МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің (ең төменгі жалақының (ЕТЖ) жаңа мөлшерлерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры болжау басқармасының басшысы Ақтолқын Сұлтанова төлеушілердің барлық санаттары бойынша түсініктеме берді.
Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3 пайызы мөлшерінде аударымдар жүргізеді, бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ (2024 жылы 850000 теңге) аспауға тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25500 теңгені құрайды.
Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2 пайызы мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ (2024 жылы 850000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17000 теңге болуы мүмкін.
Ақтолқын Сұлтанова атап өткендей, жарналарды төлеу кезінде шекті табыс барлық жұмыс орындарына қарай ескеріледі. Мысалы, қызметкердің жалақысы 600000 теңгені құрайды делік. Сонымен қатар шарт бойынша қызмет көрсетіп, қосымша 350000 теңге алады. Жалпы табыс 950000 теңге шегінде, яғни 10 ЕТЖ-дан асады. Бұл жағдайда қызметкердің бір жұмыс орнынан жарналар толық мөлшерде ұсталуы керек. Мысалы: 600000 * 2 пайыз = 12000 теңге. Ал екінші жұмыс орнында ең жоғары төлемнен қалған бөлігі ғана ұсталады: 17000 теңге (ең жоғары төленетін жарна) – 12000 теңге (бірінші жұмыс орнынан төленген жарна) = 5000 теңге (екінші жұмыс орнынан жарна).
Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама беруі керек.
Жалақыдан ұсталатын бірыңғай төлем – бұл бірқатар салық төлемдерін есептеудің стандартты әдісіне балама. Жалақыдан ұсталатын қаржы мынадай бес төлемді біріктіреді:
міндетті зейнетақы жарналары;
әлеуметтік аударымдар;
МӘМС жарналары;
МӘМС-ке аударымдар;
жеке табыс салығы.
Бірыңғай төлемді жеңілдетілген декларация және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режімі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнестің заңды тұлғасы пайдалануға рұқсат береді.
2024 жылы бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 21,5 пайызын құрайды. Бірыңғай төлем ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияның шотына бір төлеммен жүргізіледі.
Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті ЖК ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілді. Тиісінше, биылғы жылы БЖТ болмайды. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебені екі жолмен ала алады:
– жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу;
– жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.
Қазақстандағы МӘМС жүйесі әлеуметтік бағдарланғандықтан, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін жарналарды төлеуді жалғастыруда. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды (мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 1,9 пайызы, яғни мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылға дейінгі орташа айлық жалақы).
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер, дербес төлеушілер жарналарды екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, “Қазпошта” АҚ, “Kaspi.kz”, “HalykBank” мобильді қосымшалары арқылы, сонымен бірге “Касса 24” және “Qiwi” әмиян, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударады.
Мыналарға назар аудару керек:
– төлеушінің ЖСН және ТАӘ дұрыс көрсету;
– төлем жасап, 2-3 жұмыс күнінен кейін МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеру, мәртебе берілмесе, төлемдегі деректерді жаңадан тексеру.
– жеке кәсіпкерлер назарына: салық органдарына есептілікті дайындау және тапсыру;
– өз қызметкерлерін төлем жасалғаны туралы хабарлау.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
“Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ облыстық филиалының баспасөз хатшысы.