«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Санаторийі жоқ солтүстікте шипажай есігін айқара ашпақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ем іздеген, денсаулығын сауықтырғысы келген өңір тұрғындары қа­зір көбіне еліміздің басқа өңірлеріндегі санаторийлерді таңдап жүр. Се­бебі солтүстікте бірде-бір шипажай жоқ. Петропавлдағы қос мекеме – “Солнечный” профилакторийі мен “Транссиб” санаторий-профилакторийі табиғаты әсем жерде орналаспағандықтан көпшіліктің барғысы келмейді.

Біздің өңір аумағында өзі­нің сұлулығымен, жасыл желе­гі­мен, таза ауасымен, емдік қасиеті мол суы және лайымен қазақстандықтар ғана емес, көрші елдердің, соның ішінде ресейліктер­дің арасында та­ны­мал са­на­торий болған. Қы­зылжар өңірінің інжуіне айнал­ған Шалқар-Имантау курорт­тық аймағында орналасқан “Нефтянник” деп аталған бұл санаторийдің құрылы­сы Шал­қар көлінің жағала­уында 1973 жылы баста­лып, тек алты жыл­дан кейін ғана пайдалануға бе­рілген екен. 4 гектардан астам ау­мақты алып жатқан емдеу-са­уықтыру орны соңғы жыл­да­ры қол­дан-қолға өтті. Мә­се­лен, 2000 жылы ол Көк­шетау мұнай базасына қа­рап, атауы “Шал­қар су” бо­лып өзгертілді. 2005 жылы Ішкі істер министрлігі са­тып алып, атауын “Арқа” деп өз­гертіп, оны ведомстволық са­наторийге айналдырды. Ши­пай­жай 2016 жылға де­йін осы ми­нистрлікке қара­ды. Иесі жиі ауыс­қандықтан сауықтыру ны­са­нына дұ­рыс күтім жасалма­ды, осы жылдар ішінде бір рет те күрделі жөн­деу жүргізіл­меген.

Шалқар-Имантау ку­рорт­­тық аймағы Қазақстанда ту­ризм дамытылуы тиіс ТОП-10 орын­ның тізіміне ен­ген. Осы­ған орай инвестор табылып, тоз-тозы шыққан шипажайды жаң­ғырту қолға алынған екен. Ны­сан жос­пар бойынша былтыр жаз­да пайдалануға берілуі тиіс еді.

“Шипажайда екі жатын кор­пусы, лаймен емдеу, ас­хана, әкімшілік ғимарат, же­ке қазан­дық пен хауыз бар. Барлық ғи­марат сапалы салынған. Ұң­ғы­ма, су желі­сі, орталықтанды­рыл­ған кә­різ жүйесі, электр қуатымен қамтылған.

Бір мезетте 120 адамды қабыл­дай алады. Емделіп, демалушы­ларға арналған 4 – люкс, 8 – жар­тылай люкс; 3 орындық – 12 бөлме; 2 орындық – 12 бөлме заманауи жи­һаздармен жарақтандырылмақ. Жөн­деу жұмысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта жаңадан қазандық салынды. Су желісі жаңғыртылып, екі жатын корпусқа жылу трассасы тартылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жақын­да асхана ғимаратына да жылу же­лісі тартылады”, – дейді облыстық кә­сіпкерлік және индустриалды-ин­новациялық даму басқармасы сауда және туризмді дамыту бөлі­мінің бас маманы Айя Қасьянова.

Инвестор шипажайды қалпына келтіруге бүгінге дейін 600 млн. тең­ге жұмсаған. Маманның айтуынша, ашылған кезде шипажайда физиотерапия, сумен емдеу, фитотера­пия, инемен емдеу сияқты бірқатар ем-дом көрсетілмек.

Өңір тұрғындары тарапынан са­наторлық-курорттық емге қажеттілік бар екені белгілі. Былтыр облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы арқылы мүгедектігі бар 952 адам еліміздің өзге өңірлеріндегі ши­пажайларда тегін демалып, денсаулықтарын шыңдап келген.

“Былтыр санаторлық-курорттық ем алу үшін мыңға жуық адамға 200 млн. теңге қаржы жұмсалды. Олар – негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл адамдар әлеуметтік қызметтер пор­талы арқылы оңалту қызметтері мен құралдарын бүгінде өздері таң­дап ала алады. Ол үшін қызмет алу­шының үйінде интернеті және электронды-цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Сол сияқты шипа­жайды да, баратын күнінде өздері таңдап, өтініш қалдырады. Тек қандай да бір өзгеріс болып, белгіленген күні бара алмай жатса, үш күн бұрын ес­кертуі керек. Тұрғындар Қазақстанның кез келген өңіріндегі шипажай­ды таңдауға құқылы”, – дейді об­лыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарла­ма­лар басқармасы мүгедектігі бар адам­дарды оңалту бөлімінің бас ма­м­аны Иван Ржевский.

Маманның айтуынша, биыл бюд­жеттен осы мақсатқа 242 млн. теңге бөлінген. 969 адам санаторлық-ку­рорттық ем ала алады.

Шалқар-Имантау курорттық ай­мағы базасында сауықтыру орны­ның ашылатынына қуанышты тұр­ғын­дар көп. Олардың дені санаторий ашыла салысымен сол жерге барып ем қабылдауды қалайды. Кейбірі еліміздің өзге аймақтарындағы шипажайларға жұмсалатын қаржы­ның өз өңірімізде қалатынына дән риза.

“Қызылжардың табиғаты ерекше. Ауасы таза. Өзге облыстарда тұ­ратын өкпе дертіне шалдыққан та­ныстарымның қатарында біздің өңі­рімізге арнайы көшіп келгендер бар. Биыл жаңа емдеу-сауықтыру орта­лығының ашылатынын естіп қуанып қалдық. Бізге бір шипажай аздық етеді. Болашақта олардың қатары молайса деген тілегіміз бар”, – дейді облыс орталығының тұрғыны Майра Әбушаріпова.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp