатын,
Құстай ұшты жерде тұлпар мағжан тастар боратып.
“Мағжан!” деді сары дала, “Мағжан!” – деді ақ боран.
Қарсы алдымда тұрдың шайыр, Ғұн боп, Түрк, Сақ бабам.
Қарт Түркістан, Орал таулар “шайыр Мағжан!” қайда дер,
Мағжан деген – түгел түркі, қасиетті қайран ел!
Уа, түркінің арыстаны, көк бөрісі даланың,
“Мағжан!” дейді сиясауыт, “Мағжан!” дейді қаламым.
Аштық
Ақынның жүрегін омбылап келеді, Аш-арық сүлделер.
Ақынның жүрегін құшақтап өледі, Қан-сөлсіз мүрделер.
Қу медиен даланың меңіреу бетінде, Жайрайды ақсөңке көп өлік.
Жаланған аяздың қып-қызыл өтінде, Үш сұлба үсиді көгеріп.
Бір үміт барына сенгісі келді,
Ұл-қызын қалжырай сүйреген сорлы ана.
Ажалдың азуы – ақ қасқыр, төнеді,
Ұлиды ақ боран, қақынап сар дала.
Аш өзек үш бейбақ өлмелі, ілбиді,
Не ұлдың, не қыздың біреуі – нақ құрбан.
Аппақ қар үстімен қыз шашы сырғиды,
Ажалдың аузына аштық лақтырған!
Аппақ қар үстімен дудырап, жоталап,
Қыз шашы домалап кетеді тау іші.
Сорлы ана құлағын жарады “Апалап!”,
Шыңғырған баланың дауысы.
Мағжанның ғашығы
Мағжанның перизат ғашығы – нұр, арай,
Жәудіреп жанары құралай,
Ақынды күтеді қиырға көз қадап,
Қондырып көңілге көбелек жаз қанат.
Таулар да ұқсайтын сияқты шайырға,
Ұқсайтын сияқты анау топ қайың да.
Бұйрабас бұлттар да Мағжаннан аумай ғап,
Ақ нөсер ақынның жыры боп саулайды-ақ.
Мағжанның перизат ғашығы – пәк, керім,
Еріні бүлдірген – тәтті ерін.
Ақынды күтеді ақ самал аймалап,
Бетінен жас мағжан-моншақтар тайғанап.
Өзен де ұқсай ғап Мағжанға толқыған,
Толған Ай аспанда Мағжан боп қалқыған,
Мағжанға ұқсайды бұлақ та, құрақ та,
Мағжанға айналды күн, ай, сәт, жыл, апта.
Қайғының ішті уын, қан жылап әр күні,
Келген жоқ жұбатып неге ақын зарлыны?!
Келген жоқ неге ақын жүрегін жырға орап,
Көзінен жас ару-моншақтар сырғанап?!
Ал оған кім айтсын, тұрмыс па қажытқан,
Ожарлау күйеу ме, ұзатпас қазықтан?
Оятын қиы ма, сасық көң қопарып,
Төгетін күлі ме, аулаққа апарып?
Сорлыға кім айтсын аңызақ дала ма?
Түндерде жұтатын ащы жас, сора ма?
Қора ма, қопсы ма, шоқпыт па жамалған,
Көнетоз шәлі ме басына оралған?
Малшы ма меңіреу, жалшы ма қараңғы,
Кім айтсын Мағжаны жайлы хат-хабарды?
Кім айтсын, Мағжанды түрмеге жапқанын,
Иттердің соңынан шәуілдеп қапқанын?
Ең жақын адамы Мағжанды сатқанын,
Ең суық түрмеде Мағжанның жатқанын,
Кім айтсын Мағжанның “Алаш!” деп аһ ұрып,
Кеткенін “Халық жауы!” – деп атылып!
Түркістан
Ей, Түркістан, киелім!
Ғасырлардың көмейіне
белшесінен көмілген,
Көк күмбезің ақсары нұрға малшынып,
айшылық жерден көрінген.
Мағжан жырлаған екі дүниенің қақпасы,
Бір түйір топырағыңа татысамшы сенің мен!
Ей, Түркістан – құбылам!
Бабаларыма төр, бесік болған шаһарым,
Тұтас Тұранның рухы сенде түркілік,
Ғаламға мәшһүр атағың.
Мағжан жырлаған Тәңірінің берген несібі,
Тамырым сенсің, Отаным!
Түркістан деген Әзірет Сұлтан бабаның,
Хикметі руһқа шомылған,
Қабырғалары иман-қамалым.
Түркістан – Өтүкен, Қарақорымым,
Арасы Алтай, Анадолының,
Сені жырласын, жырласа отты қаламым!
Ей, Түркістан – тұмарым,
Сен – Әмір Темірдің найзасы едің сапталған,
Сенің төріңде хандарым отырған Тақ болған.
Түркістан десе – көз алдыма Әлихан,
Мұстафа, Мағжан келеді,
Кеңес өкіметінің керзі етігіне тапталған!
Ей, Түркістан, қастерлім,
Желбірет тоғыз баулы туымды Алтын Ордамнан!
Оянсын күре тамырымда солған қан!
Ақын өзі айтқан
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Түркістан деген – ол Мағжан!
Мағжанға атылған оқ
Мағжанға қарай оқ ұшып келеді,
Қызыл жалауға айналып.
Мағжанға қарай оқ ұшып келеді,
Қызыл ұрандар, сайрауық.
Қатыгез қолмен шүріппе басылды,
Жасалған арыз-жаладан.
Мағжаның ғазиз қаны шашылды,
“Алаш!” деп өлді абадан.
Тағдыр мен жазу тоғысып келеді,
Асығыс үкім оқылып.
Мағжанға қарай оқ ұшып келеді,
Ажалдың ауызы көпіріп.
Мағжанның белгісіз суреті
Лениннің суреті тұратын ілініп,
Қасқайып жалтырап төбесі.
Жас бала өткенде жүгіріп,
Оқиға өрбіді келесі:
Қирады портрет, күлпарша шынысы,
Құлатып кеткен ұл.
Ешкімнің үрейден шыққан жоқ дыбысы,
“Қыршын-ай!”,
“Жетпегір!”.
Лениннің суреті астынан,
Беймәлім бір сурет және де құлады.
Таңырқай көтерді жас қыран,
Өзінен аумайды, көздері, құлағы.
Шашы да аумайды толқынды, бұйра бір,
Қанда ғой түр, мінез, тектілік.
Әкеден шошынған, сұрайды қинап ұл,
“Айтыңдар, бұл мен бе?” деп күліп.
“Лениннің суретін тез көтер, қарағым,
Орнына іліп қой!” дейді әке, көмескі үн.
Сұраулы жүзіне сол жерде баланың,
“Ол – Мағжан атаң!” – деп айта алған жоқ ешкім!
Өртенген кітаптар
Лақтырды сұр жендет
Кіжініп киелі кітапты.
Алдында үюлі құнды еңбек,
Қаніпезер шетінен тұтатты.
Сұр жендет,
Өлеңді жек көрді өлердей, тістеніп.
Будақтай жөнелді,
Қастерлі қаріптер құс болып.
Отқа әкеп тастады,
Би билеп, жалынмен парақтар.
Өртене бастады,
Кітаптар үйілген қораптар.
Жыртылды мұқаба,
Сәруар сөздерді от қармап.
Оятқан халықты бұқара,
Тарихтар ақтаңдақ,
Өртенді “Түркістан” киелі,
Өртенді “Шолпанның күнәсі”,
Халықты сүйді ақын, Сүйеді,
Сол ғана – кінәсі.
Ұшырып аспанға күлді көк,
Сұр жендет қарқылдап күлді кеп,
Алаштың батты деп қарасы.
Кереғар, қарашы –
Сұр жендет кітапты лақтырса жын ұрып,
Ал оның баласы,
Мағжанды оқиды тығылып.
Замандар ауысқан.
Төрде тұр өр ақын.
Сұр жендет – сауысқан,
От қарып қанатын,
Ториды жат үйді,
Қап-қара будақты кешіп кеп.
Балалар заулатып оқиды,
Түркістан, ер түрік, бесік деп.
Шығыстан Күн шығып келеді,
Түнекті қақ жарып тас қара.
Сұр жендет түсіне енеді,
Өртенген кітаптар.
Мағжан һәм жас бала.
Совет одағы
Жұлынған шаштардың,
Шабылған бастардың,
Қайырылған қолдардың,
Өртелген томдардың,
Арыз бен жаланың,
Сым қоршау сананың,
Үрейлі көздердің,
Аңдылған сөздердің,
Қан-жоса даланың,
Жетімек баланың,
Жазықсыз жандардың,
Өтірік заңдардың,
Түрме мен табыттың,
Бейшара халықтың,
Үстіне орнаған сен болдың, үкімет,
Сені де үкімет дедік қой, үкілеп?!
Мағжанның портфелі
Буылған қайыспен доғабас шарт белі,
Маған қарап тұр Мағжанның портфелі.
Уақытқа мүжілген көнетоз қырлары,
Маған қарап тұр репрессия құрбаны.
Қарайды тесіліп, ішінен шынының,
Сұрағым келеді, Пайғамбар, Күн ұлын.
Қайда деп мүрдесі, қайда деп моласы,
Шетінеп кеткенде жалғыз баласы,
Сен үйде тұрдың ба орындық шетінде,
Зейнептің үзіліп кететін сәтінде,
Мағжанның құсадан қан жұтқан сәтінде,
Жансызға Мағжанды аңдытқан сәтінде,
Гүлсімге сөз салған, жыр жазған кезінде,
Жанында болдың ба, болдың не сезімде?
Бәріне елеусіз сен едің куәгер,
Мағжанның жырлары салынған мұрагер.
Ей, портфель, ақтарыл, тіл бітіп кенеттен,
Датамен,
Айғақпен,
Куәмен,
Дерекпен,
Суретте жылдарды Петербор кезеңін,
Орал тауларын,
Уфа өзенін,
Сарыарқа даласын,
Итжеккен мұздарын,
Шайырды тәнті еткен татар қыздарын,
Өр Алтай аймағын,
Қызылжар өлкесін,
“Алқаның” жасырын құпия бөлмесін,
Суретте, айтып бер, барлығын ақпарлап,
Сен – портфель емессің, тарихсың ақтаңдақ.
Айтып бер барлығын, асықпай, байыптап,
Қаралы жылдарды қан жұтқан айыптап!
Мағжан
Ділім де, дінім – сен ана тілім,
Көктейсің қаулап әлі, көр.
Кеудемнен шыққан ғаламат үнім,
Бабамнан қалған жәдігер.
Ыстық қаныммен ағып келесің,
Жарық төгесің түнекке.
Мойныма тұмар тағып бересің,
Шұғыла шашып жүрекке.
Анамның тәтті әлдиіндесің,
Уіліндесің баланың.
Бабамның мұра ән-күйіндесің,
Тарихнамасы даланың.
Қылыштың өткір дауысындасың,
Суылындасың жебенің.
Өзендерімнің ағысындасың,
Гүлдеріндесің төбенің.
Балбал тастардың бедеріндесің,
Тарихсың – өткен көш алдан.
Шайырдың отты өлеңіндесің,
Бітіктастарға қашалған!
Хандар отырған алтын Ордасың,
Жорықтардасың байрақты.
Бабамнан қалған сарқыт, олжасың,
Қуатты,
Рухты,
Қайратты.
Тұлпардың болат тұяғындасың,
Теңселткен жарты ғаламды.
Қыранның қанат қияғындасың,
Ұмтылтар көкке адамды.
Алтайдай бесік құндағымдасың,
Оралдай қақпа тауларсың.
Шайырдың жүйрік жырларындасың,
Ілияс,
Сәкен,
Мағжансың.
Қорқыт бабамның қобызындасың,
Желмаясы сен – Асанның.
Ертегі,
Дастан,
Аңызымдасың,
Шөлімді сенен басармын.
Қазтуған, Бұқар мақамындасың,
Тәттімбеттердің күйісің.
Қазыбектердің шапанындасың,
Жусан мен изен – иісің.
Ана тілімде тарихым еді,
Ана тілімде – Отаным.
Саған от тисе қариды мені,
Өртеніп, қирап шаһарым.
Аруларымның бұрымындасың,
Әжіміндесің әженің.
Қыш құмыраның сынығындасың,
Жалғаған тарих өзегін.
Киіз үйлердің бақанындасың,
Тізгініндесің тұлпардың.
Хан Кенелердің қаһарындасың,
Томағасы сен – сұңқардың.
Түркінің түгел төрі сен едің,
Тараған сенен бар бауыр.
Абай,
Мәшһүрдің жолы сен едің,
Қарашаңырақта қалған ұл.
Кең байтақ мынау далам да сенсің,
Өрт шалса сені шоқ басам.
Жазылмас мәңгі жарам да сенсің,
Ұшқансың талай оққа сан!
Әлихандардың тағдырындасың,
Итжеккендерге айдалған.
Шығыстан атқан таң нұрымдасың,
Тәуелсіздікке айналған!
Міржақып та – сен, Ахмет те – сен,
Дәнісің – ұлттың қандағы.
Тіліңді кие жақын етпесең,
Тірліктің де кем салмағы.
Жарқыра, тілім, құлпырып жайна,
Қарсылықтарды бұр кері.
Қан болып тасы, бұлқынып бойда,
Жан болып нұрландыр мені!
“ҚарЛагтағы” метіркелер
“Әке аты” деген,
“Ана аты” деген,
Толтырылмайды жол екі.
Болмай ма құстың қанаты деген,
Қиылды қанат сол екі…
Атсыз балалар,
Дір-дір қағады,
Нөмірлер – есім-сойлары.
Бірдей балалар бұлдырланады,
Сөздері,
Жаны,
Бойлары.
Жеткені жетіп,
Қалғаны өледі,
Құдыққа терең көміліп.
Қып-қызыл қанды жалап өледі,
Өлі көз,
Өлі ой,
Өлі үміт.
Жазамын жоқтау
Қанатыменен,
Періштелердің, қонғанда,
“Әке аты” деген,
“Ана аты” деген,
Толтырылмаған жолдарға.
Оқылар жылдар қаралы хаты,
Уақытты сонда қаңтарып.
“Әкенің аты”,
“Ананың аты”,
Деген жолдардан қан тамып.
Ұшады сәби метіркелері,
Құс болып самғап аспанға.
Адамзат қолы тітіркенеді,
Тырысады оны ашпауға.
Мағжан үні
Мағжанның үні – Алаштың үні,
Үніңе баба қосылдым.
Еділдің,
Торғай,
Таластың үні,
Ертістің,
Сырдың,
Есілдің.
Алтайдың үні,
Арқаның үні,
Түркістан,
Орал,
Тұранның.
Үніңмен шерім, тарқады мұңым,
Түрегеп қайта ту алдым.
Таулардың үні,
Даланың үні,
Орманның үні шулаған.
Қан менен жастың,
Наланың үні,
Бассүйектердің қураған,
Ғасырлар үні талықсып жеткен,
Жадымда қайта жаңғырған.
Тамшысы көздің тамып бір кеткен,
Маңдайға жазған тағдырдан.
Тапталып келген халықтың үні,
Итжеккендерге айдалған.
Қара қағаз бен табыттың үні,
Қолдардың үні байланған.
Жесірдің үні,
Жетімнің үні,
Совет деп ұран жаттаған.
Керең мен мылқау,
Соқырдың үні,
“Халық жауы!” деп соттаған.
Тарихтың үні тұншығып келген,
Маң дала сонда танды естен.
Бармақтар үні қыршылып келген,
Вагондар үні қан кешкен.
Мағжанның үні – қазақтың үні,
Сұлаған опат, ойраннан.
Жердегі қызыл тозақтың үні,
Қызыл жалауға айналған.
Салады еске перненің үнін,
Жаңғырған кеуде төрімде.
Мағжанның үні – ол менің үнім,
Өлмейді ол үн тегінде!
Кетеді озып ғасырларыңнан,
Дәуірлер құрдас ол үнмен.
Қорықпайды ол үн жасындарыңнан,
Қорықпайды және өлімнен!
Сол үннен Алаш табады жолын,
Ол келсе көп үн қайраңдар.
Жетеді жаңа ұрпаққа сол үн,
Жап-жарық Күн боп Пайғамбар.
Мирас АСАН,
Халықаралық “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты.