Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін заңсыз жолмен қайта сатып жүргендерге қарсы шараларды барынша күшейтеді. Бұл туралы халықаралық автокөлік тасымалы бойынша кеңейтілген кеңесте айтылды.
Басқосу барысында кәсіпкерлерге, сарапшыларға және салалық қауымдастықтардың (Kazlogistics, KazATO) және “Атамекен” өкілдеріне қазақстандық тасымалдаушылар арасында шетелдік рұқсат бланкілерін таратудың жаңа тәртібі мұқият таныстырылды.
Тақырыпты талқылау аясында ҚАТТК төрағасы Алтай Әлі нарық қатысушыларын Көлік министрінің “Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушысының Шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігін қамтитын “Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен тасымалдауға рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы” жобасын қарастыруды ұсынды.
Дайындалған құжатта мемлекеттік орган рұқсат бланкілерін тарату жүйесіндегі еркін бәсекені қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуды шектейтін, яғни, көлеңкелі нарықта бланкілердің жасанды тапшылығын туғызатын мәселелерді толық жояды және оларды қайта сатуға мүмкіндік бермейді.
Шарттың әр тармағына назар салсақ, көлік құралдарының тасымалдау тарихы мен қызметіне шектеулерді алып тастауды, белгілі бір тапсырыс болған жағдайда кез келген отандық тасымалдаушыға бланкілерді беруді, бланкілерді көлеңкелі нарықта қайта сатудың барлық алғышарттарын жоюды, бланкілерді беру туралы шешімдер қабылдау үдерістерінен көліктік бақылау инспекцияларын алып тастауды, сондай-ақ, бланкілерді пайдалануды қашықтықтан бақылауды енгізу көзделген.
Әсет ҚАНАФИН.