«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ ПІКІРІ МАҢЫЗДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

(“Өңірлік рәміздерге ортақ идея керек”, 11 қаңтар 2024 жыл)

Қазіргі таңда еліміздің әр ауы­лында, ауданында және облыс­тардың өзіндік белгілері бар. Мұндай белгілер әлбетте мем­ле­кеттік рәміздермен қатар қолданылмайды. Мәдени, спорттық, ғылыми және білім саласында­ғы шараларда және аудан, об­лыс өндіретін азық-түлік тауар­ла­рының белгісі ретінде қолда­нылады.

Мемлекеттік елтаңбамыз баяғы батыр­ла­рымыздың қалқаны тәрізді, бір шеңбердің ішіне орналасқан ғой. Ендеше Қазақстан унитар­лы мемлекет болғандықтан, барлық деңгейдегі рәміздер осы пішінді сақтауы тиіс сияқты. Алай­да бұл талап облыстық дең­гейде, әсіресе біздің өңірде сақ­талмай келеді. Жалпы өңірлік рәміздерде табиғи ландшафт­, батырлар, ақындар, қошқар мүйіз, халық музыка­лық аспаптары, екі әлемнің есі­гіне кірудің белгісі “екі қақпа” эле­менті, діни ғимарат­тар бейнелен­ген.

Жергілікті билік өздері жа­сап, бекітіп жатқандықтан, аудан мен ауыл жақтан небір түрлі фи­гураларды кездестіресіз. Ешқандай шектеуі де, шең­бері де сызылмаған еркін ком­позициялар көп. Белгідегі ұлт­тық, мемлекеттік, саяси, идео­ло­гиялық бағыттарға мән бе­ріп жатқан ешкім жоқ. Өткен жылы қо­ғам өкілдерінің келісімінсіз қа­былданған Абай, Жетісу, Ұлы­тау облыстарының өңірлік белгі­лері қаншама дау-дамайға әкеп соқты. Өз білгендерін жасағысы келгендер қоғамның қатты сы­ны­на ұшырады. Әр өңірдің өзін­дік белгісі болуына еш­кімнің қарсылығы жоқ. Алайда қоғам талқылап, ақылда­сып істеген істе береке бола­рын бәріміз білеміз.

Өңіріміздегі кейбір нышан­дарға зер салып қарасақ, ха­йуандар, алқаптар, ескерткіш­тер, техника, зауыттар және тағы басқа бейнелер арқылы сол тұрғылықты жердің ерекше­лі­гін көрсетуге тырысқан. Бұл – ке­ңестік кезеңнен қалған үрдіс еке­ні анық көрініп тұр. Таңба елді танытатындай болу керек. Ал аудандардың таңбасына қарап, қайсысына тиесілі екенін ажырату қиын. Өңірлік рәміздерді жергі­лікті өлкетанушылармен, ге­ральдист мамандармен ақыл­даса отырып жасаса, сапасы да жоғары болар еді.

Осылардың бәрін бір жүйеге түсірмесе болмайды. Барлығын біріздендіргеннен кейін түсін­дірме сөздігін де шығарса болар еді. Себебі жас толқын өңірдегі рәміздердегі әрі нышанның мән-мағынасын, жеткізгісі келетін не­гізгі ойын, түстің ерекшелігін бі­луі керек. Сондай-ақ қазақ ге­раль­дикасы мәртебелі ана тілі­мізде сайрап тұрса, ол да біздің мақтанышымыз емес пе?

Қазіргі таңда өңірімізде ге­раль­дика саласын зерттеп жүр­ген мықты мамандар да жоқ. Тіпті “геральдист” деген ма­ман бар екенін осы күнге дейін естіген емеспіз.

Арнайы мамандар еліміздегі Геральдикалық орталық жаны­нан ғылыми-сараптамалық ке­ңес құру, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, оны пайдалану мен қолданудың ережелерін тү­сіндіру мақсатында өңірлерге экспедиция ұйымдастыру, се­ми­­нарлар өткізу мәселесін де жиі айтып жүр. “Геральдикалық зерттеулер орталығы” РММ бас­шылығының пікірі де сол. Бұл ұсы­ныстың басты мақсаты – өңірлерде таңбатану саласы­ның мамандарын оқыту, жетіл­діру. Бізге аталған саланың ма­мандары керек. Себебі елімізде, әсіресе, өңірімізде геральдист мамандар көбейсе, тарихи құнды жәдігерлерді зерттеп, ұлттық таңба тануға көп үлес қосар еді.

Медет АЙТЫМБЕКҰЛЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp