Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен еске алу кеші жерлес жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың 100 жылдығына арналды. “Көркемсөздің нұрын төккен жазушы” атты шараға облыс орталығында тұрып жатқан зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылды.
Музей директоры Маржан Таушарованың айтуынша, мәдениет ордасында жастардың рухани көкжиегін кеңейту мақсатында аға буын мен жастардың арасын сабақтастыруды көздеген “Тұлғатану” жобасы қолға алынған. Оның аясында Шал ақын ауданынан шыққан ақын-жазушылардың, белгілі азаматтардың өмір жолдары, шығармашылық мұралары кеңінен насихаттамақ. Алғашқы шара Зейнел-Ғаби Иманбаевқа арналып отыр.
– 1994 жылы Повозочное ауылының Приишимка орта мектебінде Зейнел-Ғаби Иманбаевтың 70 жылдығына орай мұражай ашылған болатын. 2019 жылы ондағы жәдігерлер аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Қорымыздың қаламгер туындыларымен кеңейгеніне қуанамыз. Музей сөресінде бүгінде жазушының өміріне қатысты 165 жәдігер бар. Жерлесіміздің үстел шамын, қолжазбаларын, кітаптары мен альбом-журналдарын, құжаттарын, суреттерін қызыға тамашалайтындардың қатары қалың. Қорда қаламгер шығармашылығын зерттеген Райхан Сейітжанованың, Күләш Малғаждарованың дипломдық жұмыстары да сақтаулы. Мұның бәрі – біз үшін асыл қазына, – деді Маржан Таушарова.
Шарада “Асыл мұра” орталығының ғылыми қызметкері Сағындық Салмұрзин баяндама жасап, қаламгердің өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Ол әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан жандардың жүріп өткен жолдарын жастарға жиі насихаттап отырудың маңызды екенін айтты. Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туған жерін жан-тәнімен сүйгенін тебірене жеткізді.
– Тұлғаны тану деген – шын мәнісінде ұлтты тану деген сөз. Зейнел-Ғаби Иманбаев ағамыздың шығармашылығымен бала күнімнен таныспын. Бұрынғы “Ленин туында” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” газеті) “Сенбілік бет” деп аталатын арнайы айдар болды. Онда жергілікті қаламгерлердің еңбектері жиі жарияланатын. Облыстық басылым ауылда жүрген талай қаламгердің жұлдызын жақты, – деді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қойшыбай Шәниев.
Кеш соңында жазушының қызы Марал Зейнел-Ғабиқызы әкесінің қоғам қайраткері Ілияс Омаровпен жазысқан хаттарын музейге табыстады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.