«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмір теңіз жағаға лақтырғанда…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір теңізінің асау толқыны бізді қай жағаға апарып лақтыратынын ешкім болжап біле алмайды. Кейде қалыпты өміріміз күтпеген жерден басқаша бағыт алып, тосын өзгерістерге тап болуымыз мүмкін. Бұрын мұндай оқиғаларға сенбеуші едім. Үнемі төрт құбылам түгел, аспаным ашық болып өмір сүретіндей сезімде жүретінмін. Алайда бәрін осыдан 20 жыл бұрынғы оқиға өзгертті.

Гүлбақыт СӘРСЕКОВА,

67 жаста.

Байқасам, адамды уақыт қартайтпайды екен. Пенде баласы жүрекке байланған қайғыдан, іштегі уайымнан, ертеңге деген үмітсіздіктен шау тартады. Тіпті 20 жасар қыз-жігіттердің жан-дүниесі құлазып, өмірде мән қалмағандай күй кешуі мүмкін. Өмірімізде болған тосын, қайғылы жағдайлар бір сәтте барлық нәрсеге басқа көзқараспен қарауымызға себеп болады. Ондайда бірнеше күнде есейіп кеткендей күй кешеміз. Бұрын ауыр уайымнан бір түннің ішінде шашы ағарып кеткен адамдар жайлы оқиғаларды еститінбіз. Күндердің күнінде мен де осындай күйге түсемін деп ойламаппын.

Сонау тоқсаныншы жылдары айрандай ұйыған, тату отбасы едік. Алайда сол кезеңдегі тұрмыстық қиындықтар, дағдарыс пен жоқшылық біздің үйдің де іргесін шайқалтып кетті. Қаржылық мәселелердің үстіне өз арамыздағы түсініспеушіліктер қосылып, ақыры жұбайымыз екеуіміздің жолымыз екіге айырылды. Ол кездегі оқиғалардың мән-жайын есіме алғым келмейді. Бұрын қазіргідей емес, ажырасу дегенді мүлдем сирек еститінбіз. Кейін бұл шешіміме өкінген кездерім болса да аяққа тұрып, ұл-қызымның тәрбиесіне барынша көңіл бөлдім. Әкесінен алыс өскен соң үлкен ұлым шолжаңдау болды. Жаны нәзік, көңілі сенгіш, аңғал еді. Бұған үйде үлгі болар ер адамның жоқтығы да әсер еткені анық. Сол ұлым ержетіп, оқуын аяқтағаннан кейін табыс табудың түрлі жолын іздеп бақты. Жасынан ауыр тұрмыс пен қиындықты көрген, менің болмашы жалақы үшін күні бойы үйдің бетін көрмей жұмыс істегенім жадында қалған балам бізге жайлы жағдай жасап, табысты болуды мақсат тұтты. Алғашында қаладағы бірнеше жерде еңбек етті. Кейін шетелге кеткісі келіп еді, рұқсатымды бермедім. Оқуын енді аяқтаған жастың жоғары жалақы алып, табысты болып кетуі екіталай. Осыны ұлыма да түсіндіріп, асығыстықтың қателікке ұрындыратынын айтумен болдым. Жалдамалы жұмыспен дегеніне жете алмайтынын білген Дидарымның назары басқа салаларға ауа бастады. Елдің бәрі байлыққа ұмтылып, жаңа нарықты жаулап алуға тырысып, жеке бизнестерін ашып жатқан кез еді. Соның буымен Дидар да өз кәсібін ашудың жолын іздеуге көшті. Таныстары арқылы өзгелермен кездесіп, жоспар құрып, келісімдер жасасып, кейде алданып та қалатын. Бірде өзінің серіктестерімен кездесу үшін көрші қалаға жол жүретінін айтты. Сөзінше, сонда бірнеше ай болып, кәсібі дөңгелегеннен кейін бізді де көшіріп алмақ. Ондағы таныстары бұрын бірнеше жастың бизнесіне қолдау көрсеткен жақсы адамдар екен. Алғашында ұлымды жібергім келген жоқ. Алайда ержеткен жігіттің жолын байлап, өмір бойы жанымда ұстай алмасымды түсіндім. Сұрауы бойынша қолда бар ақшаны жинап, жақындарымнан қарыз алып, Дидарды шығарып салдым.

Вокзалдан үйге жаяу аяңдап келемін. Қыстың қараңғы кеші, шамдары жарқыраған көшелер, аспаннан жерге мамықтай үлпілдеп түсіп жатқан ұлпа қар, шамның жарығына шағылысып, жалтырап жатқан айнала ерекше көңіл күй сыйлап, жаныңды жылытады. Өмірімде алғаш рет баламды бір өзін алыс жолға шығарып салдым. Оның ересек болып, мойнына жауапкершілік арқалағанын енді сезгендей жүрегім толқиды. Дидардың алға қойған биік мақсаттарын, сол мақсаттары орындалған сәттегі қуанышын ойлап үйге жеттім. Қызым екеуіміз екі бөлмелі пәтерде құлазып қалғандай біртүрлі күйге түсіп, көп отырмай жатып қалдық. Қанша шаршағанмен түн ортасына дейін көзім ілінбей әрнені ойлаумен болдым. Бір сәт қалғып кетіп, шошып ояндым. Тұра сала қымбат затымды жоғалтқандай айналамды сипалап, өз-өзіме келе алмадым. Ұлымның хәлін білмек болып, телефонға жармастым. Алайда түн ішінде мазалағым келмей өзімді-өзім тежеп, көрер таңды көзбен атырдым.

