«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өнегелі өмір

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен еске алу кеші жерлес жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың 100 жылдығына арналды. “Көркемсөздің нұрын төккен жазушы” атты шараға облыс орталығында тұрып жатқан зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылды.

Музей директоры Маржан Тау­шарованың айтуынша, мәдениет ордасында жастардың рухани көк­жиегін кеңейту мақсатында аға буын мен жастардың ара­сын сабақтастыруды көздеген “Тұлғатану” жобасы қолға алын­ған. Оның аясында Шал ақын ау­данынан шыққан ақын-жазушылардың, белгілі азаматтардың өмір жолдары, шығармашылық мұралары кеңінен насихатта­мақ. Алғашқы шара Зейнел-Ғаби Иманбаевқа арналып отыр.

– 1994 жылы Повозочное ауы­лының Приишимка орта мекте­бінде Зейнел-Ғаби Иманбаевтың 70 жылдығына орай мұражай ашыл­ған болатын. 2019 жылы он­да­ғы жәдігерлер аудандық тари­хи-өлкетану музейіне тапсырыл­ды. Қорымыздың қаламгер туын­дыларымен кеңейгеніне қуана­мыз. Музей сөресінде бүгінде жазушының өміріне қатысты 165 жәд­ігер бар. Жерлесіміздің үстел шамын, қолжазбаларын, кітапта­ры мен альбом-журналдарын, құ­жат­тарын, суреттерін қызыға та­ма­шалайтындардың қатары қалың. Қорда қаламгер шығарма­шылығын зерттеген Райхан Сейітжанованың, Күләш Малғаж­да­рованың дипломдық жұмыстары да сақтаулы. Мұның бәрі – біз үшін асыл қазына, – деді Маржан Таушарова.

Шарада “Асыл мұра” орталы­ғы­ның ғылыми қызметкері Сағындық Салмұрзин баяндама жасап, қаламгердің өмірі мен шығарма­шылығына кеңінен тоқталды. Ол әдебиеттің дамуына зор үлес қос­қан жандардың жүріп өткен жол­дарын жастарға жиі насихаттап отырудың маңызды екенін айтты. Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Ораза­лин Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туған жерін жан-тәнімен сүйгенін тебірене жеткізді.

– Тұлғаны тану деген – шын мәнісінде ұлтты тану деген сөз. Зейнел-Ғаби Иманбаев ағамыз­дың шығармашылығымен бала кү­німнен таныспын. Бұрынғы “Ле­нин туында” (қазіргі “Soltüstık Qa­zaqstan” газеті) “Сенбілік бет” деп аталатын арнайы айдар болды. Онда жергілікті қаламгерлердің ең­бектері жиі жарияланатын. Об­лыстық басылым ауылда жүрген талай қаламгердің жұлдызын жақ­ты, – деді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қойшыбай Шәниев.

Кеш соңында жазушының қызы Марал Зейнел-Ғабиқызы әкесі­нің қоғам қайраткері Ілияс Омаровпен жазысқан хаттарын музейге табыстады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp