– Болат Қожахметұлы, сізді Қызылжар жұртшылығы ақын әрі журналист ретінде жақсы таниды. Бірнеше кітаптың авторысыз. Жырларыңыздың басты тақырыбы – адам өмірі, қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі. Оқыған жанды терең мазмұнымен тұңғиығына тартады. Өткен жылы жаңа өлеңдеріңіз топтастырылған қос жинағыңыз жарық көрді. Өзіңізді, жазған дүниелеріңізді жарнамалай бермейсіз? Неге?
– Әлекедей жаланған жұлымыр ақындардың бірі болып шықпағаныма – мың шүкір! Мұндай мүмкіндік бала кезден бастап мол болды: кез келген оқиғаға қолма-қол өлең шығаратын мен тұстастарымды түгелдей аузыма қарата білдім. Қазіргі Шал ақын ауданындағы бұрынғы Ленин орта мектебінде жоғары сынып оқушыларының: “Ақын келе жатыр!” – деп жол бергенін қалай ұмытайын?!
Шіркін, сүтпен біткен ізгі қылықтың өлгенше өзгермейтіндігі қандай ғанибет?! Әлпештей отырып, әдеп үйреткен әке-шешеміз “Қанағат қарын тойғызады”, – деген мақалды сөзбен емес, көзбен айтатын. Бала кезде бірде-бір фабриканың киімін киіп көрмеген біздің басқаша болуымыз мүмкін де емес сияқты. Оның үстіне қазақ болғанымыз үшін талай рет мазақ болған кеңестік кезеңнің тең жартысы тағдырымызға айналып, еңсе тіктей алмадық.
Енді музыканттай минордан мажорға ауыссам, жарты ғасырға жуық қалам сермеген қайратты жылдарымда аймағымыздың аз қазағына өзімді кәміл көрсеттім дей аламын, төбемді де, туындыларымды да. Аты-жөнімді айтқанда атып тұрып, бір қойын сою үшін қорасына қарай жүгіре жөнелген небір жерлесім қонақжайлылығын көрсеткен еді-ау!..
Енді, міне, заман да басқа: XXI ғасырдың ширегінің шеті көрініп тұр, мен де басқамын: қолдан түспеген қалам қаққан қазықтай селтиіп тұр. Өз дәуіріме маңдай терімді тамшылатқан менің мыңдаған оқырманым ауылға тақау ормандай тым сиреп қалды ғой. Тоқетерін айтсам, “жарнама” деген сөздің өзін суқаным сүймейді: жағымды сипат жоқ онда. “Сарнама” деген оп-оңай ұйқас ойыңа сап ете түседі. Сондықтан одан алыспын.
– Өткен жылы баспа бетін көрген қос туындыңыздың біріне “Доңғалақты дүние” деп атау беріпсіз. Ерекше естіледі. Бұлай ат қойып, айдар тағуыңызға не себеп болды?
– Кавказға бір барғанымда шипажайдың балконында таңғы ауамен тыныстап тұрған мен бір құбылысқа қайран қалдым. Күннің көзі солтүстік-шығыс жақта шақырайып тұр! Үш күндік жерде тосын тұстан рауандаған Күн маған дүниенің алтын доңғалағындай болып елестеп кетті. Содан кейін төгіліп отыратын ұйқасқа құралған “Күн” деген өлеңді қағазға түсіргенім айтпаса да түсінікті ғой. Осы өлең “доңғалақты дүние” деген идеяның беташарындай болды. Бұл идеяның авторы – мен емес, Пушкин мен Лермонтов сияқты небір шайырларға шабыт берген Кавказдың Күні. Иә, дүние доңғалақты да екен-ау… Көктегі ұшақтар, жердегі көліктер – бәрі де доңғалақсыз емес. Түздегі тракторлар, үйдегі дивандар – бәрі де доңғалақты. Аспандағы Ай түгіл, қаңбақ та домалай жөнеледі.
Міне, осының бәрі “Доңғалақты дүние” деген жаңа жыр жинағымның арқауына айналды. Жинақтың желісі ғана емес, өлеңдердің құрылысы да тұп-тұтас шумақтарға бөлінбеген, толғау тәрізді төгіліп отырады.