Ертесіне алдымен алыстағы балама қоңырау шалып едім, тұтқаны көтермеді. Кейін өзі хабарласар деген оймен күнделікті жұмыстарыма кірістім. Алайда Дидардан түсте де еш хабар болмады. Көп ұзамай телефоны мүлдем өшірілді. Кешке дейін өзімді қоярға жер таппаған мен кімнен көмек сұрарымды білмей дағдардым. Ұлым мектеп оқып жүргенде бірнеше рет үйден рұқсатсыз кетіп қалып, кейін достарымен жүрген жерінен тауып алатынбыз. Бірақ қазір ондай білместікке барып, анасын уайымға салып қоятын бала емес қой. Санамды сан түрлі ойлар кеміріп, ертесіне оның достары мен таныстарына, туған-туыстарыма хабарласа бастадым. Бір түннің ішінде ересек жігітті жер жұтып кеткендей ешкім көрмеген болып шықты. Амалым таусылған соң ақыры полициядан да көмек сұрадым. Ондағылар жастардың басқа жаққа кеткенде жиі хабарсыз қалып, бірнеше күннен кейін байланысқа шығып жататынын айтып көңілімді аулағандай болды. Ұлым жаңа таныстарымен көңіл көтеріп, немесе телефонын жоғалтып алуы мүмкін екенін жеткізді. Сонда да ана жүрегім аласұрып, бір бәлені сезгендей, тыныш отыра алмадым. Айналасы бірнеше күннің ішінде жүнім жығылып, он жылға қартайып кеткендеймін. Дидарды білетіндердің ешқайсысы оның басқа қаладағы жаңа серіктестерін танымайтын болып шықты. Ұлымның осындай жағдайда жоғалып кетуі күдікке күдік қосып, уайымымды ауырлата түсті. Үшінші күні амалы таусылған полиция арызымды алды. Сонда да олардан қандай да бір көмек күту бос үміт еді. Перзентінен көз жазып қалған ананың мұңын түсініп, жәрдем беріп, қолдау көрсетер бірі жоқ. Керісінше ақылға сыймайтын болжамдарын айтып, істі созбұйдаға салып, тіпті кейде бұл жайлы өзара әзілдейтінді де шығарды. Өзім көмек сұрап барғандардың осындай қылықтары ашуымды тудырып, жаныма батса да балам үшін талай есікті қағып, талай адамның табалдырығын тоздырдым. Әр бұрышқа камералар қойылған, әлеуметтік желілердің дамыған кезі емес. Пойызға аман-есен кірген адамды ешкім көрмегендей, сұраған адамдардың ешқайсысынан мардымды мәлімет ала алмадық. Бұл жайдан құлағдар болған жандардың бәрі көмегін аямай, іздеуге жәрдемдесті. Өзім де бірнеше рет Дидар бармақ болған қалаға жол жүріп талай адаммен кездестім. Себі тиеді-ау дегендердің бәрінің алдына барып, жайымды айттым. Тіпті жоғалған адамды тауып беруге көмектеседі дейтін балгер, құмалақшыларды да түгел араладым. Осылайша менің өмірімдегі ең қиын жылдар басталды. Бақсам, сол кезде қырықтан асқан, өмірдің ащы-тұщысын татқан адам болсам да әлі есеймеген екенмін. Дидарсыз өткен үш жыл маған көп ой салып, көзқарасымды өзгертті. Осы үш жылдың әр күні балам бір бұрыштан шығып қалардай, міне-міне маған хабарласу үшін телефонын қолға алып жатқандай елегізіп жүрдім. Өзгелер не десе де баламның тірі екеніне сеніп, тәңірден тілеуімді үзген жоқпын. Сағынғанда оның сөндірулі телефонына хабарласамын. Тұтқаны ешкім көтермесе де жан сырымды ақтарып, біреумен сөйлескендей боламын. Кейде көзімнен жас тамшылап отырып, хат жазамын. Бұл дүниеде жақын адамыңды жоғалтып, жылдар бойы соның дерегін іздеп жүруден артық азап бар ма? Осындай күндерде ұлымның о дүниелік екеніне бір сәтке болсын сенген емеспін. Бірде мәйітханадан хабарласып, балама ұқсас мүрденің табылғанын айтып, шақыртып алды. Жеткенше жасым тыйылмай, Құдайға жалбарынумен болдым. Ондағы дененің түрін анық көру мүмкін емес. Киім киісі, дене тұрқы менің ұлымнан аумайды. Қасымдағылар аузымды бағып үнсіз тұр. Егер бұл менің баламның денесі дейтін болсам сөзіме сеніп, дегенімді істеуге әзір. Алайда Дидардың өлі екеніне жүрегім сенбеді. Оның осындай жағдайда дүниеден өтіп кетері ойыма сияр емес. Кім не десе де Дидардың бір жақта жер басып жүргеніне сенімім нық.