Бір тақырыптың тап-тар арнасын біршама кеңіткен бұл кітабым әдебиеттен өз орнын табады деп сенемін.
Жаңадан жарық көрген қос кітабымның екіншісі “Өзім және өзгелер жайында” деп аталады. Нақ осы айдармен жарияланған етектей-етектей эсселерім “Soltüstık Qazaqstan” газетінің сақа оқырмандарының есінде болуға тиіс. Бес-алты жыл бойы ай сайын, тоқсан сайын көпшіліктің көзайымына айналған бұл туындыларда да тұтастық бар, тақырыбы – әдеби әлем.
Мен Сәбитті де, Ғабитті де көрдім. Мұқағалимен де, Олжаспен де тілдескенім бар. Нұрғиса да, Сафуан да бейтаныс емес еді. Мәселен, Нұрғиса марқұмның біздің ауылда болғанын қалай бүгіп қалайын?! Мұқағали марқұмды оқу сессиясы сайын күнде дерлік көргенімді, одан көңілге түйгенімді еліме неге айтпаймын?! Маған бір-бір кітабын ұсынып, қолтаңбаларын қалдырған олардың рухын асқақтату парызым емес пе?!
Кез келген журналистің оң жамбасына келе бермейтін осы эсселерім үш жүз беттік жаңа кітабымды толтырды. Ақынның жаңа қырын көрсететін бұл кітап та тәп-тәуір бағаланады деп сенгім келеді.
– Шығармашылық кеш ұйымдастыру ойыңызда жоқ па?
– Мұндай мәселені авторға арта салу қате, берісі – мәдениет басқармасы, әрісі – әкімдіктің өзі өткізсе құба-құп. Бірақ басшыларға бара да, пара да бермейтін мен ақынды іздеген әкімді көре алмай келемін. Өткен отыз жылдың ішінде облысымызды басқарған оншақты әкімнің бірде-біреуінің қабылдауында болған емеспін.
Орысша оқыған басшылардың қазақылығы олқылау екендігін екінің бірі білетін шығар-ау… Олар мені ақындардың ақсақалы екендігімді білмейтін болар-ау… “Менімен фотоға түсіңдер. Тарихта қаласыңдар”, – деп көшеде тұратын Сәбит Мұқановты айналып өтуші едік. Енді өз басыма келгенін қарашы!
Бірақ біліп қойыңыздар: әдебиет қолдаусыз дамымайды. Фирдоусидың “Шахнамені” жазуын, оның жарық көруін патшаның өзі өмір бойы қолдаған. Ал бізде бәрі керісінше. Бүкіл кітаптарыңды өзің шығарасың. Тым болмаса туындыларыңды таратуға қол ұшын беретін біреу жоқ. Кез келген кітапханада немесе кітап дүкенінде біздің бір жинағымыз жоқ. Тордағы қасқырдай теңселген кейбір ақынды оқырмандардың танымайтындығы да сондықтан.
Аяулы ақындардың аялауға ғана лайық екендігін ежелеп жатқаным ғой бұл.
Айтпақшы, осы екі кітабымның тұсаукесерін өткізуді жоспарлағанымды біреу білер, біреу білмес. Оны ұйымдастыру жұмысын жалғыз өзім атқарып, жалпамнан түстім, “Жедел жәрдемге” жүгіндім.
Сондықтан ақын аман болсын десеңдер, ардақтай біліңдер!
– Қазір елімізде кім көп, жас ақындар көбейіп келеді. Олардың шығармашылығы туралы не айтасыз?
– Бір кітапқа сыйып кеткен өлеңдері екі-үш жыл сайын үңілдіретін елден ерек ақындар бірен-саран ғана. Солардың бірі – өлеңдері қандай болса, өзі де сондай жұмбақ болған Марина Цветаева. Маяковский өзін атып тастағанда: “Ақын құсап ажал құшты”, – деп тамсанған ақын. Бір қарап шығып, қоя салатын өлең онда жоқ, екі-үш рет төніп, содан кейін сүйсінесің. Оның шумақтары түгіл, тыныс белгілерінің өзі грамматикадан сынақ алғандай.
Оның үш-төрт өлеңін Г.Салықбаева аударған екен, еркін тәржіма болып шығыпты. Мұнысы да жөн. Маринаны тікелей аудару мүмкін де емес тәрізді.
Ал көзі тірі классиктердің бірін айтсам, ол – Олжас. Цветаеваға тең болмаса, кем емес, оның “Қыш кітабынан”, “Кактусы” мен “Құмырсқасынан” және басқаларынан да жаңа туындыдай бас көтермейсің. Ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі – “Арғымақты” айта бер, әсіресе, Әбіш Кекілбаевтің тәржімасына тамсанғаным әлі есімде.
Өз тұстастарыма тоқталсам, Жұматай марқұм ойға оралады. Төрт аяғы тең жорғадай тайпала білген оның алақандай “Ләйласын” оқысам, шабытым шарықтай жөнеледі. Бас-аяғы бір-екі кітап қана жазған Есенғали марқұм да ерекше ақын еді-ау… Ол ескінің соңы, жаңаның басы сияқты болатын. Жыраулардың сарыны, жаңаша жазатындардың жалыны – бәрі де бір өзінде. Әсіресе “Ғайша бибі” деген дастанының деңгейі жоғары.
Серік Ақсұңқарұлының жазғандарын қалт жібермеуге тырысамын. Ал Тыныштықбектің кітаптары қолыма түспей келеді. Фаризаның ізбасарлары болуға құлшынған қыз-келіншектер де қуантпай қоймайды.
Жалпақ Қызылжардағы жалғыз кітап дүкенінде өтімді дүниеліктер аз, өтімсіз тауарлар сіресіп тұр. Ондағы классиктердің шығармалары өз үйімде де бар. Мен іздеп жүрген кітаптар онда жоқ. Сондықтан қазіргі ақындарды жіпке тізіп шығудың жөнін таппай отырмын.
– Жуырда жазушы Мұхтар Мағауиннің сұхбатын тыңдадым. “Қазақты дін құртады”, депті. Қаламгердің айтпағы асылында қазақты асыл дініміз емес, исламды жеккөрінішті етіп көрсеткісі келетіндер құртады дегенге саяды. Әсіредіншілдердің әрекетіне тосқауыл болу қажеттігін айтқан. Сіз мұсылманның бес парызын орындап жүрген жанның бірісіз. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Тарихтан аян жайт сол – дінсіз адам бар шығар, бірақ дінсіз қоғам жоқ. Өйткені, адам баласы сенімге зәру. Ал зәрулік сезім әу баста Алланы тану үшін берілген. Бұған мына хадис дәлел: “Әрбір сәби мұсылман болып туады. Бірақ ол баланың әке-шешесі оны өз діндеріне кіргізеді”. Бұл – діни сезім туа бітеді деген сөз. Батыстың әлеуметтанушылары мұны ғылыми жағынан дәлелдеді де. Әттең, сенімді өмір өзгертпей қоймайды, біреулер – пұтқа, келесілері – отқа табынады.
Міне, осынау имани сезімді дін ғана қанағаттандыра алады. Ғылым да, өнер де, спорт та – бәрі де дін сияқты шексіз емес. Иманның адамды жалықтырмайтыны да содан.
Бір өкініштісі – дініміздің діңгегі берік емес. Толып жатқан секталардың салдары ауыр, тоз-тоз болып кете жаздадық. Жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбіреулерді көріп жүрмін, үйі де, күйі де жоқ. Оларды ешбір дәрігер емдей алмайды.
Түйін ретінде айтарым мынау: “Дінге тым беріліп кетпеңдер, дінсіз де болмаңдар. Екеуінің ортасын ұстаңдар”. Бұл пенденің емес, Пайғамбарымыздың өсиеті. Одан да осыны орындайық.
– Кіндік қаныңыз тамған Өрнек ауылынан небір дара тұлғалар шыққан ғой. Олардың сізге жасаған қамқорлықтары бар ма? Бірлі жарым мысал келтіресіз бе?
– Үкімет мүшесі болған нағашым – Кенжеболат Шалабаев Қызылжар өңірінің көнекөз журналистерінің бәріне де шарапатын тигізген хас қайраткерлердің бірі еді. Алақандай ауылымыздың өзінен оншақты жерлесі журналистер қатарына қосылды. Анда-санда терлеп-тепшіп бір шай ішіп кететін солар шабадандарын бес жыл бойы нағашымның үйінде сақтапты. Ол кісінің небір қамқорлығының бәрі де есімде. “Кітабыңды жоспарға енгізейін”, – деп бір емес, он рет айтты. Нағашым әкесі сияқты жүз жасайды деп ойладым ба екен: “Сосын”, – деп сырғыта беретінмін. Ажалына асыққан адам менің жайбасарлығыма қарамады, елу беске де жете алмады.
Оның ақылына құлақ салатынмын. Бірде: “Ақын бастық бола алмайды” дегені бар. Сол айтқанынан шықпағаным өкінішті емес.
Нағашымның ізбасарларының ешқайсысы да ұстаздан оза алмады. Солардың біреуі ақын болып Алматыда қалды. Бірақ ол өзгелер түгіл, өзінің айналасына да шуағын шаша алмады. “Ізімді басатын ақын інілерім қайда?”– деп ешкімді іздемеді. Кекірейген ондай кісіге жалпақтайтын әдеттен ада едім мен…
“Алла тағала өз рақымын жүз бөлікке бөліпті”, – деп басталатын хадис есіме түсіп отыр. Онда айтылғанындай, Жаратқан ием рақымның 99-ын өзінде қалдырып, дүниеге бөліп бергені – біреу ғана. Ал қиямет-қайым болғанда бәрін қосып, жүз рақымын жайып салады екен.
Міне, осы бір рақым мың адамның біреуіне ғана бұйыратын сияқты ғой. Ендеше Алладан сұрағаннан басқа абзалы жоқ.
– Ғұмырыңыздың басым бөлігін Мағжан ақынның қолтаңбасы қалған облыстық газетке арнаған жансыз? Соған қуанасыз ба?
– Мен журналист болу үшін ең бақытты жылдарымды құрбан еткен жанкештімін. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтынан 3-курста кетіп қалдым. Қазақ мемлекеттік университетіне министрдің өзі ауыстыра алмай, бәрін қайтадан бастадым. Сөйтіп, тоғыз жыл дегенде көк дипломды алақанымда аунатқаным бейнет болып көрінген жоқ.
Көк желкендей сол диплом мені облыстық газет редакциясының айдынына түсірді. Шалқар айдында бәрі де бар екен, экономика да, экология да, әдебиет те, мәдениет те. Ақын қарасөзге қамшы салдырмайды екен, етектей газеттің жарты бетін толтырудың қиындығын сезген де жоқпын. Әліпті таяқ деп білмейтін қарт ақынды да, өлеңге икемі бар бала ақынды да жыр өлкесіне ұшырдым. Белгілі ақындардың кітаптарындағы менің қаламым тиген тұстар көзіме оттай басылатын.
Бірде “Ленин туынан” қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” кетіп қала жаздадым, “Лениншіл жас” газетіндегі эссемді оқыған Сағат Әшімбаев Қайырбек Асановты жұмсап, мені Алматыға алдыртқысы келді. Бірақ ауылдағы кәрі әке-шешем үйленбеген мені Алатау жаққа жібермеді. Мың жылда бір рет берілетін мүмкіндік – жүздеген ақындардың ортасына барып, топ ете түсуге Тәңірдің жазбағанын-ай!..
Десе де әрісі – “Ленин туында”, берісі – “Soltüstık Qazaqstan”-да жарты ғасырдай қаламымды тайпалтқаныма өкінбеймін. Осы газеттің қалың тарихының қақ жартысында қаламымның ізі қалған менің есімім де, еңбегім де ұмытылмас деп сенгім келеді.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.