Ауыр ой мен күтудің жетегінде жүрген маған бір күні қуанышты хабар жетті. Тұтқаның арғы жағындағы адам ұлымның табылғанын қуана хабарлады. Мұндай хабарды көптен күткен әрі үміт пен күдік арасында жүрген менің аузыма қапелімде сөз түспей қаттым да қалдым. Үш жыл дегенде алысқа кеткен ұлымнан хабар алдым. Маған салса Дидарды он тіпті жиырма жыл бойы іздеп, тыным таппас едім. Ана жүрегі өз перзентін ғұмырының соңына дейін іздеуге бар. Қанша уақыт бір дерегі табылмай, хабарсыз жүрген баламмен кездесіп, қуана қауыштым. Осынша уақыт үйдің бетін көрмей, әлдеқайда алыста өз бетінше тіршілік кешкен жанның әңгімесі былай өрбиді:

Дидар сол күні түнде пойызға отырып, жолға шығады. Жолда қалта ұрыларының құрбанына айналып, өзінде бар құжаты мен ақшасынан айырылады. Өзі жұмыс істемек болған қалаға келсе күтіп алуы тиіс адамдардың бірі де жоқ. Қанша хабарласқанымен олармен байланыса алмайды. Осылай жолда кездескен ұрыларға бір жем болса, мұндағы жалған серіктестеріне екі алданады. Қайта билет алып, кері қайтуға мүмкіндігі жоқ, біреудің үйіне барайын десе, ешкімді білмейді. Мұның бәрі бірнеше күнде реттелер деп отбасын да уайымға салғысы келмей бейтаныс қалада жалғыз қалады. Одан кейінгі оқиғалардың қалай жалғасқаны Дидардың өзінің де есінде жөнді сақталмаған. Тек күндердің бір күні басқа атпен құрылысқа жұмысқа тұрып, мүлде жаңа өмір бастағысы келгенін біледі. Отбасының бар ақшасын қолды қылып, басқаларға жем болып үйге барғысы келмейді. Осында аз уақыт тұрып, бәрі реттелгесін үйіне ораларына сенімді еді. Бірақ Дидар арттағы ғұмырына қарайлап жүргенде жаңа қаладағы өмір оның мойнына құрығын салып үлгеріпті. Жігіт осындағы қайнаған өмірдің шырмауына шырмалып, күн сайын тұңғиыққа бата берген. Қанша рет анасына баруға оқталса да ол ойынан айнып, кері қайтты. Дидар өзінің бұл әрекетінің сырын өзі де түсіндіріп бере алмайды. Жоғалған бірінші жылдағы оқиғалардың көбі есінде жоқ. Сірә, оның мұнда қалып қоюына алғашында бір себептер болса керек. Мүмкін бізге ашып айтқысы келмейтін басқа да жайттар бар ма екен? Әйтеуір жақындарынан жырақтап, қарапайым өмір сүріп жүрген Дидар оқыс жағдайда тап болады. Өзі тұратын жатақханадан өрт шығып, денесін күйік шалып ауруханаға түскен. Ондағылар құжаты жоқ науқас жайлы деректі еш жердан таба алмай ақыры Дидардың көп жыл бойы іздеуде екенін білгеннен кейін маған хабарлайды.

Мен өз ұлымның неге мұндай қадамға барғанын қанша тырыссам да түсіне алмай қойдым. Ол жаңа қалаға келгенде өзін жағаға тасталған балықтай сезінгені анық. Оған өзін-өзі кіналау сезімі мен жастық аңғалдығы қосылып, хабарсыз кеткен сияқты. Жер бетінде күн сайын қанша адам із-түссіз жоғалып кетеді. Олардың әрқайсысы өзімен бірге жан қайғысын, басындағы жеке мәселелерін ала кетеді. Осындай өмірге тап болған әркімнің өз ақиқаты бар. Бұл оқиғаға дейін мен көп нәрсеге үстірт қарап келген екенмін. Осы уақытта жақындарымды бағалап, оларға қолдау көрсетіп, қасында болудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Қалыпты өмірге бейімделуі қиын болған ұлымның да көпті танып, әбден есейіп қалғаны көрініп тұр. Оны іздеумен өткен үш жылым көрген түстей артта қалды. Жарық күнде көз алдымнан жоғалған перзентімді бауырыма басып, ана жүрегім тыныш тапты.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp